• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2020

Жезқазғандағы «жерұйық»

361 рет
көрсетілді

Былтыр Жезқазған қаласындағы балалар мен жасөспірімдер сарайының базасында «ЭкоОбраз» қоғамдық бірлестігі жобасының бастамасымен Жасыл технологиялардың ресурстық орталығы құрылған еді. Қазір мұндағы тәлімбақта 3 мыңнан аса көшет өсіп шықты.

Аталған орталықтың жетек­шісі Андрей Матвеев тәлімбақ­тағы көшеттерді өсіруге бала­лар­дың белсенді түрде атсалы­сып жүргенін мақтанышпен айтады.

– Балалар тұқым жинау мен оларды отырғызудан бастап өсі­рілген көшеттерді күтуге дейінгі аралықтағы жұмыстардың бәрін өз қолдарымен, зор ынтамен істейді, – дейді ол.

Орталықтағы тәлімбақта ағаш­­тың әдемі сәнағаш (каталь­па), киіз павловния және қара­пайым өрік сынды үш түрі өсіріледі. Бұл өсімдіктер Жез­қаз­ған өңірінің климаттық ерек­шеліктері ескеріліп таң­далған. Биылдың өзінде қалада отыр­ғызылған 500 көшеттің 90%-дан астамы тамыр алып, жерсініп кет­кен екен.

Тәлімбақтағы жұмыс мынадай үдеріс бойынша ұйым­дас­тырылады: көктемде бар­лық көшет жылыжайда отыр­ғызылады. Тамшылатып суару, гидрогель, вермикомпост сын­ды тәсілдер суаруға қажет су­дың мөлшерін үнемдеп қана қой­май, өсімдіктердің өсуі мен дамуын едәуір жылдамдатады. Егер қалыпты жағдайда каталпа көшеттерін өсіруге 2-3 жыл уақыт кетсе, мұнда 9 айдан 1,5 жылға дейін, ал павловния аға­шын жарты жылдан кейін отырғыза беруге болады.

Бүгінгі таңда тәлімбақтың көлемін кеңейту бойынша жұ­мыстар қолға алынған. Birgemiz: Taza alem жобасының шағын гран­тының арқасында балалар мен жасөспірімдер сарайында тағы 220 шаршы метр құр­ғақ топырақ тамшылатып суару тә­сілімен қамтамасыз етіл­мек. Бұдан бөлек қаладағы №26 гим­назияның базасында қосымша алаң пайда болады.

Алдағы уақытта Жезқаз­ған­ның шап-шағын «жерұйы­ғына» айналған тәлімбақта өсімдік түр­лері көбейтіліп, емен, қайың, ар­ша сияқты ағаш көшеттері өсіріл­мек­ші. Мамандар өздері айналысып жүр­ген берекелі істің Жезқазғанды ғана емес, басқа да өңірлерді жасыл же­лекке бөлеу жобасына игі әсерін тигізетініне бек сенімді.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы