Сапалы жол жайы республика тұрғындары секілді солтүстікқазақстандықтарды да қатты толғандырары анық. Өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 9 мыңдай шақырымға созылса, 1500 шақырымы республикалық, 2400 шақырымы облыстық, 5000 шақырымы аудандық маңызға ие. Олардың жартысына жуығы ғана асфальтталған. Қалғандары көтерме және қиыршық тасты жолдар саналады. Бұған көп бөлігінің күрделі жөндеу көрмегенін қоссақ, шетін проблемалардың жетіп артылатынын байқауға болады. Әсіресе, жолаушылардың жауынды-шашынды және боранды күндері шалғайдағы елді мекендерге қатынаудың азабын қатты тартып жүргені жасырын емес. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы әлеуметтік жаңғырту үдерістерін одан әрі жүйелі жалғастыруды атап көрсетіп, нақты тапсырмалар беруі алдымен ауылдықтардың қамын ойлаудан туған игі шара болса керек. Бұл орайда, жолдарды қалыпқа келтіру түйіні жүйелі түрде шешілетін маңызды әлеуметтік мәселе ретінде назарда ұсталғаны қуантады.
Иә, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтарын байланыстыратын күре жолдардың қазіргі ауыр ахуалы айтпаса да түсінікті. Біз облыстық автомобильдер жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бейбіт ИСМАНОВҚА жолығып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып беруін өтінген едік.
Сапалы жол жайы республика тұрғындары секілді солтүстікқазақстандықтарды да қатты толғандырары анық. Өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 9 мыңдай шақырымға созылса, 1500 шақырымы республикалық, 2400 шақырымы облыстық, 5000 шақырымы аудандық маңызға ие. Олардың жартысына жуығы ғана асфальтталған. Қалғандары көтерме және қиыршық тасты жолдар саналады. Бұған көп бөлігінің күрделі жөндеу көрмегенін қоссақ, шетін проблемалардың жетіп артылатынын байқауға болады. Әсіресе, жолаушылардың жауынды-шашынды және боранды күндері шалғайдағы елді мекендерге қатынаудың азабын қатты тартып жүргені жасырын емес. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы әлеуметтік жаңғырту үдерістерін одан әрі жүйелі жалғастыруды атап көрсетіп, нақты тапсырмалар беруі алдымен ауылдықтардың қамын ойлаудан туған игі шара болса керек. Бұл орайда, жолдарды қалыпқа келтіру түйіні жүйелі түрде шешілетін маңызды әлеуметтік мәселе ретінде назарда ұсталғаны қуантады.
Иә, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтарын байланыстыратын күре жолдардың қазіргі ауыр ахуалы айтпаса да түсінікті. Біз облыстық автомобильдер жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бейбіт ИСМАНОВҚА жолығып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып беруін өтінген едік.
– Жыл өткен сайын облыстық маңызы бар жолдарды жақсартуға бағытталған мемлекеттік шаралардың ауқымы ұлғайып, қаржылық демеу жүйелі көрсетіліп келеді. Мұндай қолдаудың тиімділігін ауылдықтар қазірдің өзінде айқын сезініп отыр. Өңірдегі автомобиль жолдарының дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынғандықтан әрі тиянақты жөндеу жүргізілмегендіктен тозығы жеткен. Оның үстіне сол кездегі стандарттар бойынша 8 тоннадан аспайтын салмаққа негізделсе, қазір 30-50 тоннаға дейін тартатын жүк көліктері пайда болды. Олардың салмағына шыдас беру оңай емес. Жасалған сараптамаға сәйкес облыстағы автожолдардың 69 пайызы бүліну жағдайында тұрса, 40 пайызы күрделі, 30 пайызы орташа жөндеуді қажет етеді. Күре жолдардың бойында орналасқан 1500 су өткізетін құбырлардың 230-ы ақаумен жұмыс істейді. 36 көпірдің 12-сі қалпына келтіруді күтіп тұр. 2010-2012 жылдар аралығында жолдарды салуға, жөндеуге 7,5 миллиард теңге, оның үштен бірі жергілікті қазынадан жұмсалды. Келлеровка – Чкалов, Пресновка – Архангелка, Булаево – Возвышенка – Молодогвардейск бағыттарында көп шаруа тындырылды. Саумалкөл – Имантау – Лобаново бағыттары бойынша жолдарды қалпына келтіру жөніндегі айыртаулық тұрғындардың өтініштері қанағаттандырылды. 2200 шақырым автомобиль жолдарына орташа, ағымдық жөндеу қажеттілігі туындағандықтан, облыстық бюджетті нақтыламас бұрын аймақ басшысы Самат Ескендіров осы салаға қосымша қаражат көзін тарту жайын ойластыруды тапсырды. Іле-шала Самат Сапарбекұлының ұсынысы облыстық мәслихаттың ХII сессиясында қаралып, 2013-2015 жылдарды қамтитын бюджетке енгізілген өзгерістерге орай қосымша кіріс есебінен тозығы жеткен жолдарды жөндеу жұмыстарына 2,5 миллиард теңге бөлініп, республикалық қазынадан қарастырылған қаржыдан асып түсті. Бұған дейін жол жөндеуге мұнша қаржы бөлінген емес. Сөйтіп, қаржы көлемін 3 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Бірінші кезекте Лавровка – Келлеровка – Тайынша – Чкалов, Арықбалық – Саумалкөл – Антоновка – Лавровка – Горное – Покровка – Петропавл, Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл – Тимирязев – Ақсуат – Мичурино бағыттары бойынша автожолдарды жөндеу одан әрі жалғастырылатын болып шешілді.
Сессияда Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты «Раисовское» ЖШС-нің директоры Владимир Коваленко бір топ халық қалаулылары атынан барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын, ауылшаруашылық құрылымдарының, кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдардың басшыларын жол жөндеу ісіне қатысуға үндеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті өрістетуге шақырды. Бұл қозғалысқа Айыртау ауданындағы Арықбалық елді мекеніне қарасты кәсіпкерлер алғашқылардың қатарында қолдау көрсетті. «Тайынша Астық» агрофирмасы «Әлеуметтік әріптестік» бағдарламасы шеңберінде Зеленый Гай, Вишневка арасын жалғастыратын тасжолдарды жөндеу шығындарын өз мойнына алды. Теңдік ауылынан Тайынша стансасына дейінгі 25 шақырым жолды «Қаратомар» ЖШС қалпына келтірді. Уақыт өткен сайын олардың қатары көбейіп келеді.
Орасан мол қаржыны талап ететін аталмыш шараларды орындаудың тізбесі жүйеленіп, аумақтық дамыту бағдарламасына толықтырулар енгізілді. Лавровка – Келлеровка – Тайынша – Чкалов бағыттары бойынша жаңартылып жатқан жол жайымен танысу барысында облыс әкімі тиісті мердігерлер мен ведомство жетекшілерімен көшпелі кеңес өткізді. Ол өз сөзінде биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 12,5 миллиард бөлінгенін, оның 6,9 миллиарды республикалық жолдарды қалпына келтіруге бағытталатынын жеткізе келіп, жұмыстың сапалы және толық көлемде атқарылуын жеке бақылауына алды. Бюджеттегі кірістің біраз бөлігін жолдарды қалпына келтіруге бағытталатынын атап көрсетті. Көп ұзамай әкімдіктің кеңесінде жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту мәселесі арнайы талқыланып, 13 аудан бойынша 5100 шақырым автомагистральды қалпына келтіру міндеті қойылды.
Былтыр облыстың автожолдарын қалпына келтіруге 2,8 миллиард теңге жұмсалып, қаражат толығымен игерілді. Нәтижесінде Лавровка – Келлеровка – Тайынша автожолы қайта жаңғыртылды. Пресновка – Архангелька – Троицкое, Булаево – Возвышенка – Мологвардейск – Киров – Қиялы – Рощинское, Покровка – Корнеевка – Горное, Становое – Новомихайловка – Меңгесер, Борки – Ташкентка – Долматово автожолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, су өтетін құбырлар ауыстырылды. Бұдан тысқары 2500 шақырым автожолдарға ағымдық жөндеу атқарылды.
Биыл жергілікті қазынадан бөлінгені – 5 миллиард теңге ғана. Мұның өзі 90 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елді мекеннің көлік қатынасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл орайда, жергілікті әкімдердің тұрғындармен дәстүрлі кездесулерінде айтылған ұсыныс-тілектерімен қоса елді мекендердің орналасу, адамдардың қоныстану жағдайы жете ескерілді. Келлеровка – Тайынша – Чкалов автожолы 2010 жылдан бері жаңғыртылып келеді. Үш жылда 1,6 миллиард теңге жұмсалып, кеңейтілді. Жол жөндеу қымбат екені белгілі. Сол себепті қаржыны тиімді орналастырып, дұрыс игерілуіне жауаптылықты күшейте түстік. Оның бір шақырымына шамамен 140-150 миллион теңге жұмсалады. Ал, асфальт-бетонды жолдарға күрделі жөндеу шығыны 70-80 миллион теңгені құрайды. Жоғарыдағы автожолдың маңыздылығы Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарын Петропавл – Астана бағытымен байланыстыратындығында. Сол сияқты Пресновка – Благовещенка автожолы орташа, Благовещенка – Қайранкөл автожолы күрделі жөндеуді қажет ететіні және 8 мыңнан астам тұрғыны бар 18 елді мекенді аудан орталығымен тоғыстыратыны әрі Қайранкөл стансасындағы элеваторға астық тасымалдайтыны ойластырылып, бірінші кезекте басымдық берілді. Покровка, Корнеевка, Горное кенттерін жалғастыратын тасжолдың жартысына жуығы жаңартылды. Биыл 260 миллион теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, облыстық, аудандық маңызға ие жолдарды қалпына келтіру үшін 12 жоба жүзеге асырылатын болады.
Жол құрылысында «Петропавл жолдары», «СУ-808», «Көкшетау жолдары», «Дорожник Ашық Аспан», «Тиан Север» ЖШС-лері басты мердігерлер саналады. Аса маңызды учаскелерде 250-дей арнайы техникалар мен 800-ге жуық құрылысшылар жұмылдырылған.
Жыл аяғына дейін 150-ге жуық елді мекеннің жол қатынасы жақсарады деген үміттеміз.
Жазып алған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.