• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қараша, 2020

Ақсораңнан ұшқан ақсұңқар

246 рет
көрсетілді

Кең бөлменің үлкен терезесінен күзгі шуақ құйылып тұр екен. Үй іргесіндегі жуандығына құшақ жетпейтін қайыңның бұтақтары терезеден сығалап қарайды. Кешегі жасыл бояудан арылған, уақыт табы сап-сары етіп қақтап тастағандай. Тоқсанның бесеуіне табан іліктірген майдангер жұмсақ креслоға жайғасыпты.

Әуелі ауыл-елдің амандығын сұраған. Содан соңғы әңгіме әлібі өзі жайы, өз өмі­рі төңірегінде сабақталды. Жарық дүние есігін ашқан жері қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауда­нына қарайтын Әлжан ауылы. Жер бетін­дегі жұмақ іспетті табиғаттың тартуы молынан бұйырған елді мекен. Ауыл іргесінде Ақсораң тауы. Баурайы мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай ақ қайыңға сыңсып тұр. Тау етегінде тананың көзіндей мөлдіреп, шалқып жатқан айдын су – Ақкөл.

Туған жері есіне түскенде қарт тебі­реніп кетті-ау деймін, көз алдына кіреуке ілінген. Бұл күнде қатарының азайғанына өкінді. Бұрынғылардың сөзі рас екен деп бір түйді. Содан соң балалық, жастық шаққа ойысқан. Ұлы Отан соғысы алдын­дағы ауыл балаларының өмірі бір-біріне ұқсас қой. Әке-шешесі адал еңбектерімен қоғам байлығын еселеуге үлес қосқан колхозшылар екен. Асылбек аға да қабырғасы қатып, буыны бекіместен ауыр еңбектен қажып жүрген ата-анасына көмектескен. Болашақтың білімде екендігін бағамдаған ата-анасы балаларын оқытқысы келіпті. Бірақ орта мек­тепті бітіре алмады. Алыс­та, тым-тым алыста болғанымен, суығы тұла бойын тоңдыратын Ұлы Отан соғысы жүріп жатты. Елмен бірге әкесі де, үлкен ағалары да майдан даласына аттанды. Өкінішке қарай, ағаларының бәрі Отан қорғау жолында қаза тапты.

Ұжымшарда екі жыл жұмыс істеген­нен кейін кезек Асылбек ағаға да келді. Ағаларының майдан даласында опат болғанын естіген соң кеудесіне кек қатқан жасөспірім майданға аттанды. Фрунзе қаласында жаяу әскер училищесінде әс­кери қызметтің алғашқы сабақтарын оқы­ды. Училищені ойдағыдай бітіргеннен кейін денсаулығының ерекшелігін және оқудағы дұрыс мінез-құлқын ескере отырып, Мәскеу әскери округіне жіберді. Дәл осы уақытта Жоғары Бас қолбасшының резерві, қарулы күштердің жаңа түрі – элиталық әуе десанты әскері қалып­тасып жатқан болатын. Бұлар да күн-түн жаттығу өткізіп, Карель мойнағында жауға қақырата соққы беру үшін дайындалды.

Әп еткен бетте жергілікті жағдайда жауға қарсы әскери іс-қимыл жүргізу үшін жақсы даярланған жауынгерлік қақтығыстарға қатысты. Соның ішіндегі ең ерекшесі – Свирь операциясы еді. Онда жаудың бас көтертпейтіндей дауылды оғының астында қарудың барлық түрлерінен Ладога және Онеж көлдерін қосатын стратегиялық маңызы ерекше Свирь өзені арқылы өткел салу жүзеге асырылған еді. Сол жерде жаудың қуатты қорғанысын жапыра шаныштап өтті. Қазіргі күні еске алса, өлім мен өмір таразы басын тең тартқан, тілмен айтып жеткізгісіз алапат сұмдық арпалыс болған екен. Төрт құбыланың бәрін ажал аңсаған жау оғы түртінектеп тұр. Төңірек лапылдап жанған отпен қара қошқыл реңге боянып, қолқаны қабатын түтінге айналып кеткен. Әне бір жерде танк жанып жатыр, мына бір жерде зеңбіректердің қақырай сөгілген қаңқасы үйіліп қалыпты. Егер тозақ шынымен болатын болса, дәл осы жерде тәрізді болып көрінген. Кеңес жа­уынгерлері сол тозақтың ішінде қайт­пас қайсар ұрыс салды. Жүзден, жүзден емес-ау мыңнан іріктеліп алынған десантшылар қанша тегеуірінді болса да жауға төтеп беріп, жеңіске жетті. Осы операция үшін батальондағы 12 десантшы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батальон жауынгерлерінің ішінде марапатсыз қалған ешкім жоқ. Асылбек ағаның да кеудесіне «І дәрежелі Отан соғысы» ордені тағылды.

Тозақ оты жымыңдаған операция бұ­дан кейін де аяқтала қойған жоқ. 350 ша­қырым қашықтықта, жау ішіне қарай ауыр айқас күтіп тұрған. Жан алып, жан беріскен қанды майдан Маннергейм ше­бінде Финляндия шекарасына дейін со­зылды. Осы майданда десантшылар қатары селдіреп қалды. Ротадағы 60 де­сантшының бесеуі ғана тірі қал­­ған. Әңгіме дәл осы жерге келгенде Асыл­бек ағаның маңдайындағы жаңа сәл жі­ңішкелеу көрінген әжім іздері те­реңдеп бара жатқандай көрінді. Қаза бол­ған май­дандас десантшы жолдастары әлі күн­ге дейін есіне түседі екен. Тіп­ті, кө­бі­нің аттарын да ұмытпапты. Айт­пақ­шы, Асылбек Дәулетов Свирь өзенін кесіп өткені үшін орденнен басқа Бас қол­басшы И.Сталиннің Алғыс хатын да алды. Финдермен болған шайқаста асқан ержүректік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» ме­далімен марапатталды.

Карель майданындағы шайқастардан кейін бірінші Украин майданының құ­рамында атақты Сандомир плацдар­мын алуға және оны ұстап тұруға қа­тысып, Висло-Одер операциясының бел ортасында жүрді. Украинаны, Мол­давияны, Румынияны басқыншы жаудан азат етуге қатысты. Үшінші Украин майданының құрамында Будапешт пен Венаны азат ету барысындағы қиянкескі майданда қазақ жауынгері ерлігімен әйгілі болды. 1945 жылдың наурыз айында жарақат алып, Венгрия астанасының маңындағы әскери госпитальда емделді. Бар адам аңсаған ұлы Жеңісті Венгрия мен Аустрияның ше­­ка­расындағы Шопрон қаласында қарсы алды.

Соғыс аяқталғаннан кейін аға сержант ше­нінде тағы да бес жыл қызмет етті. Бір жылы Аустрияда, одан кейінгі төрт жы­­лы Украинада өтті. 18 мәрте әскери наг­­радаға ие болған Асылбек Жәзи­ұлы бей­біт өмірде де ерлікке пара-пар еңбек етті. 1950 жылдың мамыр айында елге орал­ғаннан кейін ең­бекке араласты. Айт­пақ­шы, кешегі майдангердің тұла бойын кер­неген күш-қуатынан басқа ешқандай ма­мандығы жоқ екен. Әйтсе де, мәселе күт­пеген жерден ше­шілді. Көкшетау аудан­дық партия коми­тетінде партиялық есеп­ке тұрған ке­зінде аудандық партия ко­­ми­тетінің бірін­ші хатшысы оның өмір­бая­нын, мінез­демесін оқып отырып, үлкен үміт күтіп, аудандық партия комитетінің нұс­­­қаушысы қызметін ұсынды. Біраз уақыт өткен соң партия қызметкерінің ке­­лешегі бар екенін, әйтсе де саяси білі­мі­нің аздығын аңғарған аудан басшыла­ры Асылбек Жәзиұлын Қазақстан Ком­­­партиясы орталық комитетінің жа­нын­дағы төрт жылдың партиялық оқу­ға жі­бер­ді. 1961 жылы оқуын аяқтап шық­қаннан кейін қосымша мамандық алу үшін Талғар ауылшаруашылығы техникумына сырттай оқуға түсіп, агроном мамандығын алды.

Оқуын бітіріп келген жас жігітті Көк­шетау облыстық партия комитетінің бю­росы Арықбалық аудандық партия коми­тетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынды. Асылбек Жәзиұлы бұл ауданда көп қыз­мет еткен жоқ. Аудан таратылып кет­кен­­нен кейін Володар аудандық партия коми­тетінің екінші хатшысы болып қыз­мет атқарды. Бұл жерде өндірістік сала мәселелеріне жетекшілік етті. Аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бо­йынша облыста жетекші орынға ие бол­ды. Өндірістік нысандар өте жылдам қар­­қынмен салынды. Мал фермалары­ның ғимараттары, механикаландырылған қырмандар, бидай сақтайтын қоймалар, нан және май зауыттары пайдалануға бе­рілді. Сол кезде ауданда 62 елді мекен болды. Әр ауылға электр желілері тартылды. Су құбырлары, байланыс пен радио тораптары іске қосылды, жол салынды. Осы мәселелердің бәріне аудандық партия комитетінің екінші хатшысы жетекшілік етті. Ел экономи­касын көтеріп, әлеуметтік-мәдени сала­ны дамытуға қосқан үлесі үшін Асыл­бек Жәзиұлы «Құрмет белгі­сі» ордені­мен марапатталды. Арада алты жыл өткен соң іскерлігімен танылған партия қызметкерін Ленинград ауданына атқарушы биліктің бірінші басшысы етіп жіберді. Асылбек Жәзиұлы бұл жерге атақты Еркін Әуелбековтің заманында келді. Еркін Нұржанұлының үзеңгі қағыстырған жолдастарының бірі болды.

Аудандық атқару комитеті мен оның төрағасының еңбегі айрықша зор еді. Тың ауданы үшін өткір мәселелер аз болмайтын. Жігерлі еңбегінің арқасында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және жол құрылысы мәселелері толық шешілді. Ауданның қарт тұрғындары осы күнге дейін Асылбек Жәзиұлының еңбегін лайықты бағалап, алғыстарын білдіреді. Өйткені сол уақытта ауданның елді мекендері гүл жайнаған заман болды. Ауданды 11 жыл бойы басқаруы зор сенім екендігі айтпаса да түсінікті. Кейінгі жұмыс сүрлеуі халықтық бақылау комитетінде сабақталды. Комитет төр­ағасының орынбасары ретінде өмірлік мол тәжірибесін, білімін пайдалана отырып, ел экономикасын көтеруге аянбай үлес қосты.

Әскери марапаттарымен қатар, еңбек майданында жеңісті де жемісті қызметі бағаланбай қалған жоқ. Екі «Еңбек қызыл ту», төрт «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, сондай-ақ Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Құрметті демалысқа шыққаннан ке­йін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Қалалық бау-бақша қоғамын басқарып, бұл орайдағы күрделі мәселелерді шешуге атсалысты.

Қан майдандағы қайтпас қайсар ерлігі, Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін және Ресей Президенті В.Путиннің шақыртуы бойынша Мәскеудегі Қызыл алаңда Же­ңіс шеруіне қатысты. Ардагер десантшы майдан даласындағы қаруластарымен ұзақ жыл хат алмасып тұрған екен. Қа­зір сағыныштан сарғайған сол хаттар үйінде бірнеше папка болып сақтаулы тұр. Қазақ жауынгерін Ресейдегі элиталы әскерлердің қолбасшысы, генерал-полковник В.Шаманов та ұмытпапты. Қолы қойылған жинағын Асылбек аға көзінің қарашығындай сақтап келеді. Жинақтағы соғыс сұмдығын сипаттаған жазбалар сол бір қиын-қыстау кездің бір шөкім жәдігері іспетті. Ал ең үлкен жәдігер – асыл аға­ның өз өмірі, ерлік пен еңбекке толы ғажа­йып ғұмыры.

 

Көкшетау