Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезі басталды.Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Алқалы жиынды Жоғарғы Сот және Қазақстан Республикасының Судьялар одағы ұйымдастырып отыр.
Қазақстан қазыларының бұл форумына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдік делегациялар қатысуда. Жиынға сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен 600-ден астам судья келді. Съезге Ресей, Молдова, Украина, Қырғызстан және Грузия Жоғарғы соттарының делегациялары шақырылған. Мұның сыртында Біріккен Араб Әмірліктерінен, Сауд Арабиясынан, Германиядан шақырылған қонақтар, ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, Европалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының және Еуразиялық Экономикалық Сотының судьялары бар.
Съездің күн тәртібінде Мемлекет басшысының 2009 жылғы съезде белгілеген міндеттерінің жүзе асырылу барысын талқылау, сот ісін жүргізудің өзекті жәйттерін қарау, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі кезіндегі сот жүйесінің рөлін айқындау мәселелері қаралатын болады. Қатысушылар сот төрелігінің тәуелсіздігі, сот құрылысын жетілдіру, құқық қорғау механизмдерін жетілдіруде соттардың рөлі, соттардың ашықтығы мен қолжетімділігі, сондай-ақ судья кадрлардың кәсіби және адамгершілік деңгейін арттыру мәселелерін талқыға салады. Съезде сот жүйесінің имиджін көтеру туралы, судьялар қоғамдастығы органдарын дамытудың перспективалары, судьялардың әлеуметтік кепілдіктері және басқа да мәселелері туралы сөз қозғалады.
Жұмыс қорытындысы бойынша Съезд қаулысы қабылданатын болады.
Судьялар съезі Қазақстан Республикасы Судьялар одағының жоғары органы болып табылады. Қазақстанның Судьялар одағы 2011 жылдан бастап Халықаралық судьялар қауымдастығының толыққанды мүшесі. Съезд мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен 4 жылда 1 рет өтеді.
Сәкен Майлыбай.