Шымкент қаласында егістікке жарамды 39,5 мың га жердің биылғы 9 айда 27,9 мың гектары игерілді. Одан 59,3 мың тонна өнім жиналса, келесі жылы 29,3 мың га құрап, биылғы жылмен салыстырғанда 1400 гектарға артық егілетін болады. Нәтижесінде, 77,4 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жылына 300 тонна ешкі сүтін шығаратын сүт фермасы, 24 мың ірі қара бордақылайтын 5 шаруашылық, үлкен 3 құс фермасының қуаттылықтары артады.
Сондай-ақ, тұрғындардың күн көрісін жақсарту мақсатында қаладағы 27 каналға іргелес жатқан үй маңындағы жерлерді (583,3 га) тиімді пайдалану арқылы азаматтарды жұмыспен қамту да қолға алынды.
Бұл бағытта қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары, Атамекен ҰБХ және "Social Farm" тұрақты егіншілік орталығы өкілдерімен бірлесіп 30 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сертификаттар таратылды.
Сонымен қатар, қаламызда азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында 50 тауар өндіруші кәсіпорын, 18 ірі қойма және 25 сауда нысандарына зерделеу жұмыстары жүргізілуде.