Елордада карантин талаптарын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшір мобильді топ рейдтері жалғасуда, деп хабарлайды Egemen.kz
Ережелерді елемейтіндерді полицейлер, еріктілер, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, аудандық әкімдіктердің өкілдері анықтайды.
26 қазан мен 1 қараша аралығында мобильдік топтар Алматы ауданында – 61, Байқоңыр ауданында – 49, Есіл ауданында – 57, Сарыарқа ауданында 33 бұзушылықты тіркеді.
Тексерушілер атап өткендей, бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған бірқатар ШОБ субъектілері бұзушылықтарды қайталаған. Жиі кездесетіндері: ұжымдық және отбасылық мерекелерді өткізу, жұмыс режимін сақтамау. Мәселен, 30 қазанда сағат 23:37-де "БХБ" түнгі клубына полицейлер жүргізген тексерісте 500-ге жуық адам болған.
"Келген клиенттер мен қызметкерлер жасырын қаламыз деп үміттеніп, ішті жауып алған. Клубта жарты мыңдай адам көңіл көтерген және ешкім бетперде мен әлеуметтік қашықтықты сақтамаған", дейді полиция қызметкерлері.
31 қазан күні "Шаңырақ" мейрамханасында той өткізілді. Мерекеде 60 адам болған. Сол күні сағат 23:41-де мобильді топ санитарлық нормаларды бұза отырып, жұмыс істеген "Quartet" караоке-клубын анықтады. Клубқа 80-ге жуық адам келген. Сондай-ақ, мобильді топтар "Салем" базарына қатысты материалдар жинады. Бас санитарлық дәрігердің бұйрығына қарамастан, әкімшілік демалыс күні базарды ашып қойған.
Автокөлік жуу орындарына,тігін шеберханаларына және басқаларға да ескертулер жасалды. Барлық деректер бойынша материалдар Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
1 қарашадағы жағдай бойынша аудандық полиция басқармаларынан 1781 материал келіп түсті. 779 жеке және заңды тұлғалар жалпы сомасы 161 727 378 теңге болатын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінде жалпы сомасы 129 781 525 теңге болатын 613 әкімшілік айыппұл төленді.