Қарашаның 23-і күні Санкт-Петербургте Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жаңа маусымдағы 2 раундын жергілікті Russian Boxing Team командасымен өткізген Astana Arlans 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Қарашаның 23-і күні Санкт-Петербургте Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жаңа маусымдағы 2 раундын жергілікті Russian Boxing Team командасымен өткізген Astana Arlans 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 52 килоға дейінгі салмақтағы ресейлік Миша Алоян мен қазақстандық Олжас Сәттібаевтың ұрыстарымен ашылды. Шайқастың бірінші раунды турнир дебютанты болып отырған қазақ боксшысының басымдылығымен өтті. Осыған орай төрешілер де жеңісті 2:1 есебімен соның еншісіне жазды. Ал әлемнің екі дүркін чемпионы деген атағы бар ресейлік былғары қолғап шебері құр беделмен ештеңе ала алмасын білгесін, 2 раундтан бастап ышқына алға ұмтылды. Осы ұмар-жұмар айқастың өзегінен қазылар алқасы соңында соққылары жиірек дәл тиді деген пікірмен жеңісті Алоянға беріп жіберді.
Келесі 60 килоға дейінгі салмақтағы команда капитаны Самат Бәшенов әдепкі ұрыста кеткен есені қайтарғандай болды. Ол Ресей чемпионатының өткен жылғы күміс жүлдегері, Универсиаданың биылғы жылғы жеңімпазы Адлан Абдурашидовті қапысыз ұтты. Шайқас барысында Самат өзіне едіреңдеп ұмтылған бәсекелесінің екпінін мығым соққылармен басып тастап отырды. Бұл оның раунд соңында 2:1 есебімен алға шығуына жол ашты. Ал екінші раундта боксшылардың клинчке түсіп қала беруі жиіледі. Ол ресейлікке басымдық алып берді. Бұдан соңғы екі кезеңде барынша жинақы көрінген Самат 3:0 деген көрсеткішпен айқын жеңіске жетті. Соңғы, бесінші раундтың нәтижесі ештеңе шеше алмайтын болса да, қазақстандық онда да қарсыласына дес бермеуге тырысты. Сөйтіп, 2:1 есебімен оны да өзіне қарай аударып әкетті.
Кездесудегі бетбұрысты сәтті бұдан кейінгі 69 килоға дейінгі салмақтағы спортшылар жасады. Шыны керек, қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов пен ресейлік Александр Иванов арасындағы шайқастың басында біз тәжірибесі көптеу алаң иесінің иығы озық шығар деп қауіптеніп едік. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Бұл күні қазақстандықтар сапындағы екінші дебютант болып отырған Мейірім шайқастың басынан өзін сенімді ұстады. Қолы мен бойының ұзындығын жақсы пайдалана білген ол қарсыласын қақпайлай жүріп, артық ұпайлар ала берді. Соның нәтижесінде үшінші раундтан кейін-ақ оның жеңетініне ешкімнің күмәні қалмады. Осымен бірге «арландар» матчта бірінші рет алға шықты – 2:1.
Ал 81 кило салмақтағы Данабек Сужанов өзінің мыңдаған жанкүйерлерінің сенімін ақтай алмады. Серияның қазақстандықтар сапындағы үшінші дебютанты Дмитрий Биволмен өткізген кездесуінің бірінші раундында-ақ қолғабын шешуге мәжбүр болды. Айта кету керек, жекпе-жекті екі жақ та өте қарқынды бастады. Раундтың соңына қарай ресейлік боксшы біздің жігітке бірнеше ауыр соққыны дәл беріп үлгерді. Соның екеуі оның арқанға ілініп қалуына апарып соқтырды. Осыдан кейін боксшының денсаулығын тәуекелге салмас үшін рингтегі рефери ұрысты тоқтатты. Техникалық нокаут. Мұның соңы командалардың ара салмағы қайтадан теңесуіне жеткізді – 2:2.
Сөйтіп, барлық түйін ең соңғы ұрысқа қалып қойды. Ал «соңғы түйенің жүгі ауыр» екенін жақсы сезінген астаналықтар сапындағы легионер оған тастүйін болып дайын шықты. Ол өзінен атағы да, шатағы да көп Сергей Кузьминге қарсы қойғаны жинақы қимыл болды. Соңында оның жеңгеніне төрешілер де шәк келтіре алмады. Жеңіс! Бұл сонымен бірге, «Астана Арлансты» командалық жеңіске қол жеткіздірді.
Осымен, «Астана арландары» қатарынан екінші мәрте жеңіс тойын тойлады. Бұл күні Польшада Poland Hussars-пен кездескен Кубаның Cuba Domadores деген ұжымы 5:0 есебімен ұтты. Дәл осындай есепке Мексиканың Mexico Citi Guerreros клубымен өз алаңында күш сынасқан Әзербайжанның Baku Fires командасы да жетті. Ал АҚШ-тың USA Knockouts командасы Аргентинаның Argentina Condors жасағын 3:2 етіп тізе бүктірді.
Енді 16 қараша күні ойналған 1 раунд кездесулерінің нәтижелерін ескерте кетейік. Олар былайша аяқталды: «Астана Арланс» (Қазақстан) – «Баку Файерс» (Әзербайжан) 4:1, «Аргентина Кондорс» (Аргентина) – «Италия Тандер» (Италия) 1:4, «Рашн Боксинг Тайм» (Ресей) – «Поланд Хуссарс» (Польша) 5:0, «Мексико Сити Гуеррерос» (Мексика) – «Куба Домадорес» (Куба) 0:5, «Украин Отаманс» (Украина) – «ЮСА Кнокоутс» (АҚШ) 4:1, «Тайм Германия» (Германия) – «Алжериа Десерт Хоукс» (Алжир) 5:0.
Руслан ИГІЛІК.