Қоры құнды картиналарға бай облыстық өнер музейінің құрылғанына отыз жыл толды. Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келген мәдени мекеменің мерейлі датасына орай жуықта «Уақыт талабымен» атты салтанатты шара өтті.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған шара аясында музейдің қорындағы бояуы көне суреттер көрермен назарына ұсынылды. Оның ішінде қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхан Қастеевтің, алғашқы буын суретшілері Үкі Әжиевтің, Евгений Сидоркиннің, Жанатай Шарденовтің, сонымен қатар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ұлттық бейнелеу өнері мектебін қалыптастырған суретшілердің туындылары қойылды. Атап айтсақ, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Мағауия Аманжолов, Бақтияр Табиев, Сахи Романов секілді қылқалам шеберлерінің түпнұсқа туындылары көрме залынан орын тапқан.
Өнер сүйер қауым әсіресе Әбілхан Қастеевтің «Есік» көлін бейнелеген картинасынан көз ала алмады. Туынды 1969 жылы қағазға акварельмен бейнеленіпті. Картинада түс мезгілінде көлді қайықпен қақ жарып, жүзіп келе жатқан адамдар көрініс тапқан. Бұл бағалы шығарма бүгінде Өскемендегі өнер музейінде сақтаулы тұр.
Музейде бұрынғы суретшілердің картиналары ғана емес, Есенғали Садырбаев, Николай Аштема сынды қазіргі суретшілердің де қолтаңбалары топтастырылған.
Шығыстағы өнер музейі бейнелеу, әдебиет және музыка бағытымен ерекшеленеді. Өнертанушылардың айтуынша, мұнда жинақталған музыка мен әдебиеттің бай қорлары әлі зерттеле қоймаған. Жалпы, музейде ұзын саны он мыңға жуық экспонат бар. Олардың басым бөлігі графика, кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнердің түрлерінен жинақталған.
Салтанатты іс-шараға музеймен тығыз байланысты суретшілер, ақындар, музыкалық бірлестіктердің өкілдері, қаланың мәдени мекемелерінің қызметкерлері де шақырылды. Елдегі жағдайға байланысты келе алмаған суретшілер, музейдің бұрынғы қызметкерлері экран арқылы жүрекжарды құттықтауларын жолдады.
ӨСКЕМЕН