Өңірдегі Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің мәліметінше, биыл қазан-қараша аралығында облыс бойынша респираторлық-вирустық инфекцияларын жұқтырған деген күдікпен 3 610 адам дәрігерге қаралған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауруды жұқтырудың өсімі байқалуда.
Ал қазір департамент басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, маусымдық эпидемияны болдырмас үшін тұрғындарды егу жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, қыркүйектен бастап облыс бойынша 81 164 адам тұмауға қарсы вакцина алған.
Бірақ қазіргі күз айларында облыс тұрғындары тұмау мен коронавирусты қатар жұқтыруы да мүмкін. Биылғы эпидемиялық маусымның ерекшелігі сол – ауада жаңа коронавирус инфекциясы жедел респираторлық-вирустық инфекциялары мен тұмаумен бірге таралады.
– Тұмаумен бірге коронавирус инфекциясымен ауру қаупі бар. Өйткені екі вирус та жедел респираторлық-вирустық инфекциясы. Үйреншікті тұмау жоғары тыныс жолдарын қабындырса, ал екіншісі өкпеге қауіп төндіреді. Сондықтан тұрғындарға қоғамдық орындардан аулақ болып, қолды жиі жуып, бөлмелерді желдетіп отыру керек. Көшеге шығар алдында мұрын қуысына оксолин жақпа майын жағып, бетперде тағу қажет, – дейді Б.Әлиев.
Денсаулық сақтау басқармасының Лицензиялау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің мәліметінше, қазір өңірде медициналық қызметкерлердің де қауіпсіздігі үшін барлық шара жасалған. Облыста індетттің таралмауына орай жасалған 2 айлық дәрі қоры бар. Медициналық ұйымдарда да дәрі-дәрмек жеткілікті.
– Биыл облыстағы медициналық ұйымдар мен «СК-Фармация» компаниясы арасында дәрі жеткізуге 6 млрд теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасалды. Бүгінде 4,6 млрд теңгеге дәрі әкелінді. Мамыр-шілде айларында КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін дәріге қосымша өтініштер берілді, – дейді бөлім басшысы Анар Омарова.
Оның айтуынша, өңірдегі дәрі бағасын тұрақтандыруға арналған қор бар. Дәріханалардың берген өтініштері бойынша қажетті препараттар әкелінеді. Тұрақтандыру қоры 2,869 млн қаптама дәрі әкелді. Қазір өңірдегі 212 дәріханаға бұл дәрілер жеткізілді. Барлық дәрі-дәрмек Денсаулық сақтау министрлігінің індет пен маусымдық тұмауды емдеуге арналған хаттамасына сай келеді.
Өңірде медициналық ұйымдардағы, ауруханалардағы, тұрақтандыру қорындағы дәрілер тұрғындарды дер кезінде емдеу үшін жеткілікті. Яғни коронавирустан басқа аурулар бойынша дәрімен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ. Бәрі жоспардағыдай өтуде.
– Иә, әрине, дәрілерге қатысты өтініштер мен шағымдар да түседі. Алайда ол мәселенің мән-жайын ашып қарау керек. Кейде дұрыс дәрігерге қаралмаған, емделуге дәрі тағайындалмаған жағдайлар кездеседі. Егер де емханалар дәрі-дәрмек бермеген немесе өзге де дәрімен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер туындаған жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының 32-00-17 және 32-00-18 нөмірлері бойынша хабарласуға болады, – дейді А.Омарова.
Ал облыс орталығындағы «109» қызметінің басшысы Абзал Қабдраш орталық қызметі іске қосылған 1 наурыздан бүгінге дейін 85 мың өтініш қабылдаған. Олардың 25 мыңы коронавирус мәселесіне қатысты түскен. Тұрғындар, әсіресе індет тараған сәуір-мамыр кезінде ең көп қоңырау шалыпты. Қазір күн сайын 500-1500 шамасында өтініш келіп түседі екен.
– Алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша 101, 102, 103 және 109 диспетчерлік қызметтер «112» біртұтас жүйесіне қосылады. Бұл америкалық «911» қызметінің баламасы секілді, – деді орталық басшысы.
Сондай-ақ өңірге жұмыс сапарымен келген Қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Саида Тәуекелева да ауруханалардың жабдықталуын, медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектердің дайындығын тексеріп қайтты.
Мысалы, Ақсу қаласында індет өршіген уақытта 230 адам сыйымдылығы бар провизорлық орталық жұмыс істейді. Бүгінде орталықта 26 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оның 13-і індеттің болжамды екінші толқынына дайындық жағдайына алынған.
Қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Мақсат Мұқашевтің айтуынша, індет өршіген уақытта 922 науқас емделіп шыққан. Оған 98 медициналық қызметкер қызмет көрсеткен. Жергілікті бюджет есебінен қосымша оттегі концентраторлары, реанимациялық бөлімшеледің құрылғылармен қамтылуына, сондай-ақ интенсивті терапияның қосымша 18 адамға арналған палаталарына қаржы бөлінген.
– Біздің мақсат – өңірдегі әр медициналық орталықты тексеру арқылы дәрі-дәрмек қорымен, жалпы жұмыс жағдайымен танысу қажет. Аурухана меншігінде не бар, не жоқтығын білу маңызды. Өңірдегі Ақсу қалалық емханасын, қалалық жедел жәрдем стансасының жұмысына көңіліміз толды. Біз еліміз бойынша мониторинг жүргізіп жатқандықтан, салыстырмалы түрде баға беруімізге негіз бар, – деді С.Тәуекелова.
Павлодар облысы