Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында 16 жастағы жасөспірім қыз екі сіңлісі мен бір інісін өрттен құтқарып қалды.
Өрт түн ортасында басталған. Оны жасөспірім қыз бала бірінші байқаған. Тұра сала өзі жатқан бөлменің терезесін сындырып, 5, 6 және 9 жастағы бауырларын бірінен соң бірін сыртқа алып шыққан. Басқа бөлмеде жатқан шешесін қою түтін арасынан таба алмапты. Кейін өрт сөндірушілер 37 жастағы келіншекті қолына телефон тұтқасын ұстаған күйінде сыртқы есіктің алдынан тауыпты.
– Шарафутдинов көшесіндегі №5/2 үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар Жәнібек аудандық өрт сөндіру қызметі кезекші-диспетчерлік бөлімінің пультіне 27 қазан күні сағат 02.12-де түсті. Өрт сөндірушілер екі пәтерлі үйдің екінші бөлігін қызыл жалыннан сақтап қалды. Алдын ала болжам бойынша өрт электр жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудан шыққан болуы мүмкін, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашев.
Төрт сағат ішінде өрт толық сөндірілді. Өрт сөндіруге 7 қызметкер, 2 арнайы көлік қатысқан.
Өкініштісі, балалардың анасы, 1983 жылы туған Аида Төлеуова түтінге қатты уланып қалған екен. Ауруханаға жедел жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болған. Отағасы жол құрылысында «КамАЗ» жүк көлігін жүргізеді, оқиға кезінде жұмыста болған.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жасөспірім қыздың жанқиярлық ерлігін мемлекеттік наградаға ұсынамыз деп отыр.
Батыс Қазақстан облысы