• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2020

Аққұмдықтар асардың игілігін көрді

675 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында халықтың көнеден келе жатқан дәстүрін қайта жаңғырту туралы бастама көтерген болатын. Осыған байланысты облыстың түкпір-түкпірінде құрылыс жұмыстары қарқын алып, асар әдісі қайта жанданды. Аталған жоба аясында Талас ауданы Аққұм ауылында қос бірдей үй пайдалануға берілді.

Салтанатты рәсім барысында ауылда бой кө­терген жаңа тұрғын үйлердің кіл­тін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жыл­қыбаев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы табыс етті.

«Келісті атаның жолы кейінгіге үлгі» де­мек­­ші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» – ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Талас ауданы Ақ­құм ауылының тұрғыны Қанат Тәкеевке баспана берілді. Сондай-ақ ауылдағы Төлебай Тұң­ғатар мешітіне қыз­мет­тік нысанның кілті табыс етілді. Бұл іс-ша­раға ауылдан шыққан еріктілер де зор үлес қосты.

«Жақсылықты бөліссең, көбейеді. Сынақ­қа толы өмірде біздің ғұмырымыз осындай жақ­сы істерден тұруы тиіс. Осындай қайы­рым­ды істердің ұйытқысы болып жүр­ген ауыл тұр­ғындарына Алла разы болсын! Баспанаға мұқ­таж азаматтардың ісіне Алла жеңілдік берсін. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, ақ­жол­­тай жаңалыққа толды. Ендеше бәрі сәтімен болғай. Біздің имамдар, қайырымды жандар осындай қысылтаяң уақытта да тоқтамай, үлгі істе­рін жалғастыруда. Өнеге іс жалғасын тапсын», деді жиын барысында ағынан жарылған Бас мүфти.

Жаңа баспананың сырты қоршалып, заманауи үлгіде соғылған. Көлемі 110 шаршы метрлік төрт бөлмелі үйдің құрылысын ауыл жастары тура төрт айдың ішінде аяқтап шықты. Құрылыс жұмыстарына 4 миллион теңге қаражат кеткен. Оны да ауылдастар мен кәсіпкерлер жинап берді. Тіпті, алыс-жа­қын облыстардан да көмек қолын созған ағайын мен елге танымал өнер қайраткерлері де бар. Демеушілердің көмегімен жаңа қоныс иеле­ріне  жиһаз бен тұрмыстық техника тарту етілді. Айта кетерлігі, Қанат Тәкеев – төрт бала­ны тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке. Оның жұбайы бірнеше жыл бұрын жол апатынан қаза тапқан еді.

«Бүгін осындай үлкен үй салып беруге атсалысқан аудан, ауылымыздың басшыларына, имамға, ақсақалдар мен жастарға, кәсіпкерлерге, барлық ауылдастарыма алғысым шексіз. Ынтымақ-бірлігіміз ажырамасын. Қиын-қыстау кезде осындай қолдау көрсеткен баршаңызға Алланың нұры жаусын», дейді қуанышын жасыра алмаған жаңа қоныс иесі Қанат Тәкеев.

Қызметтік үйдің құрылысын жүргізуге Ақ­құм ауылының азаматы Асангелді Отаров тіке­лей жетекшілік етіп, негізгі қаражатты өз қал­тасынан төледі. Құны 3 миллион теңгелік 4 бөл­мелі, 90 шаршы метр бұл нысан ауылдағы Төлебай Тұңғатар мешітіне берілді. Онда ауыл балалары асыл дініміз Исламның қыр-сы­рын үйренеді. Қызмет үйі ұстаздарының жала­қы­сын ауылдан шыққан азамат Талғат Байсынов өз қалтасынан төлеп отыратынын жеткізді.

Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиын барысында ауылдағы жаңа ғимараттарды салуға атсалысқан Асангелді Отаров пен Талғат Байсыновқа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Алғыс хатын табыстады. Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов баспана салуға ұйытқы болып, тұрғындарды ұйымдастырған ауыл азаматтары Олжас Отар мен кәсіпкер Мұхтар Шахановты «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттаса, аудан әкімінің Алғыс хаты көмек қолын созған бірнеше ауыл тұрғынына берілді. Сонымен қатар құрылысты аяқтауға қолұшын созған Мұрат Ошақбаевқа «Талас ауданының құрметті ардагері» медалі тарту етілді.

Сондай-ақ жиын барысында белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров жиналған қауымға арнау айтты. 

Қайырымдылық шарасынан кейін жаңа үйдің ауласына ағаш отырғызылды. Ауыл тұрғындары мұндай игі шараның алдағы уа­қытта да жалғасатынын жеткізді. Бас муфти ауылдық округ ауруханасына  өкпені жасанды желдету аппаратын табыстады. Сондай-ақ 10 отбасыға азық-түлік таратылды. Ауыл еріктілері «Асарлатып үй салу» бастамасына осылайша бір кісідей үлес қосты.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төра­ғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Таған­ұлы, Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов же­міс ағашын отырғызды.

Айта кету керек, бұған дейін Талас ауданында асарлатып салынған үйлердің ал­ғашқысы Майтөбе ауылында берілген еді. Қазір­гі таңда аймақтағы еріктілер жұмылған игілікті іс көпшіліктің көңілінен шығып, бұқара жұртты қуанышқа бөлеп келеді. Жоба аясында Талас ауданындағы 9 ауылдық округінде тұрғын үй салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Негізінен, асарлатып салынған үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасыларға беріледі. Құрылысты жүргізуге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жас­тар көмек­тесіп, кәсіпкерлер демеушілік көрсе­теді.

 

Жамбыл облысы