Бүгінде Алматыда "Төрелік туралы" заңмен реттелген 12 арбитражды қызмет тұрақты жұмыс істейді. Десек те, қоғамда жеке қолға берілген төреліктердің қызметі кейбір жағдайларда бизнеске қысым жасау құралы ретінде пайдаланып келеді, деп жазады Egemen.kz
"Интерфакс" баспасөз орталығында өткен онлайн конференцияда арбитраждар қызметінің ашықтығы, тәуелсіздігі, кәсіпкерлер арасында туындайтын дауларды шешудегі әлеуметтік функциялардың ерекшеліктері туралы айтылды.
Осы конференция барысында сарапшылар "Үстел теннисі академиясы" ЖШС мен "Әділет" арбитражы" арасындағы келісімдер бойынша іске асқан даулы мәселені негізге алды. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, "Әділет арбитражы", "Арбитраж ЕФ", "Алматы арбитражы", "Алматы арбитраждық соты" және "Алма-Ата арбитраждық соты" сияқты бес арбитраж өзара мүдделес болып табылады. Осы негіздегі іс барысын негізге алған қатысушылар мұндай әрекеттердің қоғамдағы арбитраждарға деген сенімсіздігін тудыратындығын жеткізді. Олардың пікірінше, бүгінде көптеген арбитраждардың қызметі көлеңкелі сипат алған. "Қалталы" арбитраждар "Арбитраж туралы" заңның болғанына қарамастан, еліміз заңнамасын аяқ асты ете отырып, өз ережелері бойынша жұмыс істеп келеді.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Серік Нурлихин "Мұндай ахуалдың белең алуы қоғамда арбитраждарға деген сенімді жоғалтады. Бүгінде арбитраждардың беделді жұмыс істеуі үшін арнайы заңдар бар. Арбитражды палата жұмыс істейді әрі сот сүзгісі қалыптасқан. Сондықтан да арбитраждар кәсіби біліктіліктен өтіп, кәсіби заңға арнайы өзгертулер енгізілуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарда Арбитражды палатаның белсенділігі қажет.
"Атамекен" ҰКП мүшесі Роман БОТАБЕКОВ "Арбитраждағы заңсыз әрекеттердің анықталуы - айсбергтің бір ұшы екендігін алға тартты. Р.Ботабековтың айтуынша, бүгінгі күнде арбитраж қызметі бақылаусыз қалған. "Қалталы" арбитраждар заңдарды елемей, өз қызметін бизнесті жоюға, басқаша айтқанда, "рейдерлікке" ықпал етуде. Оның үстіне, бұл арбитраждардың көпшілігі Төрелік палатада жоқ және онда мүше болғысы да келмейді. Өкінішке қарай, көп жағдайда прокуратура органдары да, соттар да бұған қарсы бола алмайды. Арбитраждар тіптен заңсыз шешімдер қабылдауда мүлдем еркін әрі әрекеттеріне жауапты емес. Отандық арбитраждарға қатысты қалыптасқан қазіргі жағдай елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Сондықтан құқық қорғау және қадағалау органдарын бұл мәселеге жіті назар аударып, нарықтық экономиканың негізі болып табылатын кәсіпкерлікті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауы қажет.
"NABBI" ЖШС құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Динара Жемекешева бүкіл әлемде төрелік келіспеушіліктерді реттеудің мемлекеттік сотқа баламалы нысаны болып табылатындығын айта келіп, онда төрешілерді тараптардың өздері таңдайтындығын, бұл ретте төрешілер бейтарап және тиісті кәсіби қасиеттерге ие болуы қажет, деп атап өтті. Динара Жемекешеваның айтуынша, "қалталы" арбитраждарға орай қалыптасқан қазіргі жағдай тұтас алғанда барлық арбитраждарға кері әсерін тигізеді. Арбитраждарға деген сенім азаяды. Дегенмен, өз қызметін заңды және әділ жүргізетін арбитраждар бар. Бірақ, заңнамалық құжаттардағы кейбір олқылықтардың салдарынан арбитражды жеке мақсаттарға пайдалану деректері орын алуда.
Сондықтан төреліктің (арбитраждың) ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптарды күшйту, төрешілерге біліктілік талаптарын қою (заң білімінің жеткіліксіздігі); мәні бойынша төреліктердің шешіміне қарсы келу мүмкіндігінің жоқтығы, билік органдары тарапынан төрелікке бақылаудың жоқтығы (төреліктер мемлекеттік органдарға есеп бермейді); заңсыз шешім шығарған төрешілерге жауапкершіліктің артылмауы; шешімдердің ашық түрде жария етілмеуі сияқты талаптар басшылыққа алынып, заңды түрде реттелуі қажет.