• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қараша, 2020

Ауыл деп соққан жүрек

728 рет
көрсетілді

Ел анасы деген ең биік есімді иелену – екінің біріне бұйыра бермес бақыт. Қанша дәуір аунаса да, қанша заман өзгерсе де, ондай атты арқалаған аналар өз биігінен түспейді. Қадірлі Зықаң – Зылиха Тамшыбаева жайлы естелік жазсам, уақыттың ырқына бағынбайтын, қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын бір нәрсе барын анық білемін. Ол – адамгершілік, ол – адал еңбек, ол – елге тигізген шарапаты.

Зықаң өмірінің соңына дейін осы үш биіктіктің өлшемінен ауытқыған жоқ. Халықты еріншектіктен сақтандырып, жұмыла еңбек етуге үндеді. Жасы үл­кенге құрмет көрсетті. Ізін басқандарға ізет білдірді. Қиындыққа тап болғандарға шығар жол нұсқады. Сүрінгенге демеу болды, жығылғанға қайта бас көтерер жігер ұялатты. Нарықтың алғашқы соқ­қы­сынан ес жия алмай, ел бет-бетімен кеткенде Зықаң алтын бесік – ауылын шашау шығармай, еңбек күшін сақтап қалды. Тығырыққа тірелгендерге жақсылық жасап, талай жанға шарапатын шашты. Халықтың көзі қырағы ғой, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген, нәзік иығымен нардың жүгін көтерген қызға қайраткерлігі үшін ел анасы деген ат берді. Отбасы, ошақ қасына ғана емес, тұтас елге аналық мейірімін төккен ізгі жанмен замандас болғаным үшін, бір өңірде тер төге еңбек еткенім үшін мен де мақтанамын, шаттанамын.

Зықаңның халыққа сіңірген еңбегі еш ұмытылмайды. Оның жүріп өткен жолын тәуелсіз қазақ жастарына ұғындыру, еңбек адамы ретінде үлгі ету, бақытқа жетудің кілті еңбекте екенін бүге-шіге­сіне дейін түсіндіру біздің мойнымызда тұрған асыл міндеттей көрінеді. Сон­дықтан «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы», «Парасат», «Құрмет» секілді бірнеше орденнің иегері, қатарынан озып «Социалистік Еңбек Ері», Алматы облысының Құрметті азаматы атанған, аты аңызға айналған Зылиха Тамшыбаева жайлы төгілте жазсам, ол менің кешегі кеңес­тік жүйені көксеуім немесе бүгінгі қоғамға шекеден қарап, әр нәрсеге бір діл­мәрсіп, ақыл айтуым емес. Кері­сінше, осы жазғаным арқылы тағылымды тарихты парақтай отырып, дәуір тудырған тұлғалардың есімін қайта жаңғыртуды, олардың өнегеге толы өмір жолын жастарға тағы да бір паш етуді көздедім. Олар салып кеткен адалдық пен жауапкершілік үлгісін үзіп алмай, кейінгі толқынмен сабақтастыруға сеп болу біз секілді екі дәуірді көрген адамдарға, ақсақалдық жасқа жеткен аға буынға тіптен маңыз­дырақ екені айтпаса да түсінікті.

Ел анасы Зылиха Тамшыбаева жайлы осымен бірнеше рет қалам тербеппін. Уақыт шіркін бір орында тұрмайды. Көзі тірісінде де талай естеліктерді қағаз бетіне түсірген мына қол енді Зықаңның өмірден өткеніне 10 жыл толғанда тағы да қалам көтерді. Жас ұрпақ алдында ұлағатты әңгімемізді бүркемелемей, ат үстінде жүрген жарқын сәттерді және бір жіпке тізгендей жазып шығып жатсам, бұл тарих үшін де, болашақ ұрпақ үшін де құнды дерек болары анық.

Зылиха Тамшыбаева туралы толғанар тұста қазіргі тәуелсіз Қазақстанмен үндескен, сабақтасқан бірнеше мәселеге назар аударғым келеді де тұрады. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беретін ел экономикасының өрлеуі, жасампаздық және әділетті қоғам құру идеясы. Зықаң да өз зама­нында осы басымдыққа ерекше назар аударып, өзі мекен еткен өңірді гүлдендірді, тұрғындарға тұрақты табыс көзін ұйымдастырып, еңбектің өшпес шамын жақты. Ауыл, облыс, республика үшін талай ғасырға азық болар жасампаз іс қалдырды. Ерге артылған міндетті еселеп атқарып, есімі иісі қазақ жұртына, алыс-жақын шетелге жайылды. Оның еңбексүйгіш образы белгілі қаламгерлердің шығармасына арқау болып, театр сахнасына жол тартты.

Әлі есімде, бәріміз албыртпыз, бәрі­міз Алматыға арман қуып келген жас­пыз. Мақсатымыз – биік, идеямыз көп, студенттік өмірдің бел ортасында жүрген қызықты шақтың бірінде қазіргі Балалар мен жасөспірімдер театрына бардық. Көрерменнің жоғары бағасын алған әйгілі «Беу, қыздар-ай!» қойылымын тамашаладық. Мұндағы бас кейіпкер – Айсұлудың өмірдегі прототипі – Зылиха Тамшыбаева еді. Сөйтіп, мен Зықаңмен ең бірінші өмірде емес, өнердегі көркем бейнесі арқылы таныстым. Әрине, Жетісудың есімі ел аузынан түспейтін еңбекқор қызы туралы бұрын да сыртынан сан мәрте естігенмін. Алайда жерлесімнің сахнадағы образынан кейін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Алматыда Қазақстанның әр өңірінен жиналған замандастарыма Зылиха Тамшыбаевадай әйгілі тұлғамен жерлес екенімді айтып, көтеріліп қалатынмын.

Зықаңмен өмірдегі таныстығым өзі басқарған «Еңбекші» кеңшарына партком хатшысы, кейіннен кеңшар директоры болып тағайындалған сәтінен басталды. Кейін әріптестік байланысымыз үзілген жоқ. Өмірінің соңына дейін біз оны Зықа деп құрметтесек, ол Нәуке, Күлеке (зайыбым) деуден танбады. Қазір қарап отырсам, өмірдің мәні сол сыйластықта жатыр екен ғой. Бір облыста екеуміз қаншама жауапты жұмыстарды иық тірестіре атқардық, қаншама қиындықтарды бірге еңсердік десем, еш қателеспегенім. Несін жасырамын, өзімнен 5-6 жас үлкендігі бар ел анасынан үйренерім де көп болды. Мен үнемі оның ауыл-аймақты басқару әдісіне қайран қалатынмын және жай тамсанып отыра бермей, іскерліктің кілтін іздеуге тырысатынмын.

Зықаң «Еңбекші» кеңшарына жетек­шілік жасағаннан кейін өңірде бірден үлкен өзгерістер орын ала бастады. Ауыл маңайындағы жол қалыпқа келті­ріліп, егістік алқаптарына жан бітті. Қызу еңбектің науқаны қарқын алды. Еңбекші ауылының экономикасы ақсап, өзге өңірлермен салыстырғанда кейінге қалған еді. Зықаң қара су басқан жолдарды, ауыл көшелерін қайта жөндеп, аз уақытта үлкен іс тындырып үлгерді. Өңірде қызған құрылыспен қатар егістік алқаптары да кеңейтіп, дәнді-дақыл көлемі еселеп артты. Еңбекші ауылында агротехника мәдениеті насихатталып, әр тақырыпта тәжірибелік семинар-кеңестер ұйымдастырылды.

Әсіресе, қызылша өсіруде ауыл тұрғын­дарының аты шығып, облыстан әрі республикаға тарап жатты. Еңбегі ескеріліп, бағы жанған ауыл азаматтары ауылдық, аудандық, облыстық кеңес депутаты болып сайланса, Зықаң ұзақ жыл бойы ҚазССР Жоғары Кеңесінің депутаты ретінде бүкіл одақтас елдерге танылды. Зықаңның небәрі 23 жа­сында халық қалаулысы атанып, депутат мінберінен үн қатуы ерен еңбе­гінің арқасында жеткен нағыз тарихи оқиға дер едім. Одан кейін де бас-аяғы 17 жылын депутаттыққа арнап, елдің мұң-тілегін жариялап, талай мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Жоғары Кеңес төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуы оның тұлғалық келбетін бұрынғыдан да айшықтай түсті.

Иә, Зықаң мұндай атақ-дәрежеге, танымалдылыққа жайдан-жай жете салған жоқ. Бұл жерде тағы да адам даңқын адалдығы мен еңбекқорлығы, ортасына деген сыйласымдылығы, көпке топырақ шашпай, үнемі қамқорлықта, береке-бірлікте жұмыс істеуі секілді мәңгілік құндылықтар шығаратыны ап-айқын көрініп тұр. Зықаңның бүкіл өмірі ауылмен байланысып жатыр. Ол қалаға ұмтылмады, қалың елі – қазағының түп-тамыры ауылмен өрілгенін жақсы білді.

Тағдырдың жазғаны болар, анасынан жас қалған Зылиха еңбекке ерте араласты. Қыз ретінде үй шаруаларын толығымен өзі атқарды. Қиын­шылықтың салмағы артқан сайын қағылез жастың да бұғанасы ерте бекіп, қамығуға жол бермей, керісінше, жігерленіп өсті. Оның балалық шағын, қалыптасу жылдарын кіндік қаны тамған жері – Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылының тұрғындары әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.

Кітапхана меңгерушісі, бастауы­ш комсомол ұйымының хатшысы, тауар­лы-сүт фермасының меңгерушісі, ауыл­дық кеңестің төрайымы секілді қыз­мет сатыларынан шыңдалып шыққан Зылиха Жанболатқызы, қазақтың қара домалақ қызы қайраттылығы мен ерен еңбекқорлығының арқасында қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілді. Сол кездегі Талдықорған ауданы, Сталин атындағы ұжымшар төрағасы, аты одаққа танылған Нұрмолда Алдабергеновке арнайы келіп, шаруашылығымен танысып, ақыл-кеңесін тыңдап, ағасының ақ батасын алып қайтуы, айтары жоқ, Зылиханың нағыз еңбек адамдарын құрметтейтінін білдіреді.

Жастардың білімге құштарлығын арттыру, еңбекке ынталандыру, ауыл мәдениетін дамытуға жұмылдыру сияқ­ты тәрбие жұмысының арқауын іс жүзінде ұтымды ширата білген жас Зылиха партия, кеңес органдарында мәртебелі әрі басшылық қызметті үлкен абыроймен атқарып, ел мақтанышына айналған Бижамал Рамазанова, Бәтима Сақауова сынды апаларымызбен де қоян-қолтық жұмыс атқарды. Қарақан басы­ның қамынан ел мүддесін жоғары қойып өскен апаларымыз оның бар­лық бастамашылық ұсыныстарын қолдап, ойлаған ойының орындалуына көмектерін көрсетуден, ақыл-кеңес беріп, іскерлікке, тиянақтылыққа баулудан жалыққан емес.

Нәтижесінде, мінез-құлықтары әртүр­лі, жас мөлшерінің айырмасына қарамастан, Жетісудың үш ару қызы, абзал анасы, ардақты әжесі туыстан жүріс жақын дегендей, бір-бірімен дос болып, еңбек ардагері, қоғам қайраткері атанып, күллі қазақ халқына танылды, қошеметіне бөленді. Бұл айтып отыр­ғанымның асыра дәріптеуден аулақ, шынайы мінездеме екенін Көксу ауданы ғана емес, Талдықорған өңірінің бүкіл қазіргі еңбекшілері қолдайды, қуаттайды, бөле-жармай, бір кісідей біздің Зықаң деп пір тұтады.

Мұның сыры айтпаса да белгілі. Зықаң бір әулеттің емес, үлкен ұжымның көшін бастады. Әркімнің қысылғанда қасынан табылатын жанашыры, қуа­нышта төрінен көрінер құрметті қонағы, ел анасы бола білді. Ауыл тұрғын­дары ол кісіні «мамка» атап кетуі оның қандай ізгі жан болғанын айғақтайды. «Мейірімділік анадан» деген қазақтың қасиетті сөзі бар. Зылиха осы даналыққа лайық жан еді. Табаны күректей 35 жыл бойы «Еңбекші» ауылын гүлдендіруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Оның жүрегі ақтық демі қалғанша ауыл деп соқты.

Жаңа толқын – жастарға үлгі бола білген ірі тұлға, тарих еншісіне енген ХХ ғасырдың батыры – Еңбек ері, жаңа заманның танымал кәсіпкері Зыли­ха Жанболатқызы өз ошағында да үлгілі ана, мейірман әже болды. Тоқсанбай ағамыздың адал жары, төрт баланың асыл анасы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп, шөберенің қолынан дәм татып кетті. Өмірінің соңғы демі тоқтағанша, елінің келешегін ойлап, заман ағымы жайлы пікір айтып отырды. «Міне, менің жасым жетпістен асса да «Еңбекші» ЖШС басшылығында отырмын. Қимағаннан емес, ана бір жылдары алмағайып уақытта қол ұшын созған азаматтардан алған қарызымды қайтарып болған жоқпын», деп көзі тірісінде айтқан бір сөзі үлкен жауапкершілікті, жас кәсіпкерлерді қандай болсын қиын­дыққа төтеп берер тиянақтылыққа, іскер­лікке, адамның асыл болмысын сипат­тап, қадір-қасиетін асқақтататын адалдыққа тәрбиелеп тұрған жоқ па?!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасын жариялағанда, жарықтық Зықаң есіме түсті. Жетісудың мақтан тұтар нәзік жаны қылышынан қан тамып тұрған кеңес кезінің өзінде де ұрпақ сабақтастығына мән беріп, ауылдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалуға күш салды. Әсіресе, жас­тар­дың бойына отаншылдық рух дарытып, адал еңбек етуге шақырды. Жас мамандарға қолдау білдіріп, олардың тәжірибе жинақтауына, өз саласында аяғынан тұрып, кәсібін меңгеріп кетуіне мол мүмкіншілік жасады. Жастарды бетінен қақпай, болашақтың тұтқасы деп қарады. Міне, Зықаңның осы ұста­нымдары қазір де маңыздылығын жойған жоқ. Президентімізден бастап жастарға қолдау көрсетіп, арнайы Жастар жылы жарияланды. Олардың кәсіп ашуына, баспаналы болуына, қызметте мол тәжірибе жинақтауына жеңілдіктер, мүмкіншіліктер қарастырылды. Ал Еріктілер жылында қаншама мұқтаж отбасына қайырымдылық жасалып, бір-біріне көмек көрсетудің маңыздылығы насихатталуда. Бұл да Зықаңның ауы­лында болған тәжірибе. Ел анасы ауылдағы әрбір тұрғынға, әрбір отбасына қамқорлықпен қарап, бір-бірі­не көмектесуге, жанашыр болуға, қарай­ласуға үндеді. Нарықтық эконо­микаға бейімделе алмай, тұрмыс тауқыметін тартқан қаншама шаңырақты алға сүйреді десеңізші?!

Сол бір қиын-қыстау заманда ауы­лдар қаңырап, небір сапалы маман иелері қала жағалап, сауда жасап кетті. Сондай сындарлы шақта Зықаң­ның ауылынан бірде-бір адам сыртқа көшкен жоқ. Керісінше, Зықаң тығырықтан жол тауып, табыс көзін ұйымдастырып, елдің еңсесін тіктеді. Қиындыққа шыдамдылық танытып, береке-бірлікке сызат түсірмеуге тырыс­ты. Зықаң жастайынан әділеттілікті, тәртіпті, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұйымшылдықты сүйді. Өзі басқарған ауылын да соған үндеп, кейінгі жастарға өшпес өнеге көрсетті.

Зықаң ауыл тұрғындарының ауызбір­шілігін арттыру, еңбекке баулу, та­биғатты таза ұстау мақсатында Көше тойын өткізетін. Мұнда тек көшенің тазалығы ғана емес, бау-бақшаға, әр үйдің ішіне, ауласына да баса назар ауда­рылатын. Мақсат тазалыққа мән беру болғанымен, осы бір шағын шараның өзі ауылдағы ағайынды бір-бірімен жақындастырып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыра түсетін. Жасыратын несі бар, мен де Ақсу аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқара жүріп, аудан тұрғындарын адал еңбекке баулып, ауыл мәртебесін көтеруге жұдырықтай жұмылдыруда Зықаңның осы әдісін өзімше түрлендірдім. Ауыл тойы деген шараны қолға алып, өңірдің өркендеуіне атсалыстым. Осы бір шаралардың арқасында мен жетекшілік еткен аудан облыс көлемінде жаңа бір қырынан көрінді. Мінекей, Зықаңның бір идеясы­ның өзі осындай үлкен нәтижеге алып келетін.

Бүгінде өңірлерде «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» жобалары аясында қанша игі іс атқарылып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Ауылдың дәрежесін көтеріп, инфра­құрылымын дамыту – кезек күттір­мейтін іс. Зықаң да ауылдың экономикасы мен құрылыс нысандарына көңіл бөліп, елді мекеннің ажарлы болуына күш салатын. Қайда жүрсе де, ол арыдан ойлайтын, көреген, іскер, ұтқыр ұйымдастырушы еді. Ер атқара алмас небір жауапты жұмыстарды ұршықша иіріп, ұтымды шешім шығарып отыратын. Оның осы бір артықшылығына қайран қалып, ғасырларда бір туатын тұлға ғой деп топшылайтынмын. Бүгінде оның жарқын бейнесін ойлаған сайын осы ойымның ақиқаттығына көз жеткізе түсемін.

«Еңбекші» кеңшарына келген алғаш­қы күннен бері Зылиха Жанболатқызының қасында болған, басшылық қызметте жүрген Таңатар Әбдірахманов есімді азаматтың: «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш айлығын ойламаған еркектен без» деген үлкендердің ақылынан ауытқымай, талай шаруаны тындырып, талай нәтижеге қолы жеткен адамның бірі едім. Ал Зықаң бесжылдық жоспардың әр тармағын өндірістік-қаржылық жоспарға кіргізіп, бекітумен шектелмейтін. Оны орындау жолын саралап, әрқайсымыздың жауапкер­шілігімізді анықтап, мүмкін­шіліктерімізді пысықтап, келешектің қамын кеңінен ойластырып, маңдай термен келетін толағай табысты бар­мақ басты, көз қыстыдан аулақ, ысы­рапсыз жұмсап, шашып-төгуге, талан-таржаға салуға жол бермей, ел игілігіне тиімді пайдалануды мұқият қада­ғалап, бәрімізді үнемділікке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа баулып отыратын. Партия талабы солай болған шығар. Дегенмен біздің Зықаң партия сенімінен гөрі халықтың сенімін жоғары бағалап, өз тағдырын елдің тағдырымен ұштастырып әр әулеттің тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып отырған адам. Оның басқалардан артықшылығы да осында жатыр», – дегені бар еді.

Иә, айтса айқандай-ақ, ертеректе өзінің тікелей басшылығымен салынған еңселі Мәдениет үйі, жаңа үлгідегі мектеп пен балабақша, екі қабатты сауда орталығы мен емхана ғимараттарының, су құбырының істен шықпай сақталуы, ауыл көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылып, бірде-бір тұрғын үйдің қаңырап бос тұрмауының өзін сырт көз осы елдің береке-бірлігі деп санаса, ауыл тұрғындары оны Зықаңның арқасы дейді.

Қандай жақсы пікір десеңші?! Тіпті өңештен ала келген оңтайландыру саяса­тына қарамастан, Бесқайнар орта мектебінің сақталуы, Әбдібек Дүйсе­ковтің демеушілігімен Кеңарал ауылын­дағы Сәндібала Қырықбаева атындағы мектептің бастауыштан сегіз жылдыққа, одан орта мектепке айналуы – соның дәлелі. Мұның сыртында әркім өз қажетін өзі табатын қысылтаяң күн туғанда, алғашқылардың бірі болып диірмен, наубайхана, шұжық, макарон шығаратын цех салынып, оның өнімдерінен түскен табыс күн сайын тамшылап тұрды. Мұның бәрі күні кешегідей ауыл тұрғындарының жадында.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды». Қазақтың осы бір сөзі қандай мағыналы еді десеңізші?! Зықаңның бұл пәнимен қоштасқанына да он жыл өте шығыпты-ау. Жадырасып жүрген, қызу еңбектің көрігін қыздырған қызықты шақ кеше ғана сияқты еді. Уақыттың тегершігі адамның ырқына бағынбайды. Әрі-беріден соң санаңды да өзіне бағындырып, өткен күнді ұмыттыруға тырысады. Бірақ Зықаңдай ел аналары ешқашан халық жадынан өшпейді. Өйткені ол қазақ әйелінің қандай болатынын өзінің ерен еңбегімен паш етіп кетті. Көне тарихтан сыр тарқатсақ, Тұмар патша, Ұмай ана, Домалақ ана, Бопай, Айғаным, Зере, Әлия мен Мәншүк, Ләззаттардың көшіне Зылихадай ел анасының есімі де қосылғаны еш дау тудырмаса керек.

 

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы