Республика тұрғындары мен білім беру саласының өкілдері елеңдей күткен қабырғалы құжаттың бірі «Педагог мәртебесі туралы» заң еді. Олардың ой-тілектері іске асырылып, республикамызда осы аталған заңның қабылданғанына да бір жылға таяп келеді. Кез келген заң орындалуымен құнды екені хақ. Осы орайда аталған заңның жүзеге асырылуы туралы ой қозғауды жөн көрдік.
Бұл бағытта ең алдымен айтарымыз, қолданысқа енгізілген заң төрт бағытты қамтығаны. Біріншіден, педагогтердің құқықтарын кеңейтуге және оларды өздеріне тән емес жұмыстардан босатуға, оның есесіне жүктемесін кеңейтуге басымдық берілген. Сондай-ақ мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Бұған қоса материалдық емес ынталандыру тетіктері мен материалдық тұрғыдан ынталандыру заңның маңызын арттыра түсті. Қазіргі қолда бар деректер Білім және ғылым министрлігі аталған заң аясында бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттар (НҚҚ) әзірлеп іске қосқанын көрсетеді. Соған сәйкес біріншіден педагогтер тарапынан жүргізілетін іс-құжаттарды мейлінше оңтайландыра түсу көзделген. Әрі шамадан тыс есептілікті азайтуға көңіл бөлінген.
Екіншіден, іске қосылған НҚҚ-да педагогтерді материалдық жағынан қолдау шаралары нақты көрініс тапқан. Айталық, елімізде педагогтердің жалақысы биылғы жылдың басында 25 пайызға өскені мәлім. Бұған қоса алдағы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да осыншама көлемде өседі деп күтілуде. Соның ішінде магистранттарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемеақы төленеді. Ғылым кандидаттары 17 және ғылым докторлары 34 АЕК көлемінде айлық алады. НҚҚ-ға сәйкес сынып жетекшісіне және дәптер тексеруге төленетін қосымша ақы да екі есеге өскені материалдық тұрғыдан әжептәуір қолдау екені кәміл.
Сонымен бірге тәлімгерлік қызмет атқарғандар да құр қалмайды. Оларға қосымша 17697 теңге төленеді. Бұған қоса НҚҚ-да үздік ұстаздарды көтермелеу, соған сәйкес оларға сыйақылар беру жағы қарастырылған. Сонымен бір мезгілде марапаттау мен әлеуметтік қолдау шаралары белгіленген. Бұл ретте педагогикалық шеберлігі қосымша ақысы барлық педагогтерге лауазымдық жалақының 30 пайызынан 50 пайызға дейінгі мөлшерде төленетіні де «Педагог мәртебесі туралы» заңның тигізген шапағаты деп түсінгеніміз жөн. Тек қосымша ақының бұл түрі аттестаттаудың нәтижесі бойынша төленетінін ескерген жөн.
Кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде бұған дейін мұғалімдер мен педагогтердің құқықтары өз деңгейінде қорғалмай қалған жағдайлары жиі кездескені белгілі. Мұндай жайттар олардың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету кезінде де орын алғаны мәлім. Айталық педагогтерді кәсіптік қызметке тән емес жұмыстарға тарту заңды белден басу екені айтпаса да түсінікті емес пе? Сондай-ақ педагогтер қызметіне негізсіз тексерулер жүргізу ісі де жалғасып келгені мәлім.
Жаңа заңда оның бәріне тыйым салу арқылы жеке нормалар қарастырылған. Яғни осы аталған нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзылуының субъектісіне байланысты 20-120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Мысалы, Ақтөбе облысында жоғарыда айтылған жайттар шеңберінде білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне «Педагог мәртебесі туралы» заң талабы бұзылып, ата-ана мұғалімнің іс-әрекетіне заңсыз араласып, оның кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін педагог тарапынан арыз-шағым түскені жөнінде аталған департамент басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталина хабарлады. Соған сәйкес департамент тарапынан жүргізілген тексерулер қорытындысында педагогтің жазған шағымы толықтай расталып, ата-анаға 30 АЕК көлемінде, яғни 84 340 теңге айыппұл салыныпты.
Тұтастай алғанда білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Ақтөбе облыстық департаменті тарапынан педагогтердің құқықтарын қолдау мен мәртебесін арттыру жөніндегі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіле бастағаны айқын аңғарылады. Бұл іс өз кезегінде олардың өз ісіне деген құлшынысы мен ынта-ықыласын көтеруге әрі кәсіби тұрғыдан толыға түсуіне алғышарт қаламақ. Білім беру сапасы тек осындай жағдайда ғана толыққанды бола түсетіні анық.
Сөз жоқ, баршаға ортақ заң талаптары мен нормалары ешкімге артықшылық бермейді әрі ешкімді орынсыз кемсітпейді. Бұл ретте «Педагог мәртебесі туралы» заңның педагогтердің әдеп-нормаларын да қоса қарастырғаны оның тағы бір өміршең өзгешелігі болмақ. Қазіргі кезде жоғарыда айтылған заң аясында бекітілген нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес еліміздегі білім беру ұйымдары жанынан педагогикалық әдеп кеңестері құрылғаны да – қолдауға әбден тұрарлық іс.
Жасыратыны жоқ, білім мен тәрбие беру ісі кезінде педагогтер тарапынан да әдеп нормаларының бұзылу деректері кездесіп қалады. Мұны ақтап алуға мүлдем келмейтін оғаш қылық деуге әбден болады. Осы орайда педагогтер өз құқықтарының қорғалуын талап етіп қана қоймай, сонымен бірге өз тараптарынан әдеп нормаларының сақталуын ұдайы назарында ұстаса, моральдық білім болмыстары одан әрі биіктей бермек.
Түйіп айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында Парламент қабырғасында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның аясы өте кең екенін айта кеткеніміз жөн. Оны жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының және білім беру ұйымдарының өкілдері қоян-қолтық өзара бірлесе отырып жүзеге асыратын болса, заңның орындалуы да соғұрлым нәтижелі болары талассыз.
АҚТӨБЕ