«Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары арқылы барша Қазақстан халқына сәлем жолдаймын. Достас Қазақстанға шын жүрегімнен игілік, өсіп-өркендеу және жарқын болашақ тілеймін. Дана Президенттеріңіздің денсаулығы мықты болсын, ел игілігі жолындағы еңбегі қашанда табыстылығымен ерекшеленсін.
Германияның көрнекті саяси қайраткері, бұрынғы Федералдық экономика және жаңа технологиялар министрі Михаэль ГЛОС «Егемен Қазақстан» газетіне арнап, Отанымыздың даму және өркендеу жолын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыстыратын, «Қазақстан жолы үлкен құрметке және таңданысқа лайық» деп аталатын мақала жазған екен.
Неміс саясаткері өзінің мақаласында Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, дамытудағы тарихи рөліне жоғары баға береді.
Ізгілікті әріптестер, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынасқа көзқарасымды сіздердің басылымдарыңыз арқылы бөлісу мүмкіндігіне ризашылығымды білдіремін. Өткен жиырма жылда Қазақстан-Германия ынтымақтастығы қалыпты үрдіске айналса, бізді көп нәрсе біріктіреді және оны біз жоғары бағалаймыз әрі оны одан әрмен қарай кеңейтіп, дамытуға ұмтылыс танытамыз.
Көптеген қиындықтар мен сын-қатерлерден абыроймен өткен Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда зор табыстарға жетті, халықаралық аренада және өңірде жоғары беделге ие болды. Тәуелсіздікке бастаған сіздердің жолдарыңыз және батыл реформаларға ұмтылыстарыңыз үлкен құрмет пен таңданыс туғызады. Қазақстан барлық өзіндік институттары мен атрибуттары қалыптасқан әрі тұрақты түрде дамып келе жатқан мемлекет ретінде орнығып үлгерді.
Басқалар сияқты, мен де қазақстандық модельдің жетістігі бірінші кезекте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен тарихи еңбегімен байланысты деген пікірге қосыламын. Ол стратегиялық бағыттың берік іргетасын қалап қана қоймай, сонымен қатар, елбасылық миссияда саяси көрегендік, ерік-жігер және батылдық танытып, шетелдерде және ел ішінде жоғары бедел мен құрметке бөленді.
«Ерік-жігер бар жерде, бағыт-бағдар да бар» деген халық даналығы тектен-тек айтылмаса керек. Қазақстан өз егемендігінің алғашқы күнінен бастап ішкі дамуды жүйелі түрде жүргізуге баса назар аударды. Осы мақсатта жетекші елдердің дүниежүзілік тәжірибесі ықыласпен мұқият зерттелді. «Қазақстан-2030» Стратегиясы елдің даму жолына шамшырақ сияқты сәуле шашып, алдағы көп жылдар бедерінде бағыт-бағдардан адастырмайтын нақты іс-қимылдар жоспарына айналды. Ел өз күшіне деген сенімінің және шамшылдығының арқасында «қуып жету» экономикасы шегінің қиындығын еңсеріп, қуатты серпіліс жасады, тұрақтылық пен өсу орталықтарының бірі ретінде орнықты. Тарихи тұрғыдан осындай аз ғана уақытта көптеген басқа елдерде бірнеше ондаған жылдар жұмсалған ауқымды жұмыс атқарылды.
Жаһандық өткір дағдарысқа қарамастан, Қазақстан қиындықтарға төтеп беріп қана қоймай, алға ұмтылды және өзінің жоспарлау көкжиегін кеңейтті. Бар жетістіктерді жалғастыра отырып, аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты белгіленген «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағыты жария етілді. Президент Н.Назарбаев таяу болашақта Қазақстанды дамыған экономикасы, білімді адамдары, өз елін сүйетін патриоттары бар қуатты да өзіне сенімді мемлекет ретінде көреді. Германияның бұрынғы Экономика министрі және Бундестаг депутаты ретінде сіздердің өңірлеріңізде бірнеше мәрте болған мен Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастықтағы берік орнын лайықты иеленіп отыр деп есептеймін. Сіздер соңғы жылдары алған қарқындарыңызды жоғалтпағандарыңызды шын жүректен тілеймін.
Қазақстан жаңғыруының символы, сіздердің Президенттеріңіздің туындысы әрі мақтанышы – Астана болып саналатыны маған жақсы мәлім. Астананы көшіру көпшілік үшін жаңалық және сынақ болғаны, бірақ мұнсыз тәуелсіздік пен демократияны құру, көпұлтты халықты жаңа жетістіктерге жұмылдыру мүмкін емес болғаны да жасырын емес. Астанада сәулет өнерінің, мәдениет пен ғылымның ең заманауи идеялары іс жүзіне асырылғаны, оның үстіне қаланың өзі инновациялар мен шабыттың бастауы болып отырғаны маңызды.
Астана мен елдің дамуына Астана экономикалық форумы сияқты ауқымды шараның қосымша серпін беріп отырғаны тағы анық. Орталық Азияда алғаш рет әлемдік саясаткерлердің, бизнесмендердің, ғалымдар мен сарапшылардың пікір алмасатын өзіндік үнқатысу алаңы пайда болды. Германия форумның қызметіне белсенді үлес қосып келеді. Өйткені, Берлин көкейкесті өңірлік және жаһандық үрдістерден хабардар болып отыруды тиімді санайды. Өзім жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен, күн тәртібінің мазмұндылығымен және пікірталастарының ұтымдылығымен есімде қалған АЭФ жұмысына екі рет қатысу мүмкіндігіне ие болдым.
Қазақстанның G-Global инфокоммуникативтік алаңы әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауына ие болып отыр. Астана экономикалық форумы арқауындағы бұл жаһандық үнқатысу алаңы, қазіргі дағдарысты қоса алғанда, күн тәртібіндегі әлемдік көкейкесті проблемаларға жауап іздеу үшін түрлі саладағы ғалымдар мен ойшылдарды, саясаткерлер мен сарапшыларды біріктірді. Мұндай бастамашылықты Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан танытпағанда, басқа қай ел танытуы тиіс?
Біз Германияда да қазіргі дағдарыс аяқталудан әлі де алыс жатыр деп пайымдаймыз. Батыс елдеріндегі қолайсыз экономикалық конъюнктура жағдайында әлемдік дамудың орталығы әлемдегі аса дамыған бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылу жөніндегі міндетті тиімді жүзеге асырып келе жатқан, Азиядағы аса табысты экономика ретінде көрінетін Қазақстан орын тепкен Шығысқа ауыса бастағандай.
Германия да Қазақстанды өңірдегі шешуші әріптесі ретінде қарастырады. Біздердің арамызда берік саяси үнқатысу орныққан және сауда-экономикалық ынтымақтастық кеңейіп келеді. 2012 жылы өзара тауар айналымы дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге, яғни 6 млрд. еуроға жетіп, қазіргі таңда тұрақты түрде ұлғая түсіп отыр. Таяу жылдары сауда-саттық көлемі бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімім зор. Бұл үшін бизнес-қауымдастық тарапынан үлкен жұмыс, дәстүрлі бағыттарда, сондай-ақ, инновация саласында бірлескен жобалар талап етіледі. Біз мазмұны әр жыл сайын сапалық тұрғыдан молыға түсіп келе жатқан екіжақты әріптестіктің жаңа деңгейіне өтіп отырмыз.
Менің Астанаға Федералды экономика министрі ретіндегі 2007 жылғы сапарым кезінде, сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевтың Берлинге 2009 жылғы сапары барысында біз қазақстандық әріптестерімізбен ГФР-дің Қазақстанды жаңғыртуға инвестициялық, технологиялық және интеллектуалды үлесінің перспективалары туралы көп айттық. Келіссөздердің аса маңызды қорытындысы «шикізат пен инвестициялар алмасу» формуласы бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізу туралы уағдаластық болды. 2012 жылдың ақпанында Шикізаттық, өндірістік және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжаттың маңызы сонда, Германияның Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін көрсетеді.
Табиғат ұлан-байтақ қазақ даласына минералды ресурстарды – мұнайды, газды, көмірді, металдарды жомарттықпен бере салған. Бұл ірі шетел инвестицияларын тартып, өнеркәсіп пен экономиканың өсімін қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Енді Қазақстан қайталама энергетиканы, қуат үнемдеу технологияларын белсенді ендіру жолымен «жасыл экономикаға» өтетінін және қоршаған ортаны қорғау жөнінде шаралар қабылдайтынын жариялады. Германия мұндай ұмтылысты қолдайды және Қазақстан жасыл технология саласында үлкен әлеуетке және мүмкіндіктерге ие деп есептейді.
Атап айтқанда, бұл жерде әңгіме Қазақстан үшін маңызы зор оқиға – Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы болып отыр. Біз Германияда бұл жаңалықты үлкен қуанышпен және зор серпіліспен қабылдадық. Өйткені, бұл Қазақстанның «Болашақтың энергиясы» тақырыбының әлемдік деңгейде танылғанының белгісі еді. Президент Н.Назарбаев ел халқын кезекті мәрте Қазақстан дамуының жаңаша парағын ашқан ортақ жеңіс төңірегіне топтастыра білді. Санаулы жылдардан кейін-ақ Астананың жайлылықтың, инфрақұрылымдардың және өмір сапасының барлық талаптарына жауап беретін «жасыл» және «ақылды» мегаполис болатынына және әлемге тамаша үлгі тарататынына сенімім зор. 2017 жылы Қазақстан астанасына бару мүмкіндігі туып жатса, оны зор қуанышпен пайдаланатын боламын.
Мені сіздердің болашаққа ұмтылған елдеріңізге экономика мен технология ғана тартпайды. Қазақстан менің жаныма бай тарихы, көп ғасырлық мәдениеті мен қазіргі заманғы көпұлтты рухы бар мемлекет ретінде жақын. Қазақстан-Германия қарым-қатынасында қашанда халықтарымыз арасындағы достық, сенім және өзара түсіністік басым сипат алып келеді. Бүгінде ГФР-де тұратын жүз мыңдаған адам Қазақстанды өздерінің екінші отандары санайды. Міне, табысты өткен Қазақстанның Германиядағы және Германияның Қазақстандағы жылдары дәл осындай рухани жақындыққа бағытталған еді.
«Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандары арқылы барша Қазақстан халқына сәлем жолдаймын. Достас Қазақстанға шын жүрегімнен игілік, өсіп-өркендеу және жарқын болашақ тілеймін. Дана Президенттеріңіздің денсаулығы мықты болсын, ел игілігі жолындағы еңбегі қашанда табыстылығымен ерекшеленсін.