• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2013

Ұлт саулығы

1956 рет
көрсетілді

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мәселесі күн тәртібіне осыдан 35 жыл бұрын Алматыда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алқалы отырысында қойылды. Соның негізінде әлемнің 157 елі «Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деп аталатын Алматы декларациясын қабылдаған болатын. Жақында Алматыда осы айтулы күнге арналған халықаралық конференция ұйымдастырылды.

 

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мәселесі күн тәртібіне осыдан 35 жыл бұрын Алматыда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алқалы отырысында қойылды. Соның негізінде әлемнің 157 елі «Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деп аталатын Алматы декларациясын қабылдаған болатын. Жақында Алматыда осы айтулы күнге арналған халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Келелі кеңес барысында бастапқы меди­циналық-санитарлық көмек көрсетуде қол жеткізілген жетістіктер мен көкейкесті міндеттер және оны одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныс-пікір айтылды. Конференцияға қаты­сушылар елімізде жүргізіліп жат­қан «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы Алматы дек­лара­циясының қағидаттарына толық сәйкес келетіндігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, соңғы жылдардағы және бір жетістігіміз – ұлттық жоспарлы вакцина екпесі бағдарламасы жоғары бағаға ие болды. Өйткені, қазақстандық бұл бағдарламаға ТМД елдерінің бірде-бір осындай жобасы теңесе алмайды екен.

«Саламатты Қазақстан» бағдарла­масының аясындағы негізгі міндет­тердің бірі – аурудың алдын алуды күшейтіп, вакцина екпесін дер кезінде жасау, сөйтіп, түрлі сырқаттың таралып кетпеуін болдырмау. Қазіргі кезде әлемнің барлық елдерінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамытудың негізгі құрамдасы – жұқпалы ауруларға қарсы жұмыстар қарқын ала түскен. Жалпы алғанда, халыққа екпе жүргізу арқасында бүгінгі таңда қауіп бұлты сейіліп, жұқпалы індеттің беті қайтты. Ал бұдан отыз бес жыл бұрын Алматыда «Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» қабылданған кезде жағдай тым мүшкіл еді. Ол уақытта жұқпалы індет шын мәнісінде өршіп тұрған. Бірлесіп атқарған іс қашанда нәтижелі болмақ. Дегенмен, медицина мамандарының алдында күрмеуі шешілмеген түйіндер әлі де жеткілікті. Мәселен, жұқпалы емес ауруларға жататын – созылмалы дерт, онкологиялық, сондай-ақ ВИЧ/СПИД сияқты кеселдер әзірге бой бермеуде. Адамзатты алаңдататын осы мәселе турасында биылғы конференцияда жан-жақты сөз қозғалды. Әрине, бұның бәрі ұлттың саулығын ойлаудан туған еді.

Екпе жүргізу нәтижесінде шешек, полиомиелит, қызылша және дифтерия аурулары жойылды. Алайда, ұлттық вакцина екпесі күнтізбесінен мұндай жұқпалы ауруларға екпе жасауды алып тастаудың әзірге еш реті жоқ. Себебі, тәжірибе көрсеткеніндей, аталған кеселдердің аяқ астынан өршіп кетпеуі үшін қашанда сақтық жасаған жөн. Уақыт талабына сәйкес жоспарлы вакцина екпесінің бағдарламасын үнемі жаңа дәрілерімен толықтырып отыру керек. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев Алматыдағы биылғы басқосуда біздің еліміз ТМД-да алғаш рет пневмониялық көкжөтел жұқпалы ауруына қарсы жоспарлы ұлттық екпе күнтізбесін енгізгенін атап көрсетті. Маңызды шаруаны жүргізуге әлемдегі қазіргі қолданыстағы ең озық 13-валентті вакцина (ПКВ-13) таңдап алыныпты. Бұл вакцинаны АҚШ, Австралия, Франция, Канада, Италия, Ұлыбритания және басқа да дамыған мемлекеттер іс жүзінде кеңінен пайдаланады.

– Қазақстан өзінің ұлттық екпе күнтізбесін түзу кезінде халықаралық озық тәжірибені және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыны­мын пайдаланды, – дейді Назарбаев университеті Өмір ғылымы орталығы трансляциялық медицина, сапалы ұзақ өмір сүру және жаһандық денсаулық департаментінің директоры Талғат Нұрғожин. – Оған үш жыл бұрын пневмониялық көкжөтелдің жұқпалы дертіне қарсы дәрі енгізген кезде, 13-валентті ПКВ-13 вакцинасы таңдап алынды. Ол 90%-ға дейінгі өте қауіпті серотиптерді емдеуді қамтиды. Таңдаулы дәрінің көмегімен көптеген науқас сауығып кетті.

Әлемде сонымен қатар, пнев­мо­ниялық көкжө­телге қарсы қолда­нылатын 7-валентті және 10-валентті вакциналар бар.

– Ал ПКВ-13 вакцинасы серо­типтердің ең көп мөлшерін құрайды және де мейлінше иммуногенді болып табылады. Сондықтан да қамту көлемі тар вакциналарды қолданудың қажеттілігі шамалы. Қазақстан қоғам­дық денсаулық сақтау саласында алдағы кезде де ең озық технологиялар мен вакциналарды пайдалануы тиіс, – дейді Израильдегі Беер-Шева университеті бактериялық жұқпалы ауруларды зерделеу орталығының жетекшісі Рон Даган. – Израиль 2010 жылға дейін ПКВ-7 вакцинасын қолданды. Алайда, уақыт өте келе озық әрі заманауи вак­цинаға көшуді мақұл көрді.

Оның нақты айғағы – Ұлыбритания пневмониялық көкжөтелге қарсы 10-валентті вакцина өндірсе де өз азаматтары үшін АҚШ-тан 13-валентті препаратты сатып алады.

– Бұл орайда Қазақстан баға артықшылығына қарамастан вакцина сатып алуға қомақты қаржы бөлді. Өндірушімен тікелей шартқа отырып, ПКВ-13 вакцинасын жоспарлы тегін екпе жасауға пайдаланып отырғандығы қуантады, – дейді Б.Атшабаров атын­дағы Іргелі және қолданбалы медицина институтының директоры Ләззат Ералиева. – Пневмониялық көкжөтелге қарсы вакцина құны қымбат екендігі жасырын емес. Кейбір елдерде адамдар бұл екпені ақылы негізде яғни төленген сақтандыру жарналары есебінен жасатады. Біздің еліміз ұлттық екпе күнтізбесіне қыруар ақша бөлді. Мұндай игі істі ТМД-ның бірде-бір елі жүргізіп отырған жоқ.

Міне осындай қамқорлық өзі­нің жемісін беруде. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Денсаулық сақтау минис­трлігі Мемлекеттік санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау комитетінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаеваның мәліметі бойынша, өзге өңірлерге қарағанда Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында пнев­мониялық көкжөтелдің жұқпалы ауруына шалдыққан жандарға екпе жүр­гізу ерте енгізіліп, нәтижесінде 1 мың балаға есептегенде 1 жасқа дейін­гі нәрестелердің пневмониядан сырқаттану көрсеткіші сәйкесінше 46% және 49,6%-ға төмендеген. Сәбилер арасында өлім-жітім деңгейі де едәуір азайған.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмай­тын жол ізде» демекші, түрлі сыр­қаттың алдын ертерек алған абзал. Ол экономикалық жағынан да мемлекетке арзан түседі. Аурудың өршіп кетпеуін тұзақтайтын шараларды дер мезгілінде жүргізу тиімділігін әкелері сөзсіз. Барынша тазалық сақтау қажет. Саламатты өмір салтын ұстанып, салауатты жүргенге не жетсін. Ағзаның қорғаныш қабілетін табиғи жолмен шыңдау – ұлт денсаулығының басты кепілі. Әрине, дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Дер кезінде халыққа екпе жасау да басты міндет.

Литва Республикасының денсаулық сақтау министрі Витянис Андрюкайтис Алматыдағы алқалы жиында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көр­сету мәселесі турасында өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл саланы әлі де жетілдіре түсу қажет. Ол үшін Қазақстанның тәжірибесін пайдалануға әбден болады екен.

Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы болып табылатындығы сөз­сіз. Міне, сондықтан да бұл іске барынша жауапкершілікпен қарағанымыз ләзім.

Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар