• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Оқиға 02 Қараша, 2020

Руханият қолдаушысы (Зейнолла Сәнік атындағы кабинетке 60-қа тарта қаламгердің кітабы тарту етілді)

352 рет
көрсетілді

Биыл белгілі қаламгер, этнограф, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, түрлі тақырыпта жазылған 15 томдық кітаптың авторы Зейнолла Сәніктің туғанына 85 жыл.

Халқына мол рухани байлық қал­дырған жазушының мерейтойына орай «Зейнола Сәнік атындағы мәдениет қо­ры» игілікті іс-шаралар атқарып отыр. Атап айтқанда, қаламгердің ата қонысы Үржар ауданының Қабанбай ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен «Зейнолла Сәнік атындағы әдебиет кабинеті» ашылды. 3 миллион теңгеге заманауи үлгіде жабдықталған арнайы кабинетке 60-қа тарта танымал ақын-жазушылардың кітаптары сыйға тартылды. Сонымен қатар Қабанбай ауылындағы екі мек­тептің әлеуметтік аз қамтылған ең үздік, талантты 7 оқушысына ынталандыру ретінде 50 000 теңгеден шәкіртақы берілді. Алдағы уақытта да мектептің талантты оқушыларына тұрақты түрде қолдау жасала бермек. Яғни оқушылар арасында олимпиада мен ғылыми жобалар байқауын өткізу және үздік мектеп түлегінің жоғары оқу орнында сұранысқа ие мамандық бойынша білім алуына көмектесу көзделген. Тағы бір атап өтерлігі, індет өршіген тұста мәдениет қоры Қабанбай ауылдық ауруханасына 3,5 миллион теңгеге 6 дана оттегі аппараты мен арнайы медициналық төсек алып берді. Сонымен қатар қор Тарбағатай аудандық ауруханасына да 3 оттегі аппаратын жеткізді.

Заманауи үлгідегі әдебиет кабине­тінің ашылуына Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, танымал ақын Ақберен Елгезек, Үржар ауданы әкімінің орынба­сары Біржан Қадірұлы, аудандық іш­кі саясат, білім бөлімнің мамандары, ауыл­ ақсақалдары, ақындар мен ұстаздар ақ батасын беріп, тілектестігін білдірді.

Ауылдың рухани өміріне қан жү­гіртіп, әдебиет пен өнерді дамытуға үзбей үлес қосып келе жатқан мәдениет қоры­ның тағылымды іс-шарасы Үржар аудан­дық мәдениет үйінде жалғасты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ақын Ақберен Елгезектің Алматы мен Нұр-Сұлтанда жоспарлап өтпей қалған «Болмаған балалық шақ» кітабының таныстырылымына арналған шағын әдеби кеш өтті. Ақынның өлеңдері оқылып, өле­ңіне жазылған әндер шырқалып, оқыр­­ман көкейіндегі сұрақтарға автор­дың өзі жауап берді. Сондай-ақ талант­ты 3 өнерпазға қор атынан арнайы шәкір­тақы берілді.

Қордың қолдауымен қос ақын Ақбе­рен Елгезек пен Дәулеткерей Кәп­ұлы­­­ның 100 кітабы Үржар кітапханала­рына жол тартты.

Таяуда ғана «Зейнолла Сәнік атын­дағы мәдениет қорының» жүлдесі үшін астаналық БАҚ өкілдері арасында ш­ағын футболдан мерейтойлық турнир өткізілген еді. Аталған спорттық шара 31 қазанда Алматыда жалғаспақ. Оған БАҚ өкілдері мен қатар ақын-жазушы­лар да қатысуға ниет білдіріп отыр.

Иісі қазаққа игілігі жететін жақсы істердің ұйытқысы болып келе жатқан «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» бұған дейін зерттеушілер мен қаламгерлердің кітабының шығуына қолдау жасады. Алакөлде ақындар айтысы, Алматыда оқушылар арасында «Ділмар» шешендік өнер байқауы, Оралда батыс аймақтық жыршы-терме­шілер фестивалін өткізуге демеу­шілік жасап ұйытқы болды. Алдағы уақытта да мәдениет қорының мәнді-мазмұнды шаралары жалғаса бермек.