Шымкент қаласында мониторингтік топ өкілдері қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына тексеру жүргізуде.
Мониторингтік топ құрамында жергілікті полиция бөлімшелерінің, қалалық әкімдік және санитариялық қызмет мамандары бар. Тексеріс барысында, соңғы екі күн ішінде қала бойынша бұзушылықтың 9 фактісі тіркелді. Атап айтқанда, қоғамдық көлік ішінде әлеуметтік арақашықтықтың сақталмағандығы (жолаушылар саны шамадан артық болғаны), кейбір жолаушылардың бетпердені дұрыс тақпағандығы немесе мүлдем тақпайтындары анықталды. Барлық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға полиция қызметкерлері тарапынан әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ санитариялық қызмет мамандары жолаушылар мен жүргізушілер арасында карантиндік талаптардың қатаң сақталуының маңыздылығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, барлық адамдардың бетперде режимін сақтауы ел ішінде COVID-19 таралу қаупін 90% дейін азайтуға мүмкіндік беретіндігі жайында кеңінен айтылды.