Еліміздің жоғары білім беру саласында өзіндік дәстүрі бар әрі сапалы маман даярлауға үлес қосып отырған оқу орының бір – Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті. Бүгінде университет әлемдік стандартқа сай оқу жүйесіне көшіп, студеттерге бірден екі мамандық иесі атануға жағдай жасап отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәселен, 2016 жылдан бері білім ордасы қос дипломды оқыту жүйесіне қосылған болатын. Осы жылдан бастап Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Польшаның Лингвистика-техникалық университеті ынтымақтастыққа қол қойып, жетісулық студенттердің екі жақты білім алуына жағдай жасаған еді. Нәтижесінде қос университеттің дипломын алып шыққан жас маман саны өсіп отыр. Өткен 4 жылда 9 студент ынтымақтастық аясында диплом қорғап, қажетті мамандық иесі атанған екен. Бұл дәстүр 2019-2020 оқу жылында да жалғасын тапқан. Жақында тағы бірнеше студент екі университтің дипломына ие болды.
- Біздің университет пен Польшаның оқу орны арасындағы келісім өз жалғасын тапты. Атапайтқанда, «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының магистранттары Галымова Алима мен Қажыбекова Ақбота, «Тарих» мамандығының магистранттары Валитов Султан мен Абсеметов Абдэль және «Құқықтану» мамандығының магистранты Жүніс Нұржан Польша Республикасындағы Лингвистика-техникалық университеті мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 2 жыл көлемінде білім алып шықты. Магистранттар қос дипломды білім беру бағдарламасының барлық талаптары мен ережелерін сақтай отырып, екі магистрлік диссертация жазып, оны сәтті қорғады. Оларға маусым айында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің дипломы берілген, ал жақында еуропалық үлгідегі дипломдар түлектер қолына тиді. Осыған орай, салтанаты жиын өтіп, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Данияр Қалдияров жастарды құттықтады. Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық және қосдипломды білім беру ісі алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ, - дейді университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Баян Шаянбаева.
Жалпы, университеттің өз студенттеріне қолайлы білім алу үшін жағдай жасап отырғанына жастар да, ата-аналар да дән риза. Әсіресе, жатақханамен қамту ісінде білім ордасының табысы біршама. Биыл студенттерге арналған 288 орындық көпқабатты жаңа жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» аясында іске қосылған болатын. Жатақхана құрылысы өткен жылы қолға алынып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге жұмсалды. Соның нәтижесінде айналасы бір жылдың ішінде 13 қабатты, сәулеті келісті жаңа жатақхана бой көтерді.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері үшін беріліп отырған бұл нысан білімгерлердің өмір сүру жағдайын жақсартып, білім сапасын арттыратыны сөзсіз. Қазір мұнда «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері арасынан шыққан студенттер мен интернет жылдамдығы баяу шалғай елді мекендерден келген 13 білім алушы жас тұрып жатыр екен.
Алматы облысы