• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2020

Беделің қандай, полицей?

2663 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіні ақтара қалсаңыз, полиция қызметкерлерін келемеждейтін түрлі сарындағы материалдардан көз сүрінеді. Азамат­тардың тәртіп сақшыларын телефонға түсіріп, сан түрлі сауалмен састырып, масқаралауға тырысқан жазбалары да сам­сап тұр. Вайн түсірген бала да, әзіл театрларының әртістері де полиция­ны әлі келгенше әжуалап қалуға неге құмар? Бұл қоғам­ның осы бір мамандық иелеріне деген ықыласының азайғанын аңғар­та ма, жоқ әлде шынымен де полиция ел сеніміне селкеу түсіріп жүр ме?

Түптеп келгенде полиция, дә­рігер, мұғалім – қоғамның айнасы. Бұл маман­дық иелерінің абырой-беделі тікелей ел сенімімен өл­шенеді. Әлдебір тұстан мүлт кетсе, бірден көзге түсетін де осы­лар. Абы­ройы асса, көкке көтеріп, жа­ман аты шықса, жерге ұратын жұрт бә­ріне тө­реші. Машақаты мол, тұзы жеңіл мамандарға артылатын жүк те жеңіл емес. Сөз басында тіл­ге тиек ет­ке­ні­міздей, шынымен де  бүгінгі қоғам­дағы полицияның бе­делі қандай деген сауал иектеп ке­ліп, иіріміне тар­тады.

Сөздің ашығы керек. Осыдан он шақты жыл бұрын біздің буын мек­теп бітірген тұста қатарлас­та­ры­мыздың көпшілігінің милиция ма­мандығына аңсары ауатын. Сан түр­лі фильмдердегі әділет өкіл­де­рінің әдебі мен ерлігі аңыздай ай­тылып, бала қиял болашағын осы бір мамандықпен байланыстыру­шы еді. Тұтас буынды тәрбиелеген көк­жә­шіктен мұндай кинолар көптеп көр­сетілетін. Ал ғаламтордың кең­ге қанат жая қоймаған кезі. Яғни қа­зіргі  тәртіп өкілдерін төмендеткен түр­лі бейн­е­жазбалар мен пікірлер мүл­де бой көрсетпейтін. Бір сөзбен айт­қанда, поли­цияның қоғамдағы бейнесі биік болатын.

Қызыл қалпақтыларды көргенде қарапайым жұрт неге жиырыла қала­ды деген сауалдың бір ұшын осы же­лідегі еркіндіктен іздеуге болатындай. Ашық қо­ғам ұранын алға ұстаған ағайынның көпшілігі олардың ісінен ізгіліктен гөрі кем­шілік көргісі ке­ліп тұратынын аң­ғару қиын емес. Әри­не, «жел тұрмаса, шөптің басы қи­мыл­да­майды». Өркениетті елдерде аза­маттар полицияны таяныш тұт­са, бізде ондай түсінік әлі толық қалыптаса қойды деу қиын. Бұлай бо­луының себептері де жоқ емес. Қызметін пайдаланып, тарпаң мінез танытып, әділеттің ақ жібінен аттап жүрген кейбір әділет өкілдерінен зәбір көргендер прокуратураға ша­ғымданып жатқан жайларды да естіп-біліп жүрміз. Әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты жа­рияланған төтенше жағдай кезінде блок-бекеттен өткізгені үшін ақша сұ­раған полицейлерді де көзіміз көрді. Әрине, бірлі-жарым дерекке сүйеніп тұтас құрылымға күйе жағуға болмас. Қалай айтқанда да, «көсеуі ұзын­ның қолы күймейді» дегендей, әділетке үн­деу­шілер­дің әдептен аттап өтуі әдетке айнал­мағаны дұрыс-ақ. Бүгінгі ой құқық қорғаушылардың қоғамдағы рөлі қандай деген сауалдан туындап отыр.

Сөз басында мұғалім мен дәрі­герді полицейге бекер қосарлап айтқан жоқ­­пыз. Технологиялар сал­танат құрған дәуірде ешкімнен ештеңені жасыру мүм­кін емес. Бүгінгі бала – мұғалімнен көр­ген теперішін, нау­қас – дәрігер­дің дәр­менсіздігін, жәбір­ленуші поли­цей­дің дөрекілігін қаз қал­пында қол те­ле­фо­нына түсіріп, же­ліге жариялай салатын болды. Аза­маттардың құқықтық сауат­тылығы ар­тып, әр­кім өз құқын білгені жақсы, әрине. Дей тұрғанмен ашықтық деген осы екен деп, жөн-жосықсыз кінәм­шіл болудың арты тырнақ астынан кір іздеуге ұласып кетті ме дей­сің. Желі­дегі танымалдылығын арттыру үшін әдейі тәртіп бұзып, тоқтатқан  сақ­шы­ны сан түрлі сауал қойып састыратындар да көбейген. Мұндай бейнежазбаларды қарап отырып, білігіне білімі сай емес қызметкерлердің тосын сұ­раққа тосылып  беті қызарғанын көріп, өзің ұяласың. Бұл әрине желі алдында отырған жеткіншектің санасында мәртебелі мамандық туралы қан­дай тү­сінік қалыптастыратынын ойлаудың өзі қиын.

Қоғамның бет-бейнесі саналатын по­лиция қызметкері кәсіби жол­да ұқып­сыздыққа, немқұрай­ды­лыққа бой алдыр­мағаны жөн. Оның мі­нез-құлқынан, жана­шырлық пен аза­маттықтың исі аңқып тұруы керек-ақ. Бұл тұрғыда полиция ге­не­рал-майоры Мирлан Қызылов аза­­маттықтың айнасына айналуға тиіс ізбасарларының болашағына алаң­дайды.

– Несін жасырамыз, ішкі істер органдарындағы адал қызметкер-лердің бейнесі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында елеусіз қал­ғандай. Тура­шыл полиция қызмет­кері мерзімді басылымдар мен теле­дидардың назарына іліне бермейтін «тартымсыз, қызықсыз» кейіпкерге айналды. Неге? Көптеген фактор лардың, соның ішінде, қызметкер­лердің және олардың отбасы мү­ше­­лерінің жеткілікті әлеуметтік қор­­­ғалмауы салдарынан полиция қыз­меткері мамандығының бе­делі төмендеді. Ішкі істер органда­рына қыз­метке келгендердің көп­шілігі аталған саланы жұмысқа ор­наласудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде көрді. Басқаша айтсақ, басқа жұмыс таба алмағандар, өз мамандығына барғысы келмей­тіндер үшін бұл сала қызметке тұ­рудың көзі деп бағаланды. Ал мамандар ондай азаматтарда жеке тұл­ғалық ой еркіндігі, тұлғалық кем­шіндік болатынын айтады. По­лиция қызметкері беделінің тө­мендеуінің бір қыры осында жатыр. Сондықтан қоғаммен ашық диалог және серіктестік қатынас орната отырып, құқық қорғау органдарына кешенді және терең реформа жүр­гізетін мерзім әлдеқашан пісіп-жетілді деп ойлаймыз. Зайырлы, құ­қықтық, демократиялық және әлеу- меттік мемлекетке ашық, сауатты және моральдық негіздегі мығым по­лиция қажет. Сонымен қатар баға біржақты болмай, қоғамға да белгілі бір талаптар қойылуы тиіс. Қазіргі руханилық пен имандылықтың, заңға құлықтылықтың өзегіне үңі­ліп көрсек, негізгі қағидаттар құн­дылықтарынан айырылып, олар екін­ші кезекке сырғыды. Бұл арада «Қоғам өзінде жоқты полициядан талап етуі қисынды бола қояр ма екен?» деген сұрақ туындайды, – дейді генерал-майор Мирлан Қы­зылов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заң және құқық саласын реформалаудың бірнеше жолын ұсына келіп, полиция, прокуратура мен сот қызметін жіктеп берген болатын. Әсіресе азамат­тар­дың қауіпсіздігі мен құқы­ғы бірінші орында тұруға тиіс еке­нін баса айтты. Президент өз сө­зінде: «Құқық қор­ғау жүйесінің жұ­мысында ескі­лік­тің сарыны жойылмағандықтан, тек айып­тау жағы басым. Азаматтардың негіз­сіз қыл­мыстық қудалауға түс­кен кездері болды. Қылмысты анық­таған жедел уәкіл мен процессуалды шешім шы­ғара­тын тергеуші бір бас­шыға бағы­нады. Ал оған қыл­мысты жылдам ашып, сотқа жібе­ру маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек» деген болатын.

Бірер күн бұрын ішкі істер са­ласының қызметкерлері үшін ақ­жолтай жаңалық жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев сала қыз­­меткерлерінің жалақысы тө­мен еке­нін айтып, қордаланған мәселенің түйі­нін шешу үшін Үкіметке үш жыл­дың ішінде тәр­тіп сақшыларының жа­лақысын 30 пайызға көтеруді тапсырды. Құрылым қызметкерлерінің бұл сенімді абыроймен ақтайтынына сенім біл­дірген Президент, панде­мия­ның бі­рінші кезеңінде карантин шараларын қам­тамасыз етуге қа­тысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард тең­ге берілетінін атап өтті.

Президент тапсырмасына сәй­кес өңірлерде жергілікті полиция қыз­меті мен қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету бойынша учаскелік инс­пекторлардың жұмысын жандандыру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. От пен оқтың ор­та­сында жүрген азаматтардың өмі­ріне төнетін қауіп те көп. Ауыр жел­­дің өтінде арманынан алыс­тап қалғандар қаншама. Тұтас ел аумағын айтпағанның өзінде, Тәуел­сіз­дік алған жылдардан бері бір ғана Алматы қаласында 69 полиция қыз­меткері  жұмыс бабында қапыда қаза тауыпты. Олардың есімдері ел жүре­гінде.

Қорыта айтқанда,  қоғам қауіп­сіздігі мен темірдей тәртіпті қамта­масыз ететін полицейлер бұқа­раға жақын, кәсібіне адал болса дейміз. Құқық қорғау органы қыз­меткерлерінің имиджін көтеру мә­селесі де айрықша назар аударуды қажет ететіндей. Мұндағы басты мәселе – халықтың оларға деген се­німін күшейту. Ақты ақ, қараны қара дейтін құқық қорғаушылар заңға да, арға сүйеніп, адамдығы мен мамандығын тең ұстаса, құба-құп.

 

АЛМАТЫ