1986 жылдың сәуірі мен 1991 желтоқсаны аралығындағы бес жылдай уақытты тарихшыларымыз жылымық жылдар еншісіне жатқызып жүр. Бәлкім солай да шығар. 1986 жылғы сәуір пленумында КСРО-дай алып империя алғаш рет жариялылық пен ашық айту сияқты демократиялық ұстанымдар нышанын жалғанның жарығына әйгілеуі мұң екен тоталитарлық жүйенің тоңына иненің жасуындай сызаттар түсе бастады. Дәл осы жылы Жайық Кәгенұлы жетпістің төртеуіне келген еді.
Заманның бет алысын, уақыттың ағымен бірден аңғарған сұңғыла ақсақалдың жүрегіне беріш боп қатқан түйнек тарқатылып, туған халқына таусылмас шежіре-баян, сырын ақтарған тұсы да осы жылдар еді-ау.
Әлі есімде 1989 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің мәдениет сарайындағы өнер кешінде шаршаңқы, әлденені соншалықты сарғайып, сағынып күткен адам кейпінде, қарлығыңқы даусын қырнай сөйлеп, сарай толы бес жүздей студенттің алдында, «Шырақтарым сүйінші, бүгін Шәкәрім ақталды» деген Жәкең дауысы әлі күнге дейін санамызда күңгірлеп тұр.
Кешегі Алаш зиялыларының көзін көріп, қолын ұстаған, олармен мүдделес, қызметтес болған Жайық Кәгенұлының Тәуелсіздік таңын қарсы алуы, осы бір абыз ақсақалдың ұзақ ғұмырындағы теңдессіз бақыты еді.
Азат елдің абызына айналып, сол бір бақытты ғұмыр дәмін аз-кем татса да, Жәкең алаш халқына айтарын айтып кетті. Кешегі кеңестер заманында идеология ыңғайына икемделген қазақ тарихындағы ақтандақтарды шамасы келгенше ақиқат тұрғысынан таразылады.
1995 жылы жарық көрген «Ақиқаты осы еді...» естеліктер жинағы осы сөзіміздің куәсі. Аумалы- төкпелі XX ғасырдағы қазақ тарихы үшін, оның бүгінгі ұрпағы үшін жазушы-публицист Ж.Бектұров шығармашылығының көкейкестілігі һәм өміршеңдік мұраттары неде деген сауалға мынадай пайымдаулар келтіруге болады.
– Біріншіден, Жайық Кәгенұлы XX ғасырдың төл перзенті. Қазан төңкерісін бала Жайық көзімен көрсе, кешегі байдың барын, кедейдің жанын саудаға салған тәркілеу уақытында 16-18 жастағы бозбала еді. 32-нің ашаршылығы мен 37-нің зобалаңында Жайық Кәгенұлы ат үстінде жүрген азамат болатын. Публицистика жанрының негізгі критерийі қашан, қайда, неге деген үш сауал төңірегінде өрбитінін ескерсек жазушы-публицист Жайық Кәгенұлының шығармашылығы толығымен осы өлшемге сай келеді.
– Екіншіден, ұлт зиялылары Әлихан, Міржақып, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен тағдырлас, мүдделес болған Жайық Кәгенұлы сол уақыттың тынысын, заман ағымын көзімен көріп, жүрегімен сезінді. Осы алыптар бастан кешкен «тар жол тайғақ кешуді» Жәкең де басынан өткерді. Ол жылдар туралы Жайық Кәгенұлы былай деп еске алады: «1937 жылдың аяғында «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасарлығынан алындым. «Халық жауларына» байланысты десті. Орталықтағы залым басшылар жұмысымызда қате болыпты, оны түзетеміз деп біраз көпіріп, жұртты алдаусыратып сөйлеген кезде, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке жіберілдім. 1939 жылы жаңадан Жамбыл облысы құрылып, облыстық газетке жауапты редактор болдым. Алайда түнгі қоңырау сылдыры құлаққа шалына берді. Соғыс басталған кезде әскерге алындым. Бұл тұста отыз жетінші жылғыдай газет беттерінде анау жау, мынау жау деп айғайлау басылып, көгендеулі қозының құйрығын түнде келіп, соратын борсықтай үн-түнсіз адам ұстау басылмады. Ақыры соғыс басталғанда, Жамбыл қаласында құрылған 105-ұлттық атты әскер дивизиясының «Қызыл семсер» атты дивизиялық газетіне редактор болдым. Штабы Ташкенттегі Орта Азиялық соғыс округінде өткен редакторлар кеңесінен №82 Ташкент-Новосібір пойызының төртінші вагонында Жамбылға келгенімде, жолаушылап оралған сүйікті туысын күткендей алдымнан вагон есігі – баспалдақ-табалдырығынан көк жағалары тікірейген үш-төрт адам келіп, тұтқынға алды. Бұрынғы отыз жетінші жылғы жазылған лас, былапыт жала, жағылған қара күйе қағаздар көктемде қоқыс астынан қыбырлап шыққан қара қоңыздай, сары бас жылан құрттардай жан бітіп, қайта тіріліпті».
Қазақ халқының XX ғасырда бастан өткерген «соқпалы, соқпақты жолы», «қилы кезеңі» мен «тар жол, тайғақ кешуі», «үрей мен өкініші», «аңсары мен мұраты» сияқты сипаттардың барлығы да Ж.Бектұровтың тәуелсіздік жылдарында жазған публицистикалық шығармашылығында боямасыз көрініс тапты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, көзімен көріп, жүрегімен түйсінген шынайы шындықтар еді бұлар.
Жәкең қаламынан туған «Тағдыры қиын талант», «Батыр Баян және Мағжан», «Ақан сері және Мағжан», «Мағжанның анасы мен жұбайы» атты мақалаларының барлығы Мағжан Жұмабаев өміріне қатысты ғана емес, ол сол Мағжан ақын өмір сүрген дәуірдің барлық болмыс-бітімін айқындап, сол уақыттың шындығын баяндайды. Мағжанмен рухтас, мүдделес алаш зиялыларының дені осы шығармаларда көрініс тауып, олардың іс-әрекеті, азаматтық ұстанымы мен ұлттық көзқарасы нақты іс-әрекеттері арқылы ашылып, айқындалады.
Ж.Бектұров ұлтын сүйген биік тұлға. Біз бүгінгі ұрпақ бұл сөзді батыл һәм сенімді түрде айта аламыз. Ұлт сүю ұғымы ұлт туралы ұлағатты ойлар мен халықты әлпештеп, әспеттеген әдемі сөздермен өлшенбейді. Ұлтты қадірлеу дегеніміз сол халықтың болашағына өлмес мұра, өшпес сәуле қалдыру екендігін баршамыз жақсы білеміз. Жәкеңнің қаламынан туған «Кенесары керуенінде», «Осы екен самұрықтың өлген жері», «Киік» сияқты шығармаларын зерделей отырып, осыған анық көз жеткіздік.
XIX ғасырдағы Абай дәуіріне аман жеткен ұлы дала әфсәнасын бүгінгі XXI ғасырға жеткізіп кеткен алыптар тобының бір асқары біздің Жайық Бектұров ағамыз болатын.
Жәкеңнің 80 жылдық мерейтойы 1992 жылы Қарағандыда дүркіреп өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзі оқылды. Біз ол кезде жиырманың үстіндегі бозбала едік. Тойға келген қонақтарды күтіп, зыр жүгіріп жүрдік. Жәкең ақсақал мағұрланып «менің жауынгерлерім!» деп маңдайымыздан сипады. Мына бір егіз шумақ сол бір жылдардан қалған тәбәрік еді. Жәкең ақсақалға арналған...
Көтерсем көшелі жыр, сөз байрағын,
Сіз кешкен тар жол тайғақ кезді ойладым...
Қатепті қара нардай қайран Жәке,
Қосылды ұлы көшке бозтайлағың.
Ақиқат нәрін жиып тал-қайыңнан,
Жыр тұма тамшыласын таңдайымнан.
Сәкеннің қолын алған алақаның,
Сипайды бүгін мені маңдайымнан...
Енді бірер жылда Жайық Кәгенұлының жүз жылдық мерейтойы болады. Тұтас бір дәуірдің энциклопедиясы іспеттес, жазушы, тарихшы, публицист Жайық Бектұров ақсақалдың шығармашылық мұрасы қазақ халқы жылнамасының шежірелі парақтары. Бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге боларлық «соқпақты, соқтықпалы» тарихымызды танып білуге, тағылым алуға тұрарлық қазыналы дүние. Осы естелікті жазу мақсатымыз да «Жақсының аты, қаламгердің хаты өлмейді» деген қағиданы тағы да бір еске салу тұрғысынан еді...
Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры