Мемлекеттік қызметтегі тәлімгерлік жас мамандарды бейімдеу мен оқытудың сыннан өткен әрі тиімді әдісі ретінде танылуда. Тәлімгерлікті ұйымдастыру мәселелерін талқылау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті онлайн режімде «Кәсіби мемлекеттік қызмет – елдің тірегі» тақырыбында TEDx ұйымдастырды. Іс-шараға мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол тәлімгерлер мен мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жастар қатысты.
Департамент басшысының орынбасары Райхан Братаева жастарды дамудың қозғаушы күші, қоғамның әлдеқайда белсенді, бастамашыл тобы екенін, сондықтан да мемлекеттік қызметте жас мамандарға ерекше көңіл бөлінетінін және сынақ кезеңінде оларға жылдам бейімделу үшін тәлімгерлер тағайындалатынын атап өтті.
«Тәлімгерлік институты – жас мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттырудың қозғаушы күші. Жыл басынан бері 261 жас маман тәлімгерлікпен қамтылды», деп Р.Братаева атап өтті.
Іс-шарада департамент ұйымдастырған, алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген жасырын онлайн сауалдаманың қорытындылары ұсынылды. Сауалдамаға қатысқан жас мамандардың 98,5%-ы тәлімгерлік институтының тиімділігіне оң баға берді.
Тәлімгерлер тәлімгерлік қызметті ұйымдастырудағы өз тәжірибелерімен, кәсіби бейімделу саласындағы идеяларымен және кеңестерімен бөлісті. TEDx-тің алғашқы спикері ретінде Жарқайың ауданы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы Николай Подрезов сөз сөйлеп, тәлімгерлікті ұйымдастыру кезіндегі өзекті мәселелерді жиі талқылауға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл өзгерістерге уақтылы ден қоюға және жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакова қойылған мақсатқа жету үшін өз білімін үнемі толықтырып отыру, өзін-өзі дамытумен айналысу, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысу және патриот болу қажеттігін атап өтті.
Р.Братаева Е.Искакованың мансаптық ілгерілеудің жарқын мысалы екені, мемлекеттік қызмет жүйесінде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, өз қызметін бас маман лауазымынан бастағанын атап өтті.
Зеренді ауданы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы Жанна Ибраимова өзінің тәлімгерлік қызметіндегі жеке тәжірибесімен бөлісті. «Мемлекеттік қызметке алғаш келген кезде жұмыста белгілі бір қиындықтарды бастан кешірдім. Тәлімгер маған осы қиындықтардан сүрінбей өтуге көмектесті. Екі жылдан кейін мен кадр қызметінің басшысы болып тағайындалдым және менің осылай кәсіби тұрғыда өсуім тәлімгерлік институтының арқасында болды. Бүгінгі таңда мен жас мамандардың тәрбиесіне зор көңіл бөлемін», дейді Ж.Ибраимова.
Іс-шара соңында мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас мамандар TEDx-ті ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
«Мен үшін тәлімгердің рөлі құнды. Ол әрқашан күрделі міндеттерді шешуге көмектеседі, пайдалы кеңестер береді. Кәсіби қолдауды сезіну өте маңызды», дейді сынақтан өтіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің бірі.
Іс-шараға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
«Аға буынның жинақталған көп жылдық тәжірибесі қызметкерлердің жас буыны үшін әрқашан маңызды болған және болып қала береді. Бүгінгі іс-шара тәлімгерлер үшін де, жас мемлекеттік қызметкерлер үшін де пайдалы болды деп ойлаймыз», дейді жиынды ұйымдастырушылар.
Жазира ТОҚТАР,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкері