Көмекке тек адамдар ғана емес, жан-жануарлар да мұқтаж болады. Үйсіз-күйсіз, аш жүрген жануарларға қоршаған ортадан төнетін қауіп те аз емес. Осы ретте Маңғыстау облысында «Көмек қолы» акциясы қайырымды іске бастамашы болып жатыр.
Ақтау қалалық пробация қызметінің қызметкерлері «Біз адамдармыз – біз біргеміз» қоғамдық қорымен және Қазақстан еріктілері лигасымен бірлесіп, «Шанс» қоғамдық қорының жануарларды уақытша ұстау орталығында кезекті сенбілік өткізді.
– Қала еріктілері, пробация қызметкерлері әлеуметтік жұмыстың әртүрлі бағыттары бойынша тұрақты түрде қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Мәселен, Ақтау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар иттерге арналған үйшік дайындап, қоғамдық қорға табыстады және тағы бір үйшік дайындалуда. Сондай-ақ пробация қызметкерлері қақпалар мен жануарлардың жарамсыз қоршауларын дәнекерледі. Ал «Біз адамдармыз – біз біргеміз», «Қазақстан еріктілер лигасы» қоғамдық қорларының еріктілері ағаш үйшіктерді жөндеп, аумақты тазалады және жануарларға жылулық сыйлаудың озық үлгісін көрсетті. Еріктілер жылы қоғамдағы түрлі салаларға қозғау салды және келесі жылы құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам одан әрі тығыз байланысты нығайтады деген үміттеміз, – дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті пробация қызметінің бастығы Ғабит Чутабеков.
Ел арасында еселі еңбек етіп жүрген еріктілердің жан-жануарларға жақсылық жасауы бұл істермен шектеліп қалмайды және пробация қызметкерлері де бұл ізгі шаралардан тыс қалмақ емес.
Маңғыстау облысы