Тараз қаласында байырғы құсбегі, танымал этнограф, зерттеуші-натуралист Жапар Сатылғанов атты ақсақал тұрады. Бұл өзі қазақтың құсбегілік өнерінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген тұлға. Сонау заманның қиын кезінде жолын тауып «Қауырсын – құсбегілер» клубын құрып, құнды өнердің үзілмей жалғасуына еңбек сіңірген. 1980-ші жылдары «Қауырсын – табиғат достары клубы» атты құсбегілікті насихаттайтын кітап жазып, ол туындысы «Қайнар» баспасынан жарық көрген. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты (1981 ж). АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі. 2013 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы жерінде өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі. Қазіргі таңда облыстық деңгейде тарайтын «Ұлы шаңырақ» атты саяси-қоғамдық, ұлттық-танымдық газеттің құрылтайшысы һәм редакторы. Жуықта, республикаға танымал қайраткер ағамыз елордаға келген кезекті сапарында жолығып, құсбегілік өнердің өткені мен бүгіні жайлы әңгіме өрбіткен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жапар Тілеужанұлы, құсбегілік халқымыздың көнеден келе жатқан төл мұрасы екені анық. Бұл өнер жайлы ел ішінде айтылып жүрген керемет аңыз-әңгімелер де көп. Осының бір парасын өз ауызыңыздан естісек?
– Әрине, халқымыздың құсбегілігі жайлы сөз қозғағанда ойымызға алдымен атақты Жалайыр Шора түседі. Бұл адамның құсбегілігі жайлы аңыз-әңгіме жетерлік. Бүркіт біткен «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора ұстап алады», деп қайғырады-мыс. Сондай-ақ Жетісу өңірінде өмір сүрген құсбегі Бәйдібектің Жәлменбеті құладынды қайырып қуға салғаны жайлы дерек бар. Құладын деген қаршыға тектес шағын құс. Онымен құс ілдіру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Сол сияқты өзіміздің қазақ ағайындар жайлап-қыстап отырған Алтай –Тарбағатай бетінде небір құсбегілер өткен. Мысалы, Кәрімыш деген адамның «Сары құс» дейтін бүркіті жайлы оқығаным бар. Жарықтық Кәрекең құсын қолына қондырып, дала кезіп келе жатып құмда қонып жатқан керуенге кез болады. Бұлар ішкі өлкеге тауар алып бара жатқан үкімет адамдары екен. Қу далада сап ете түскен құсбегі мен құстан қорыққан сақшылар оған оқ атады. Кәрімыш атының басын бұрып тұра қашады. Бірақ оның жауырынынан оқ тиіп, жарақаты ауырлап, ауылына жете алмай далада жан тапсырады. Иесінің өлі денесін құсы ит-құсқа жегізбей бір апта күзетеді. Елден еш хабар болмаған соң өзі ұшып келеді де, ауылды бір айналып қайта ұшып кетеді. Құс иесінің балалары оның артынан ілесіп барып, әкесінің денесін тауыпты. Содан көп кешікпей ел үркіп ауғанда, Кәрімыштың балалары сары құсқа бір қой сойып беріп жұртқа қалдырып кеткен екен. Бірақ ол көк аспанда қалықтап қашқан көшпен ілесіп отырады. Бір күні ауған елді жау ұшағы бомбылайды. Осы әлем-тапырақта сары құстың ұшақ тізгініндегі ұшқышпен айқасқан сәтін таудың биік бөктеріне бекінген ел көзбен көрген екен.
Одан кейін бүкіл қазақ құсбегілері аңыз етіп айтатын Тінейдің «қарасы», Ақан серінің «қараторғайы» бар. Ақан жарықтық «Қараторғай, бейшара шырылдайсың жерге қонбай» дейтін өлеңіндегі осы бүркіт. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады дейді емес пе, ендеше қартайған бүркіттің құйрық қауырсыны түсіп қалады да, ұшқан соң жерге қона алмай шырылдап, зарлайды. Өлеңде осы оқиға айтылып отыр...
– Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың бәрі дерлік құсбегілікке назар аударғаны байқалады. Бұл өнер текті тұлғаларды не себептен қызықтырды екен?
– Тарихқа жүгінсек қазақтың ғұрпына қанық, дәстүр-салтын білетін елдің беделіне баланған тұлғалардың бәрі дерлік құсбегілік пен саятшылықты жек көрмеген ғой. Мысалы, Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын өлеңі құсбегіліктің тұнып тұрған суреті емес пе? Сол сияқты, 1924 жылы өзінің саят қорасында бүркітін қолына ұстап отырып, суретке түскен Шәкәрім Құдайбердіұлының бейнесі ол кісінің құсбегілікпен айналысқанын әйгілеп тұрған жоқ па?!
Енді мынаған назар салыңыз, қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан 1937 жылы жаппай жазалау жүре бастағанда, ептеп сытылып шығып, еліне келіп ешкімнің көзіне түспей қамыс күркеде жасырынып жатып «Саят құстары» дейтін өте құнды еңбегін жазып шыққан. Көрдіңіз бе, қара басына қауіп төнген шақта Әлекең бұл қазаққа керегі құсбегілік екенін білмесе жазып несі бар. Осы туындыны жекелеген жанашыр азаматтар кітап етіп бастырыпты. Білген жанға бұл туынды құсбегілік өнердің оқулығы істеттес.
– Сіздің құсбегілікке ден қоюыңызға не түрткі болды?
– Мен 1953 жылы дүниеге келген адаммын. Өзім ес білгелі күллі Шу-Талас бойын жайлаған ұланғайыр өңірде жалғыз құсбегі менің әкем Тілеужан Сатылғанұлы ғана болды. Әкей жал-жал құмның жабындысына ұя салатын «Қазықтының жалғызы» деген атқа ие шөл бүркітін көптің көзіне түсе бермейтін қалтарысқа ұстап баптайтын. Қысқасы, құсбегілік маған әкеден мұра боп жеткен дүние. Егер әкей болмағанда, бұл өнер біздің өлкеде үзіліп қалуы да мүмкін еді.
Абырой болғанда, 1960-шы жылдары Қытайдан құстың тілін білетін біршама азаматтар елге оралды. Бүгінде осы ағайындар Алматы облысында, Сөгеті ауылында өмір сүрумен қатар, қазақтың асыл мұрасын аялап, сақтап, дамытып отыр.
– Рас айтасыз, өткен ғасырдың 60-шы жылдары арғы беттен құс тілін білетін азаматтар елге оралды. Ал, Қазақстанда құсбегіліктің мектебін үзбей жалғаған сіз ғанасыз. Осы жайлы тарқатыңқырып айтып берсеңіз?
– Өткен ғасырдың 1970-ші жылдарының аяғында КСРО елінің Бас хатшысы Л.Брежневтің арнайы тапсырмасымен, жастарды есірткі мен маскүнемдіктен аулақтататын «Клуб по интересам» (Қызығушылар клубы) атты қозғалыс пайда болды. Осыны пайдаланып «Қауырсын – құсбегілер» атты клуб құрдық.
Бұл шаруа кезінде әжептәуір беделге ие болды. Натуралистер мектебі қалыптасып, арнайы жалақы төленіп, сабақ жүрді. Шу аудандық партия комитетінің қаулысымен клубқа 5 ат бөлінді. Тұрымтайдан бастап, бүркітке дейін көптеген саят құстары арнайы бағылды.
Сөз реті келгенде айтып өтейін, өмірден ертерек өткен қарағандылық қаламгер Сейдал Талжановтың жазуы бойынша, жағалтай – лашынның кішірек түрі, тұрымтай – ителгінің ұяласы, қырғи – қаршыға тұқымдас, бидайық, тұйғын, шәулі дегендер бөлек құс емес. Бидайық деп лашынның қыранын айтады. Тұйғын деген қаршығаның еркегі. Осыны ұмытпай жазып қойыңыз...
Содан 1978 жылы Жамбыл облыстық сабан тойда «Қауырсын - құсбегілер» клубының мүшелері ипподромда қолымызға құс қондырып, шеру тартып өттік. Бұл оқиға ұлттық өнерге сусындап жүрген халықтың рухын оятты. Сол күннен бастап «Вокруг света» сияқты беделді журналдар біз туралы жарыса жазды. Одақтық һәм отандық телерадио хабарларына қатысып, Куба, Мажарстан, АҚШ, Болгария т.б. шетелдерге шақырылдық.
– Сіз құрған клубқа қызығушылық пайда болды. Солай ма?
– Жоғарыдағы насихаттың арқасында «Қауырсын – құсбегілер» клубына сол жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен 500-дей хат келіп түсті. Қазақ даласында алғаш құрылғандықтан шығар клубтың жанашырлары мен қызығушылары көп болды. Қырғызстанның «Бозтері» деген жерінен Бейшебай Қыдыманов атты қырғыз ақсақалы және өзіміздің танымал құсбегі ағамыз Әбілхан Тұрдыбаев клубқа бүркіттерін сыйлады.
«Дегереc» совхозында тұратын Нұрғожа, Шәкен, Мақан сияқты көнекөз құсбегілер келіп, құс баулу өнерін үйрете бастады. 1981 жылы республикалық деңгейде «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуына 250 жыл» дейтін мереке өтіп, клуб мүшелері Алматыда ұйымдастырылыған «Алтыбақан» атты телетүсірілімге шақырылдық.
Бағдарламадан кейін жастар редакциясының бас редакторы Құсман Игісінов пен режиссер-оператор Аймұхан Қарабалин сценарий жазып, мені кеңесшілікке тағайындап, «Тастүлек» атты телефильм түсіруді бастадық. Фильмнің бас кейіпкеріне бала бүркітші мен таңдалдым. Кинотуынды Алматы облысының «Дегерес» ауылында, Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында 2 жыл түсірілді. Қазір тарихи қорда сақтаулы тұрған шығар.
– Кезінде сіз республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атаныпсыз, соған қарағанда шығармашылық қабілетіңізде болғаны ғой?
– 1981 жылы қазіргі М.Әуезов атындағы академиялық театрдың ашылу салтанаты болып, осымен қатар республикалық жастардың «Жігер» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Шараның беташарын сол кездегі Қазақстан комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов жүргізді. Мен ол кісінің қасында қолыма қыран қондырып тұрып өлең оқыдым. Нәтижесінде фестивальдің лауреаты атандым.
– Осылай құсбегілік клубтың насихаты басталды...
– Насихат жақсы жүре бастады. Нәтижесінде, мен 1984 жылы «Қауырсын – табиғат достары» атты алғашқы кітабымды жаздым. Ол 1985 жылы жарық көріп, барлық облыс, аудандарға таратылды. Жоғарыдағы «Тастүлек» телефильмі түсірілді. Құсбегі Абдолла Тұрлыбаев пен этнограф Жағда Бабалықтың «Қырандар» атты кітабы шықты. Одаққа беделді ақпарат көздері – ТАСС, АПН және үлкен басылымдар – «Вокруг света» және т.б. бізді бүкіл әлемге жайды.
Осыдан кейін дүниежүзілік құсбегілер ұйымының орталығын қазақ жерінде құрудың жолдарын іздестіре бастадық. Қырғыздың Ыстықкөліне демалуға келген болгарлық ориентолог А.Деменчук, америкалық Ришард Лоури сынды құсбегілік өнерінің жанашырларымен жолықтық. Бұл шаруаға 1980 жылы алматылық Юрий Шелкаев деген іскер жігіт араласып, «Бүркітші» дейтін керемет деректі фильм түсірді.
Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Амалбек Тшановпен келісіп, алғаш рет қырандар жарысын өткіздік. Бұл іске А.Батталов, К.Райбаев, сынды ағаларымыз бен «Дидар» бірлестігі, «Отан» қоғамдық ұйымдары белсене атсалысты. 1989 жылы Алматы қаласының орталық стадионында Англия, Америка, Польша, Франция, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз елінің құсбегі-саятшылары қатысқан үлкен «Бүркіт тойын» өткіздік. Ұйымдастыру алқасы қазақ топырағында тұңғыш рет өткізілген бұл бәсекенің салтанатты ашылуын маған тапсырды.
– Түсінікті, өз басым еліміздегі құсбегілік өнер халықаралық дәрежеге енді-енді шыққалы жүр деп ойлаушы едім. Сіздер бұны баяғыда атқарып тастаған көрінесіздер. Жоғарыдағы «Бүркіт тойына» Қазақстан атынан қандай бүркітшілер қатысты?
– Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы, «Сөгеті» кеңшарының директоры Сағыныш Есбергенов жеңіл машинамен Әбен Тоқтасынов бастаған бес бүркітшіні өзі әкеліп, жарысқа қосты. Жарыс кезінде арнайы сақтық шаралары қарастырылып, алаңға жіберілетін түлкі, қасқыр адамдармен араласып кете алмайтындай тормен қоршап қойдық. Бүркітшілердің бәрі ипподромға келісті арғымақтарға мініп шықты. Бұл бәсекеде бас бәйгені қасқырға түскен Әбен Тоқтасыновтың бүркіті жеңіп алды. Осы оқиға жайлы этнограф Жағда Бабалық ағамыз салиқалы ой қозғап, керемет мақала жазды.
Қызық болғанда, атақты Шәкен құсбегінің баласы Ахметтің бүркіті сайыс кезінде құсымды көтеріп жайында жүрген маған келіп түсіп, санымды жаралап кетті. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Тағы бір қызық оқиға – Әбілқақ құсбегінің баласы Ұланның жұдырықтай қаршығасы таудай қоян алып, күллі жұртты таң қалдырды.
– Жоғарыдағы Юрий Шелкаев түсірген деректі фильм жайлы айтып өтсеңіз?
– Еліміздегі құсбегілік өнерді насихаттауға Юрий Шелкаев көп еңбек сіңірді. «Дегерес» ауылында тұратын құсбегілер – Шәкен, Нұрқожа, Мақандар жайлы қызықты телебағдарламалар жасап, оны Одаққа және шет елге таратты. Қазақ бүркітшілерінің атасы Жетібай қарияның зоопарктен сатып алған бүркіті тауда сілеусінге түскенін таспаға басып үлгеріп, оны Америкаға таратты. Осы фильм ақыры Юраның да жолын ашып, АҚШ-қа түбегейлі қоныс аударуына ықпал етті. Сөйтіп бұл бала құрлық асып көшіп кетті.
– Кеңес Одағы тарап, дүние бүлінген кезде бұл өнер аз уақыт назардан тыс қалғандай болды. Қазір қалай?
– Алмағайып жылдары қазақтың құсбегілік өнері назардан тыс қала бастады. Осы өліара шақта бүркітшілер әулетінің ұрпағы журналист Бағдат Мүптекеқызы Нұра ауылындағы құсбегілерге бас болып, Алматы облысы әкімдігінен қолдау тауып, «Жалайыр Шора» құсбегілер ұйымын құрды. Көптеген аталы істерді жүзеге асырды. Бұдан басқа өлкетанушы Мұхаммед Исабеков өз ауласынан бірнеше қыран құс, құмай тазылары бар «Жеті қазына» салт-дәстүр – табиғат музейін ашты.
Сондай-ақ елімізде «Қыран» федерациясы құрылып, оған басшылық жасаған Нұрлан Өнербаев мырза құсбегілік мұрамызды насихаттайтын кітаптар шығаруға қолғабыс жасады және жоғарыдағы істердің жүзеге асуына ұйтқы болды.
Қазір бұл өнерге Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы шын мәнінде қолдаушы, қорғаушы болып отыр. Кезінде Жамбыл облысында әкімі болған Серік Үмбетов құсбегілерді жақсы қолдады. Алматылық Аслан Құрманалин деген азамат қаланың тап ортасына саят құстарын қондырып, «Қазақ салты» атты клуб құрғаны бар. Қазір бар ма, жоқ па білмеймін.
– Құсбегілік өнерді елімізде әрі қарай дамыта түсу үшін не істеу қажет?
– Қазір өзі қыран ұшырып, оған аң алдырып, ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Өйткені, құсбегілік өнер әлемдік аренада қатты насихатталуда. Елдің бәрі әлеуметтік желілер арқылы небір қызықтарды көріп отыр. Сондықтан біз төл өнерімізді басқа қырынын көрсете білуіміз қажет. Бүгінгі таңда құсбегіліктің көрермені аз. Сондықтан болар, тірі аңды қолдан жіберіп «шоу» жасап жүрміз. Бұл әрекетімізді халықаралық ұйымдар қолдамайды. Сол себепті басқадай шара ойлануымыз қажет. Сосын қазіргі жағдайда өткізіліп жүрген құсбегілік сайыстарында құсты қоянға салу етек алған. Бұл дұрыс емес. Бұрынғы қазақ зеңбірекпен торғай атқандай қылып қыранды қоянға салмаған.
Одан кейін құсбегілік өнерді жеке бөлмей, кешенді түрде «Сал-серілік» институты ретінде дамытып, оған тазы мен жылқыны, тағы басқа халықтарды қызықтыратын салт-дәстүрлерімізді қосып, ұлттық өнердің жиынтық бейнесін жасаған дұрыс. Бұлай болғанда өңірлерде туризмді дамытуға және байырғы мұрамызды ғылыми тұрғыдан жетілдіріп, халықаралық деңгейде насихаттауға болады.
Қалай айтсақ та, құсбегіліктің отаны – қазақ даласы. Сондықтан біз басқаларға жол көрсетіп, үйретіп отыруға тиіспіз. Ол үшін үлкен қалаларда құсбегілікті дамытуға арналған шатырлы, қозғалмалы стадион салатын кез жетті. Одан кейін тағы бір есте болатын дүние Алматы қаласында орналасқан Қазақ спорт және турзим академиясы негізінде қызықтаушы студент, жастарға құсбеглілікті үйрететін факультативті курс немесе сабақтар ұйымдастырылса. Бұған барып білгенімді үйретуге өз басым дайынмын.
Екіншіден, елмізде әлемдік құсбегілер орталығын ашуға мүмкіндік бар. Егер бұл шаруа қолдау тапқан жағдайда, орталықты Жамбыл немесе Маңғыстау өлкесінен ашқан дұрыс. Өйткені, бұл жерлер саят құстарының өмір сүру коридоры саналады. Сонда ғана біз өзімізді құсбегіліктің иесіміз деп айта аламыз.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»