Қолымызға басылым басшысының атына «Хамыстханов» шаруа қожалығының (шындығында ЖШС) сенімді өкілі Теміржан Дыбысовтың: «Сізден сүйікті газетіміздің кезекті санында «Созбалаң соңы – дорбалаң» атты мақаланы жариялауды сұраймын» деген хат келіп түсті. Соңына «Тілші» деп қол қойылған мақала екі беттен тұрғанымен, қосымша деректер елу беттен асады. Осыларды оқып шығу барысында біршама түсініксіз жағдаяттар бой көрсеткендей еді.
Қолымызға басылым басшысының атына «Хамыстханов» шаруа қожалығының (шындығында ЖШС) сенімді өкілі Теміржан Дыбысовтың: «Сізден сүйікті газетіміздің кезекті санында «Созбалаң соңы – дорбалаң» атты мақаланы жариялауды сұраймын» деген хат келіп түсті. Соңына «Тілші» деп қол қойылған мақала екі беттен тұрғанымен, қосымша деректер елу беттен асады. Осыларды оқып шығу барысында біршама түсініксіз жағдаяттар бой көрсеткендей еді.
Алдымен, дәл осы хатта айтылған фактілер «Егемен Қазақстанның» 2010 жылдың 2 маусымындағы санында (2006 жылы емес) Қарағанды облысындағы әріптесіміз Айқын Несіпбайдың «Қақпақыл» атты мақаласында тәптіштелген. Мұнда сөз саптау өткен шақпен өрбіп, бұрын сотты болған (бұл мәселеге қатысы жоқ) Батыр Серікұлы деген азаматтың «Хамыстханов» ЖШС жерлерін жалған құжаттармен кепілдікке қою арқылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау» қорынан ірі көлемде қаржы алғаны, сондықтан кепілге қойылған жердің құжаттарын жарамсыз деп тану қажеттігі баяндалады. Қолымыздағы хатты негізге алсақ, Қарағандыдан жазылған мақаланы түгел қайта басып шығуымыз керек екен. Әрине, олай болмайды. Себебін Т.Дыбысовтың өзі мақаладағы мынадай бәтуалы сөзімен бекітіп қойған: «Әйткенмен де әділдікке жетерімізге сендік. Ол ақталды».
Ағамыз рахметін айтып отырып, қайтадан неге хат жазды екен? Әдетте, қуынған адамның міндетті түрде бір нәрсеге көңілі толмай қамығатыны бар. Сондықтан, тағы да шағымды шаңдай бораттыңыз деп ешкім айта алмайды. Қамықпау үшін мәселені дұрыс қоя білу керек. Біз осыдан 12 жыл бұрын әп-әдемі басталып, қайшылықтармен тұманданып тұрған жағдайдан сәуле іздеп көру мақсатымен Қорғалжын ауданына аттанғанбыз.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Баешев қолын қойып, мөрін басқан екі беттік түсініктемесінде былай дейді: «2001 жылы аудан әкімі Сағдан Төлебаевтың кабинетіне шақырылдым. Бұрын «Қорғалжын» совхозының бас инженері болып істеген, қазір Жезқазған жағында тұратын танымал азамат Богдан Хамыстханов ауданымыздан жер сұрап, халыққа жұмыс беремін деген өтінішін айтты. Баршамызға танымал, абыройлы ақсақалдың қадамына қуандық. Ол кезде біздегі егістік мөлшері 30-35 мың гектар болды. Оны игеретін, инвестиция салатын кәсіпкер керек еді. Сөйтіп, қолданыстағы заң шеңберінде Б.Хамыстханов басқаратын «Авиа компания Шах Эйр» ЖШС-іне («Хамыстханов» ЖШС бұрынғы атауы) 19114 га. жер телімі берілді. Бұл шешімді 2002 жылы аудан прокуроры заңсыз деп тапқан. Б.Хамыстханов қарсылық көрсеткен жоқ. Қайта, Жантеке ауылындағы ХПП-ны сатып алып, жұмысшыларға үй берді. Кейін, 2004 жылы кәсіпкер аудан әкімі Айтмағамбет Мұқышевтан егістік жер сұрады, ол қанағаттандырылды. Бір күні Б.Хамыстханов қасына бір жігітті ертіп келді, бұл Батыр Серікұлы, осы «А/к Шах Эйр» басшысы болады, – деді ақсақал. Сосын жаңағы Батыр Серікұлы сөмкесінен «А/к Шах Эйр» барлық құжаттарын алып шықты. Мен ол құжаттарды тіркедім. Тағы бір жер учаскесінің құжатын, екінші учаскеден бас тартқан арызын мен жоқта әкеліпті. Оны бас маман Салтанат Өтегенова (оған құқығы бар) тіркеген».
Міне, бәрі де орын-орнымен, жүйе-жүйесімен келе жатқан жұмыс болып көрінді бізге. Кеңседе, көшеде тілдескен кісілеріміздің сөздерінен Богдан Хамитұлының абыройлы жан болғандығын аңғардық. Байқауымызша, жағдай Хамыстханов қайтыс болғаннан кейін күрт өзгерген. Қорғалжын ауданынан бөлінген жерге 6-7 жыл бойы егін егілмей, арамшөп басып тұрады. Содан аудан әкімі Сұлтан Қасенов 2009 жылы аудандық сотқа талап-арыз түсірген. Бірақ, жер телімі кепілдікте тұрғандықтан ол қанағаттандырылмайды. Жекеменшік иелігіне қол сұғылмайтындықтан, енді аудандық жер қатынастары бөлімі Хамыстхановтың мұрагер ұлы Хусен Богданұлын іздеп, Жезқазғанға барған. Жоғарыда «түсініксіз» дегеніміз осы жерден көлбеңдейді. «Хамыстхановтың баласы ұстатпай, Қарағандыға кетіп қалдым деді, – деп жазады бөлім басшысы Д.Баешев түсініктемесінде. – Ұялы телефон арқылы осында кел деді. Қарағандыға жетсем, Астанаға кетіп қалдым дейді. Астанадан телефон шалсам, ұялы телефоны сөндірулі. Оның кім екенін, түрі қандай екенін де білмеймін».
Аудан осы 2009 жылы өз мақсатында ұзақ мерзім пайдаланылмаған 33000 гектар жерді сот арқылы мемлекетке қайтарып алған. Бірақ, «Хамыстханов» ЖШС жері сол қалпында тұр. «Авиа компания Шах Эйр» құжаттарының бәрі, жер қатынастары бөлімінің актілерді тіркеу кітапшасы да қаржы полициясының қолында. Т.Дыбысовтың хатында көрсетілген «Алнет», «Мелеард», «Туран Мүслім» ЖШС мен «Әлиев» шаруа қожалығы Қорғалжын ауданында тіркелмеген. Сондықтан, Батыр Серікұлының атынан жерді кепілдікке қойып, жоғарыда аталған құрылымдар арқылы «Даму» қорынан қаржы алуға қатысты мәселені сот қарап, шешетіні түсінікті. Оның үстіне, «Даму» қорымен жасалған қаржылық операциялар Алматы, Астана қалаларында іске асырылған. Жер Ақмола облысының Қорғалжын ауданында болғандықтан, бұл мәмілелерді осы ауданның әділет органы тіркейтіні белгілі.
«Даму» демекші, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қауіпсіздік департаментінің директоры Н.Ипмағамбетов 2001 жылдың 19 сәуірінде Т.Дыбысовқа жауап хатында: «Так как, возглавляемое Вами ТОО «Хамыстханов...» деген сөздер қолданылатыны тағы да түсініксіз. Оның үстіне, Қарағанды облыстық соты 2012 жылғы 2 қарашадағы қаулысында Батыр Серікұлының «Даму» қоры алдындағы қарызын толық өтегендігі айтылады.
Бір қызығы, тәжірибелі заңгер Т.Дыбысов Қорғалжын аудандық сотында, 2013 жылғы ақпан мен тамыз айларындағы процесс барысында сот төрайымына өз қолымен өтініш жазып, екі ретте де істі қараусыз қалдыруды сұраған. Осыған қарап-ақ, «Созбалаң соңы – дорбалаң» деп өзі айтқандай, ұзақ жылдар бойы қордаланған іс тиісті шешімін таппай, ешқандай «дорбаға» сыймайтындай түрі бар. Мұндағы себеп, дер кезінде қимылдамай, уақыттан ұтылудың, көптеген жағдайлардың көмескіленіп бара жатқандығында болса керек. Бұған қосымша, мәселені нақты қойып, қуынған іске құқық қорғау органдарының назарын қайта аударып, оны қылмыстық іс алқасында қараған дұрыс болады деген ой келеді. Әрине, бұл әркімнің өз еркі.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.