Жалғыз қазақ халқының ғана емес, тұтас адамзаттың мақтанышы Абай Құнанбайұлы шығармаларының құндылығы уақыт өткен сайын артып, ұлтымыз бен әлемнің абыройын асқақтата түскендей. Ақынның биылғы 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейге көтеріліп, онлайн режімде кең көлемде өткізіліп жатқаны мәлім. Абайды тану, оның мұрасын бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау – барша Қазақстан азаматының айрықша парызы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні... ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп айқындап берсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет» деп, жаңа межені нұсқады. Біз мұны – отандық ақыл-ойдың, дәстүрдің сабақтастығы деп білеміз.
Білім ордасының негізгі миссиясы – өскелең ұрпаққа өнегелі білім, дәйекті тәлім беру болғандықтан, Мемлекет басшысының аталған мақаласы – біз үшін елдік тапсырма сынды. Бұл – жауапкершілік қана емес, абайтануды жаңа, тың бағытта зерделеп, ерекше көзқараспен пайымдайтын сара жол, сындарлы сүрлеу. Біз қазіргі заман үдерісіне қаншалықты ілесе аламыз, жастарымыз осы лекке дайын ба, олардың бойына Абай аманаттаған ізгі мұратты сіңіре алдық па – міне, осы сұрақ, осы ой бәрімізді толғандырады.
Президент аталған мақаласында шет мемлекеттердегі елшіліктер мен оқу орындары жанынан ұлы ақынға арналған орталықтар ашу қажеттігін айтты. Өте құптарлық іс. Абайды әлемге танытатын уақыт әлдеқашан келді. Осы орайда Шоқан атын иеленген Көкшетау университеті кешенді жоспар құрып, біраз іс-шараны бастап та кетті. Алда біраз жұмыстар да бар.
Мәселен, облыс әкімшілігімен бірлесіп қазан айында «Абай тұлғасы: ұлттық руханият және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Студенттік форумдар, көрме мен байқаулар, түрлі кештер мен кездесулер өтіп жатыр. Қараша айында өзара келісімге сәйкес, Беларусь Республикасы Минск Ұлттық техника университеті жанындағы Абай орталығында шығармашылық көрме ұйымдастырып, тағылымдық дәрістер өткізбекпіз. Мақсатымыз – Абай әлемін бауырлас беларусь халқына таныстыру, ғылыми-мәдени байланыс орнату. Абай арқылы қазақ халқының тарихын, рухани-материалдық болмысын таныстыру. Облыс басшылығы бұл бастамамызды толық қолдап отыр.
Ұлы Абайдың даналық ойлары – ұлт руханияты мен мәдениетінің тұғыры, темірқазығы. Ғұлама ілімі халықтың тыныс-тіршілігімен, болашақ дамуымен, рухани жаңғыруымен тығыз байланысты. Сондықтан да Абай даналығы қазіргі заманмен үндесіп жатуы керек. Дана ақын Көкше еліне де бөтен емес. Оның тағдыры, мұрасы, ізашар істері Ұлы даланың Шоқан Уәлиханов, Біржан сал, Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұл, Зейнелғабиден әл-Омскауи, Мұхаметсәлім Кәшімов, Смағұл Садуақасұлы, Ғаббас Тоғжанов, Ысқақ Дүйсенбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Серік Негимов сынды бұрын-соңды ірі тұлғаларының, ғалымдарының бағдарында, жазғандарында, арнайы монографияларында, іліктес зерттеулерінде көрініс тапқан.
Кемінде бір жарым ғасырлық тарихты шолсаңыз, Көкше тұлғаларының танымы ұлт танымына олжа салып, елдің рухани деңгейін әлеуеттендіре түскенін байқайсыз.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің алғашқы өкілдерінің бірі, қазақтың мәңгі жарық жұлдызы, ғалымдардың ғалымы Шоқан Уәлиханов пен жаңа жазба әдебиеттің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, ұлт мәдениетінің реформаторы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұралары мәңгілік тұтастықта сабақтасып, ұлт руханиятына айналып, терең үндестікпен тамырласып жатыр. Абай мен Шоқанның рухани үндестігі, ең біріншіден, ауыз әдебиетінің асыл жауһарларын жас кезінен санаға сіңіре отырып, тағылым алуында және шешендер мен ақындардың ұлағатты, ғибратты сөздерін тоқуында; екіншіден, шығыс тамырын, араб, парсы, түркі тілдеріндегі шығармаларды іздене оқып, білімін байытуында, орыс, еуропа классиктерінің еңбектерімен жете таныстығында. Шоқан халық әдебиетін – тарихты танудың бағалы мұрасы деп таныса, Абай көркемсөз байлығын – адамзатты адамдық жолға баулып тәрбиелеудің, жақсылықтарды өнеге тұтып, зұлымдық, надандық атаулымен күресудің жолы деп санады. Абай мен Шоқанның қазақ тарихы туралы толғамдары ұлттың болашағын ойлаудың талабынан туған. Шоқан секілді Абай да шығыс пен батыстың тарихи шежірелерін жақсы білді. Бұл құбылысты бірі ғалым сипатында, екіншісі суреткер көзімен бағалады, екі тұлғаның да қазақ ұлтын өркениеттің жолына түсіру ойлары сабақтасып, үндесіп жатты. Ұлы ғалым Шоқан мен ұлы ақын Абайдың әдебиет, фольклор, мәдениет, философия, этнография, тарих, экономика т.б. жайлы құнды еңбектері, пікірлері ұлттың тұтас құндылығына айналған мұралар, осы қазыналары екі ұлы тұлғаны рухани сабақтастырып, тамырын тереңдетіп тұрары айқын. Ұлы сабақтастықты қазақтың әйгілі ақыны, сазгер Біржан сал өмірінен де аңғарамыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясына ақындық мектептің ұстазы Абай мен сал-серілер мектебінің ұстазы Біржан салдың кездесуін суреттеу негізінде өнердің, шығармашылықтың баяндылығын екі ұлы тұлғаның рухани дидарласуы арқылы мәдени-табиғи үндестікте көркем жеткізеді.
Абай мен Біржан салдың рухани сабақтастығы – олардың өнерді аса жоғары бағалаған, жастардың өнерін қадірлеп, көкке көтерген жанашыры болуында. Міне, осы қасиеттер, көзқарастар бірлігі екі тұлғаны рухани жағынан тоғыстырды. Біржан салдың ерекше дарынын, жастарға берер өнегесін дөп тануы Абайдың көрегендігін дәлелдейді. Абай мен Біржан салды үндестірген, сырластырған – ән мен жырдың құдіреті, киесі. Әнші Біржан салдың ақын Абаймен шығармашылық үндестігі – ұрпаққа үлгі өнерпаздық пен жасампаздық жолы. Біржан салдың Абай ауылына келуі – қос тұлғаның шығармашылық соқпағын баянды етіп, өнер қасиетін ардақтаудың, дарынды шынайы бағалаудың рәмізі еді. Дәуірнамалық туындыда Біржан салдың салтанаты, оған деген халықтың ықыласы, Абайдың Біржанға көрсеткен зор құрметі терең жазылған. Эпопеяға осы үйлесімді орайлы енгізген М.Әуезов ұрпаққа тарихи байланыстарды ұмытпауды аманаттағандай.
Таулары көк тіреген Көкше – аузы дуалы көсемдерімен, күміс көмей шешендерімен, сал-серілерімен, батыр, билерімен, ғұлама ғалымдарымен ұлт тарихын байытқан өңір. Сондай тарихи тұлғалардың қатарында діндар ғұлама, әдебиетте де, халық арасында да Науан хазірет деп аталып кеткен ағартушы, ұлт қамын жеп, мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер Наурызбай Таласұлы есімі ерекше аталады. Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхан оны М.Ломоносовқа теңеуі жайдан-жай емес. Университетіміздің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев «Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бағдат пен Бұхар жоғары оқу орындарын тәмамдап елге оралғанда Науан хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірибелі ұстаз болып қалыптасумен қатар, жәдиттік бағытты ұстанған қоғам қайраткері де болып үлгергендігін, оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырғандығын, 1886 жылы көпшілік қауымның сұрауымен облыстық діни басқарма Науан хазіретті Көкшетау мешітіне имам етіп тағайындағанын» жазған еді. Қазақ халқының тарихи қос тұлғасы – Абай мен Науан хазірет арасында тарихи-рухани байланыстың мәні зор. Н.Таласұлы халық арасында дін-исламның, ұлттық дәстүрлердің қорғаушысы ретінде үлкен беделге ие болды. Отарлау саясатынан исламды қорғауға қазақ қоғамының ықпалды адамдары Абай Құнанбайұлы, Ақан сері, Мұса Шорманұлы, Шыңғыс төре, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мәмбетәлі Сердалин, Әлихан Бөкейхан, т.б. үн қосты. Мұсылман дініне патша үкіметінің орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы тұра алатын рухани күш ретінде қарап, ұлттық дәстүрлерді сақтау ісіне халықты топтастыру үшін қазақ даласының беделді тұлғаларынан көмек сұрады. Науан хазірет кейін Госдума депутаты болып сайланатын Шаймерден Қосшығұл арқылы Абай Құнанбайұлына ұлттың рухани-мәдени тәуелсіздігі жолындағы күресті басқаруды ұсынады. Міне, осы бір тарихи оқиғалар, ұлы Абай мен Науан хазіреттің ұлт тағдыры, ұлт еркіндігі үшін жасалған қадамдары тарихи тұрғыдан ұлы сабақтастықты танытады.
Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жинау, жариялау, зерттеу, насихаттау ісінің күрделі тарихы бар. Ұлт абайтануы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталып, кеңес дәуірінде Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханұлы, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметұлы, Жұмағали Ысмағұлов т.б. еңбегімен жалғасты. Қазіргі абайтану – замана нәубетімен, солақайлықпен күрескен абайтанудың жауапты мұрагері. Сондықтан бұл ұлы істе өңірлердің орны, еңбегі ұмытылмағаны абзал.
Абай мұрасына «қазақ әдебиетінің жаһұты» деп баға беріп, ең алғашқылардың бірі болып ақын өлеңдерін баспа бетінде жариялап, күллі түркі әлеміне алғаш насихаттап таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи. Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы Санкт-Петербургте Борагинский баспасында 1909 жылы жарық көрсе, ал көкшелік ағартушы Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи 1909 жылы Уфа қаласында шыққан «Насихат қазақия» кітабына «Тобықты Ыбырай марқұмның өлеңдерінен» деген топтама енгізіп, бастырған еді. ХХ ғасырдың басындағы жәдитшілдіктің қазақ даласындағы ірі өкілі Зейнелғабиден Әміреұлының зерттеулері ешқашан құндылығын жоймайды. Осы бір ұлы істі «Айқап» журналының тілшісі Мұхаметсәлім Кәшімов жалғастырып, мақалалары мен кітаптарында Абай мұраларын жұртқа кеңінен насихаттады. Көкшелік әдебиеттанушы, қоғам қайраткерлерінен Смағұл Садуақасұлы Абай туралы 1918 жылы «Қазақ әдебиетінде» очерк жазса, Ғаббас Тоғжанов 1935 жылы «Абай» атты монография жариялады. Екі тұлға да ақын өлеңін дәуірімен, сана жаңғыруымен байланыста қарады.
Абай мұрасын зерделеу ісіне көкшелік ғалымдардан Ысқақ Дүйсенбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов елеулі еңбек сіңірді. Мәлік Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішұлы, Серік Негимовтер өз зерттеу бағытының аясында үлес қосты.
Қазақ әдебиеттану ғылымымен бірге өсіп, біте қайнаған Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, атақты сыншы-ғалым Есмағамбет Ысмайылов абайтанудың өркендеуіне мол еңбек сіңірді. Ол – Абайдың толық шығармалар жинағының бірқатар академиялық басылымдарын құрастырып, редакциясын басқарудан бастап, көптеген еңбектерінде Абай шығармашылығын талдауға барған ғалым. 1934 жылы Зейін Шашкинмен бірігіп жазған «Абайдың поэтикасы» деген еңбегінде «Абайдың ақындығы туралы» атты сүбелі зерттеу жазып, «Абайдың ақындық шеберлігі», «Абайдың өлең өрнектері», «Кемеңгер Абай», «Қазақ халқының кемеңгер ақыны», «Абай өлеңдерінің сұлулық, әуезділік ерекшеліктері», «Абайды зерттеу жайынан» сияқты мақалаларында Абай поэтикасына қатысты біраз тың ойлар айтты.
Әдебиеттану ғылымында жарқын із қалдырған Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиясы ұлт руханиятындағы ұлы құбылыс Абай тұлғасын, оның шығармашылық әлемін, көркемдік дәстүрін байыптаған айрықша зерттеу еңбектердің бірегейі. Әдебиеттанушы-профессор Серік Негимов бұл еңбек жайында: «Айқын Нұрқатов ұлт ақыны Абайдың суреткерлік өнегесін, «алыптығы мен ұлылығын», ақындық айналасын әдеби мектебімен, қазақтың ХХ ғасыр басындағы әдебиетімен сабақтастыра талдап түсіндіреді, қазақтың байырғы ауыз әдебиетінің көркемдік тәжірибелерін жоққа шығармағанын қадап айтады», – деп айрықша атап көрсетеді. «Абай мұрасын игеру, оның творчествосын терең зерттеу – өткендегі мәдени қазынамызды пайдаланудағы ең түбегейлі мәселелердің бірі болғаны сияқты, біздің әдебиетіміз, әсіресе поэзиямыз өзінің қалыптасып дамуының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті, құнарлы дәстүрлерінен сырт қалған емес. Бұл – даусыз шындық», – деп Абай дәстүріне байланысты өз позициясын анық ұсынған Айқын Нұрқатов монографиясының «Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттамалары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүрлерінің арнасында», «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты тарауларында дәлелді ой-пікірлерді алға тартып, жан-жақты талдап береді.
Хакім Абайдың қоғамдық-философиялық ойларын, ұлт мәдениеті мен әдебиетіндегі көркемдік ізденістерін зерттеп-зерделеуде түбі көкшетаулық ағартушылар, ғалымдар аянып қалған емес. Бұл дәстүр бүгін де қоғамдық аяда өз жалғасын тауып отыр. Ш.Уәлиханов университетінің ғалымдары, ақмолалық мәдени-рухани қауым Абай даналығын, ақын есімін әрқашан жоғары қояды. Мектеп те, кітапхана да, мәдени ошақтар да, жоғары оқу орындары да «Білімдіден шыққан сөз – Талаптыға болсын кез» жолында.
Біз Абайды тану арқылы ұлт тағдырын, өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз. Абай армандаған «бүтін адам», Абай зерделеген «толық адам» тұжырымдамасы ең озық идея ретінде ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жете берері сөзсіз.
Марат Сырлыбаев,
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы