Қостанай облысында мемлекеттің айрықша қамқорлығына алынған екі аймақ бар. Оның бірі – әйгілі Наурызым қорығы, екіншісі – Амангелді, Жангелдин аудандарының аумағында орналасқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты. 490 мың гектарға жуық аумақты алып жатқан резерваттың заңды мәртебесі мемлекеттік қорықтармен теңеседі. Бас кеңсесі – Амангелді кентінің орталығында.
Орталық Қазақстанның солтүстік шөлді, шөлейтті далаларының экожүйесін, биоалуантүрлілігін, Бетпақдала киіктерінің көбеюін, олардың көшіп-қонуын, негізгі төлдеу, қыстау, шоғырлану, орындарын сақтау, аймақтағы ең ірі орнитологиялық аумақ – Сарықопа тұщы сулы көлдерінің бірегей жүйесін сақтау мақсатында осыдан 8 жыл бұрын құрылған резерватта киіктерді қорғаумен қатар, сирек кездесетін өсімдіктер, құстар әлемін зерттейтін сан-салалы ғылыми жұмыстар да жүріп жатады.
Бүгінде табиғи резерватта 111 адам жұмыс істейді. «Алтын дала» резерваты директорының міндетін атқарушы Бейсенғали Айтбаевтың айтуынша, күн тәртібіндегі басты мәселе – резерват аумағын сыртқы зиянды және антропогендік әсерлерден қорғау, киік көрсе көзі қанталап кететін браконьерлердің жолын кесу. Осы мақсатта бөлімде 86 мемлекеттік инспектор жұмыс атқарады.
– Жалпы қорғалатын аумақ 489 766 гектар, бұл аумақ Ұлы-Жыланшық, Сарықопа, Тосынқұм деп аталатын үш кластерлі жер телімдеріне бөлінген. Ұлы-Жыланшық жер телімін күзету-қорғау мақсатында 5 қадағалау-өткізу бекеті жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілсе, аумақты толыққанды бақылау үшін тағы да 2 бақылау бекетін ашу жоспарда бар. Ал Сарықопа жер телімі сулы-батпақты алқап болғаннан кейін онда қазірше жалғыз бекет жұмыс істеп жатыр. Алайда алдағы уақытта тағы бір қадағалау-өткізу бекетін ашу ойда бар. Тосынқұм жер телімі бойынша 2 бекет жұмыс істейді. Бұл аумақ та қосымша 2 бекет ашуды қажет етеді, – деді Б.Айтбаев.
Кешегі тас дәуірінен жеткен киелі жануар саналатын киіктер көктемде Ұлы Жыланшықтың бойына келіп төлдеп, осы маңда өреді. Осы маусымда оларға төнетін қауіп те күшейе түседі. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін резерват меншігіндегі техника саны жеткілікті. Қазірдің өзінде көліктің 30-дан астам түрі бар. Алайда жолсыз далада қандай мықты машина болсын, шыдас бермейді. Сондықтан кезекшіліктен оралысымен, жүргізушілер демалуға емес, көлік жөндеуге кіріседі.
– Қазір браконьерлер тек қана жол талғамайтын кілең қуатты, жүрдек көліктерді мінеді. Біздің мінгеніміз – сол баяғы Ресейдің «УАЗ» маркалы көліктері. Киіктер үдере қоныс аударатын, күйлейтін мезгілдерде броконьерлер қару асынып, қыр кезуді жиілетеді. Сондықтан осы уақыттарда күзет күшейеді. Бізге «Ырғыз-Торғай» резерватының қызметкерлері де қолұшын созады. Браконьерлердің жүрдек көлігі мен мықты қаруына қарсы бірлесе қимылдауға тура келеді, – дейді табиғи нысандарды қорғау бөлімінің басшысы Серікболсын Қожанов.
Қанша жерден бес қаруы сай, көлігі мықты болғанмен, қорғауға алынған аймақтарда қаскүнемдер аяғын қазір аңдап басатын болған. Біраз жылдан бері «Алтын дала» резерватындағы түз тағылары тікұшақтың көмегімен қорғалады. Соңғы жылдары инспекторлар барлық құзырлы орындармен тізе қосып жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған.
– Резерват аумағында биыл жыл басынан бері орта есеппен 81 рейдтік бақылау жүргізілді. Аумақты қорғау жұмысы патрульдік жолмен атқарылады. Резерват инспекторлары жергілікті құқық қорғау органдарымен және «Охотзоопром» ӨБ-нің инспекторларымен бірлескен рейдтік бақылаулар жүргізеді. Өрт қаупі жоғары маусымда инспекторлық күзет жұмысы күшейтіледі. Браконьерлермен күрес жыл бойы жүргізіледі. Кей кездері сол браконьерлермен де бетпе-бет келетін кездер орын алып жатады, – дейді тәжірибелі инспекторлар.
Резерват аумағында өсімдіктің 370 түрі бар. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 5, сирек кездесін 10 түрлі өсімдік өседі.
«Алтын дала» табиғи кешендерді қорғаумен қатар, жергілікті мектеп оқушылары мен тұрғындарға табиғат байлығын насихаттау мақсатында ағарту және туризм саласымен де айналысады. Осы мақсатта түрлі дәрістер, дөңгелек үстел отырыстары, сайыстар, табиғатты қорғауға арналған әртүрлі акциялар ұйымдастырылады.
– Соның ішінде кең көлемде өтетін халықаралық деңгейдегі «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясын атап кетуге болады. Бұл акция резерватта 2013 жылдан бері бастау алған. Акцияның негізгі міндеті табиғатты қорғауға, аялауға, туған жердің суы мен тоғайына, жан-жануарларына қамқор болуға насихаттау. Сонымен қатар резерваттың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Сарықопа жер телімінде «Айтуар» туристік маршруты құрылған. Биыл пандемияға байланысты келушілер сиреп қалғанымен, былтыр, алдыңғы жылы туристер көп келді, – дейді С.Қожанов.
Дерекке сенсек, өткен ғасырдың 90-шы жылдары киік саны 1,3 млн-ға жеткен. Алайда бас-аяғы 20-25 жылдың ішінде ақбөкендер аяусыз қырылды. Содан бастап мемлекет дала жануарларын қорғауды күшейте бастаған. Табиғи кешендерді қалпына келтіру және мониторинг бөлімі мамандары 2019 жылы жүргізген санақ есебі бойынша резерват Бетпақдала популяциясына жататын бөкендердің саны 35 мыңнан асқан.
«Алтын дала» табиғи резерватының қызметкерлері бүгінде Амангелді ауылындағы шағын үйді паналап отыр. Мекеме ғимараты тар болғандықтан, шектеу шараларына байланысты инспекторлар қашықтан жұмыс істеу режіміне көшірілген. Алайда әу баста қабылданған жоба бойынша резерваттың кең кеңсесі, музейі, ауа райын болжап, түз тағыларының қай бағытқа ауатынын бақылап отыратын арнайы бекеті салынуы керек екен. Табиғат қорғаушылар алдағы жылы бұл нысандар да салынып қалатын шығар деп үміттеніп отыр.
Қостанай облысы