• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қараша, 2020

Алдап-соғудың амалы көп

747 рет
көрсетілді

Интернет желісі әлемді өрмекшінің торындай шырмаған сайын одан келер қауіп те көбейіп барады. Әсіресе, азаматтардан айласын асырған интернет-алаяқтық тыйылар емес. Қаражатты жымқырып, қалта қағудың айла-шарғысын кәсіпке айналдырғандардың саны артып барады. Осы жылдың өзінде полиция қызметкерлері интернет алаяқтыққа қатысты 1700 қылмыстың бетін ашып, 400-ге жуық заң бұзушыны қамауға алыпты.

Бүгінде ел аумағында жасалатын қыл­мыс­­тық құқықбұзушылықтардың 10%-ға жуы­ғы алаятық фактілеріне қатысты болып отыр. Ақпараттық технология мен интер­нет­те­гі қаржылық операциялардың үлесі арт­қан сайын интернет-алаяқтың да саны артып келеді. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегендей, қылмыс аясы кеңейген са­йын оның алдын алуға барын салатын құқық қор­ғау органдары да барынша бейімделе түс­ті. Мәселен, криминалдық полиция құ­ры­­­лымында қылмыстың нақ осы түрімен кү­­рес жүргізетін арнайы бөлім бар. Ендеше, интернет-алаяқтықтан зардап шеккендер санын қысқарту үшін қандай қадамдарға бару қа­жет? Осындай қылмыстың құрбаны болмас үшін қарапайым азаматтар нені білгені дұ­рыс?

«Барынша көп таралған интернет-алаяқтық туралы айтайын. Жыл өткен сайын әлемде жо­ғары технологиялар үсті-үстіне енгізіле тү­суде. Тиісінше, азаматтардың жеке мәлі­мет­тері де киберорталарда қолжетімді бола бас­тады. Мұндай жайттар интернет-алаяқ­тардың да қызығушылығын туғызбай қой­май­ды. Кейінгі үш жылда қылмыстың осы түрі екі есе артқан (4000-нан 8000-ға) . Биыл еліміздің құқық қорғау орган­дары интернет-алаяқтыққа қатысты 1700 қыл­мыстың бетін ашып, 400-ге жуық заң бұзу­шы­ны қолға түсірді», дейді Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары, по­лиция полковнигі Ерлан Омарбеков.

Оның айтуынша, мұндай қылмыстардың басым көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Себебі қылмыс жасалған кезде жапа шегуші мен заң бұзушының мекенжайы әртүрлі аймақта орналасады екен. Тіпті кей кездері өзге мемлекеттерде де тұрып жатады. Алайда интернет-алаяқтың құрбаны болған тұл­ға­лардың көбісі құқық қорғау органдарына арызданбайтын көрінеді. Көп ақшадан айы­рыл­маған соң, тәртіп сақшыларына хабарлау­ды жөн санамайды. Кейбір жағдайда алаяқ­тардың торына түскендерін де біле бер­мейді. Мұндай жайттар өз кезегінде қыл­мыс­кер­лер­ді анықтап, жауапқа тартуға көп кедергі кел­тіреді.

Бұл кезде алаяқтар белгілі бір жайттарға тез бейімделе бастайды. Құрбандарын құ­рық­­қа түсірудің түрлі тәсілдерін, айла-шар­ғы­ла­­рын жетілдіре түседі. Алдап соғудың өзге де амалын іздестіріп, түрлі бағдарламалар жасай­ды. Мұндай қылмыстардың ішін­де көп қай­таланатындар да бар. Заңбұзу­шы­лық­тар­­дың кең тараған түрлері мен тәсілдерін полиция қызметкерлері де жақсы біледі. «Мә­се­лен, алаяқтар интернетте қандай да бір та­уарды сату немесе қызмет көрсету туралы жарнама орналастырады. Яғни алаяқтар құр­бандарын тауардың төмен бағасымен, қол­жетімділігімен қызықтырады. Бұдан соң қылмыскерлер тауардың 50%-ын алдын ала төлеуді ұсынады. Төлем жасалғаннан кейін іске есепшот тіркелген үшінші тұлға араласады. Ақшаны алған соң жапа шегушіге қандай бір мәселелер туындағанын, тауардың басқа елде екені, оны елге жеткізу керегін айтады. Кейін телефон нөмірі өшіріліп, тауар да жоқ болады. Осылайша, алданып қалған адамдар зардабын өздері ғана тартуға мәжбүр», дейді Е.Омарбеков.

Соған қарамастан полиция қылмыс­кер­лер­ге қарсы күрес жүргізуді, заң бұзушыларды іздес­тіруді, қолға түсіруді жалғастырып ке­ле­­ді. Мәселен, жуырда құқық қорғау орг­дан­­дары осындай заң бұзушылыққа барған төрт адамды қамауға алыпты. Олар алданып қал­ған азаматтарға автокөліктің қосалқы бөл­шек­­­терін жеткізіп береміз деп уәде берген кө­рінеді. Бүгіннің өзінде аталған қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 17 эпизод дәлелденіп отыр. Тергеу амалдары әлі де жалғасуда.

«Үшінші тұлғаларға несиені онлайн рә­сім­­деу дерегіне де тоқталғым келеді. Бұл заңбұзушылық кезінде алаяқ интернет-дү­кен сатушысын тауып, қандай да бір тауар түріне алдын ала төлем жасау қажеттілігін ес­­кер­те­ді. Өз кезегінде қаражатқа барынша жыл­дам кенелгісі келген сатушы оған жеке де­рек­­терін, ЖСН, банктегі есепшот нө­мір­ле­­рін бе­реді. Қылмыскер оны тиімді пайда­ла­нады. Алаяқтар осы деректер арқылы сату­шының атына несие рәсімдейді», дейді Е.Омарбеков.

Криминалдық полиция департаменті бас­ты­ғының орынбасарының айтуынша, елі­міз­де жеке мәліметтерді пайдалану оқи­ға­лары соң­ғы кезде жиілеп кеткен. Мәселен, алаяқ­тар өзін банк қызметкері ретінде таныс­ты­рып, клиенттің картасында күмәнді операция жүргізілгенін айтады. Осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артқы жағындағы 3 таңбалы санды айтуын сұрайды. Алаяқтық туралы ой­лап үлгермеген адам оған тиісті мәліметті береді. Кейін алаяқ тағы да хабарласып, мә­се­­ленің шешілгенін айтады. Соңында қыл­мыскер интернет-банкинг арқылы жапа шегу­ші­нің есепшотындағы ақшаны шешіп алады.

Енді бір жағдайларда алаяқ кез келген нө­мір­ге қоңырау шалып немес смс хабарлама жіберіп, тұлғаның қандай да бір конкурс­та жеңіске жеткенін жеткізеді. Арнайы сыйлық таға­йындалғанын да айтады. Әрине, кез кел­ген алаяқ мұндай әрекетке бара алмайды. Ол үшін қылмыскерлер мұқият дайындалатын кө­рінеді. Адаммен қалай сөйлесу керегін мең­гереді. Ең алдымен алаяқтар өз құр­ба­ны­ның қай қалада не болмаса елді мекенде жүргенін сұрап-біледі. Мәселен, болашақ жапа шегуші Петропавлда болса, сыйлықты Ал­матыдан алып кету керектігін айтады. Ал­дан­ған адам уақыты жоғын түсіндіргенде айлакер сыйлықты ақшалай алуға болатынын жеткізеді. Ол үшін алдымен жеке мәліметтерді айту керек болады. Міне, қылмыскерлер өз құр­бандарының мәліметтеріне осындай жолмен қол жеткізуді де меңгеріп алыпты.

Интернет-алаяқтық арқылы қалта қағудың енді бір айла-шарғысы – тиімді салым. Қыл­мыс­керлер жылдам әрі көп пайда табудың жолын нұсқап, әлеуметтік желілерде жарнама орналастырады. «Әлеуметтік желіде алаяқтар букмекерге ақша тігіп немесе биржаға ақша салып аз уақыт ішінде пайдаға кенелуге болатыны туралы жарнама береді. Алаяқтар спорттық шаралардың нәтижелері туралы алдын ала қандай да бір ақпаратқа иелік ете­тін­де­рін немесе ірі әрі танымал ком­па­ния­лардың биржадағы акцияларының құ­нын білетінін айтып, сендіруге тырысады. Өз кезегінде адам­дар да оларға өз ақшасын сеніп тапсырады. Соның салдарынан алаяқтың әре­кеті өз нә­ти­жесін береді», дейді полиция пол­ковнигі.

Оның айтуынша, қылмыскерлер мұндай әрекеттерді асқан ептілікпен жасайды. Олар­дың басты мақсаты – қаражатқа кенелу. Тә­жірибе көрсетіп отырғандай, бір қыл­мыс­кер­дің соңында мұндай бірнеше қыл­мыс­тық тізбе қоса еріп жүреді. Айлакерлер түрлі банк есепшоттарын, пластикалық карта­ларды, абонеттік номерлерді үшінші тұл­ғаларға тіркейді. «Интернет-алаяқтықтың құр­баны болмау үшін ең алдымен жеке мәлі­меттерді ешкімге бермеу керек. Карта нө­мірін, құпия сөзді айтуға болмайды. Тек­се­ріл­меген, күмәнді ақпарат көздеріне сенбеу қажет. Бүгінде қандай да бір ұйым немесе ком­пания туралы мәліметті интернет арқылы тез тек­серуге болады. Сондықтан қаражат ауда­­ру, мәлімет беру кезінде асығыстыққа бар­­ма­ған жөн. Зерттеп, тексеріп алмай та­уар­­ға алдын ала төлем жасаудың керегі жоқ. Жал­ған жарнамаға сене беруге болмайды. Бей­не­қо­ңырау шалу арқылы тауардың бар-жо­ғын анықтап алған дұрыс», дейді Е.Омар­беков.

Сондай-ақ құқық қорғау органы қыз­мет­керінің айтуынша, күмәнді келісімдер кезін­де ақша аударудың керегі жоқ. Қаржы алаяқ­та­ры­нан барынша сақ болу қажет. Сақтық шараларын бірінші орынға қоюды ұмытпаған жөн. Құпия сөзді үнемі ауыстырып отырған да артық етпейді. Бұл қадам жеке мәліметті басқа адам пайдаланбауы үшін керек.

Мұны неге айтып отырмыз? Себебі жеке мә­лімет берудің кесірі көп жағдайда ірі көлем­де­гі қаржылай шығынға батырады. Мәселен, Түркістан облысында Айгүл Үсен­бекова есім­ді азаматша «Evolution Corporation» интер­нет дүкенінің атын жамылып, мыңдаған адам­ның қаражатын қалтасына басқан болатын. Бұдан хабардар болған құқық қорғау органдары қылмыскерді ғана емес, осы компанияның құ­рылтайшыларын да қамауға алды.

Түркістан облысының полиция де­пар­та­менті аталған компанияның жұмы­сы­на қа­тыс­ты тергеу амалдарын бастапты. Қыл­мыс­тық кодекстің 217-бабы аясында «қаржы пира­ми­дасын ұйымдастыру» фактісі бойынша қыл­мыстық іске тергелуде. Пирамида құруға қаты­сы бар барлық тұлғалар анықталыпты. Алаяқтардың кесірінен 800-ге жуық азамат зардап шегіп, келтірілген залал көлемі 1 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр. «Кибер алаяқтыққа қатысты барлық материал құқық қорғау органдарындағы тергеу бөлімшелерінде қаралады. Ішкі іс­тер министрлігінің құрылымында кибер қыл­­мыспен күрес жүргізетін орталық бар. Рес­пуб­­ликалық маңызы бар ірі қалалар мен облыс орта­лықтарында бөлімдер мен арнайы топтар қызмет атқарады. Олар осындай қыл­мыс түр­ле­ріне қатысты тергеу амалдарын жүр­гі­зе­ді. Интернет-алаяқтарды әшке­ре­лей­ді», дейді Е.Омарбеков.

Төтенше жағдай кезінде елімізде табыс кө­зінен айырылған азаматтарды қолдау мақ­са­тында 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілгені белгілі. Төтенше жағдай режімі аяқталғаннан кейін әлеуметтік кө­мек­тік те тоқтаған болатын. Алайда адам­дар­дың сенімін пайдаланып, тағы да 42 500 теңге беріледі деп хабар таратып жатқан интернет-алаяқтар бар көрінеді. Бұл жайтты құқық қор­ғау органдары да растап отыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында осындай қылмысқа барған 3 азамат қамауға алыныпты. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Иә, еліміздің құқық қорғау органдары жыл басынан бері жасалған 8000-ға жуық ин­тернет-алаяқтықтың тек 21%-ын (1700 қылмыс) ғана аша алды. Оның өзіндік себебі де бар. «Интернет-алаяқтықты әшкерелеу аса қиын жұмыс. Қылмыскерлер жасырын әрекет етудің тәсілдерін әбден меңгеріп алған. Жал­ған телефон нөмірлерін, жалған сер­вер­­лерді пайдаланады. Көп жағдайда бізге мұндай алаяқтарды қолға түсіру үшін интернет-провайдерлер орналасқан АҚШ, Ресей, Қытай, Германия елдеріне халықаралық сұраныс жа­саймыз. Сондықтан мұндай процестер өте ұзақ жүреді. Көп уақыт кетеді. Әрине, қыл­мыс­тың тез ашылғанын біз де қалаймыз. Заң бұзу­шылыққа барған тұлғаларды тездетіп қа­мау­ға алғымыз келеді. Бүгінгі цифрландыру жұ­мысының қарқынына қарап болашақта мұн­дай қылмыстардың беті жедел ашылады де­ген сенімдемін», дейді Е.Омарбеков.