Үкімет басшысы Елбасы тапсырмаларын орындауға байланысты кейбір органдар жұмысын қатаң сынға алды
Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі жөнінде арнайы кеңес өткізді.
Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Үкімет басшысы Елбасы тапсырмаларын орындауға байланысты кейбір органдар жұмысын қатаң сынға алды
Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі жөнінде арнайы кеңес өткізді.
Кеңесте Президенттің сын-ескертпелерін орындауға қатысты қаржы-экономикалық мәселелердің үлкен блогы қарастырылды. Орталық атқару органдарының, ұлттық компанияның жетекшілерінің есептері тыңдалды.
Мәселен, Өңірлік даму министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің арасындағы өңірлік даму, мемлекеттік сатып алуларды жетілдіру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыру мен оңтайландыруға қатысты өкілеттіктерді шектеу мәселесі талқыланды.
Экономика және бюджеттік даму министрі Ерболат Досаевтың хабарлағанындай, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды кешенді бағалау жұмыстары жүргізіліп, оларды әзірлеудің сапасына талдау жасалынған. Соның нәтижесінде оларды оңтайландыру және жүзеге асыру тетіктерін сапалы тұрғыдан жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Премьер-Министр Орталық атқару органдарының жетекшілерінің назарын неғұрлым тиімді жұмыс істеп жатқан бағдарламаларды айқындау қажеттігіне аударды.
«Жұмыс істемейтін бағдарламаларға жабысып отыра бермеңіздер. Біз оларды қысқартып, босаған қаржыны дағдарыс пен күрес шаралары аясындағы экономиканың басым бағыттарына, атап айтқанда жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы дамытуға негізделген шараларға қарай бағыттауымыз керек», деп атап көрсетті Серік Ахметов.
Сондай-ақ, жекешелендірудің екінші толқыны аясындағы кәсіпорындар мен нысандарды арттыру жөніндегі мәселені талқылау барысында да Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-Министр, әсіресе, мемлекеттік мүлік жөніндегі жергілікті органдардың әрекетсіздігіне қатысты өз наразылығын жасырмады.
«Бізде жекешелендіру, мемлекеттік мүлікті басқару жөнінде қаншама комитеттер құрылған. Бірақ олардың немен айналысып отырғаны түсініксіз. Жергілікті жерде мемлекет мүлкінің мәселелеріне қатысты екі мемлекеттік орган жұмыс істеп отырса да атқарылған шаруаны көріп отырғанымыз жоқ. Мұнымен нақты шұғылдануымыз керек», деп тапсырды С.Ахметов. Сонымен қатар, кеңеске қатысушыларға Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы қатаң қадағалануының қажеттігін ескертті.
«Тапсырмаларды жүзеге асыру министрлердің ерекше бақылауында болуы тиіс. Оларды нақты және сапалы етіп орындау өз нәтижелерін беретіндігі анық. Сондықтан Президент тапсырмаларының орындалу барысын қатаң қадағалауға алуды тапсырамын», деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Президенттің жуықтағы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының барысында берген тапсырмаларына да тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы бұл облыстағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына қатысты бірқатар сындар айтты. Бұл өңірде аталған бағдарлама бойынша 38 кәсіпорын ашылғанымен, олардың 29-ы ғана жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін халықтың аузында болып келген ірі цемент зауыты ашыла салысымен жабылған. Осының мән-жайын анықтаңыздар» деп тапсырды Үкімет басшысы тиісті өкілетті органдарға.
Кеңес барысында автокөлік жолдары қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды тиісті технологиялық қажеттіліктермен жабдықтау мәселесі де қозғалды.
«Тек үстіміздегі жылдың өзінде Жамбыл облысының жолдарында, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол телімінің бойында 1 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, 300-ден астам адам қаза тапқан. Жолдар бөлу белгілерімен жабдықталмаған», деді Премьер-Министр. Осыған орай бірінші санатты жолдарды салған кезде тиісті құрал-жабдықтарды; жылдамдық өлшегіштерді, бақылау құралдарын орнатуды естен шығармау қажеттігін ескертті. «Төрт жолақты жолды салған кезде жол бөлу белгілерін орнатпай кету салақтығын қалай түсінуге болады. Астана – Бурабай жолына қараңыздаршы. Мұндағы жаңа жол салынғанға дейін жол бойында жылына 80 адам қайтыс болатын. Ал 2012 жылы 1 ғана адам қаза тауыпты. Міне, осындай жайдан қорытынды шығарып, өз жұмыстарыңызға жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет», деген Үкімет басшысы осы проблемамен айналысып, орын алып отырған кемшіліктер мен өрескелдіктерді жою жөнінде нақты тапсырма берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».