• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қараша, 2020

«Тәуекелдің» тартуы

468 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары санамызға волонтер деген ұғым мықтап орнықты. XVIII-XIX ғасырларда батыста өз еркімен әскер сапына келген сайыпқыран жастар осылай аталған екен. Уақыт өте бұл сөздің мағынасы кеңейіп, өз жүрек қалауымен ақысыз-пұлсыз қоғам игілігіне қызмет етуші ерікті жастар деген ұғымды білдіретін болды. Біздің қоғамда волонтер ұғымының пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Бірақ осы волонтерлік – қазақ баласының қанында ежелден бар қасиет.

Мұны атам қазақ асар, асар салу деп атағаны белгілі. Бір-бі­рі­не жанашырлығы, қайырым-жақ­сылығы, бірлік-ұйымшылдығы жоқ халық «Көп түкірсе – көл» деп айта алмаса керек. Осы игі дәстүрдің бүгінде жаңаша түрге еніп, ауқымын кеңейте түскені көңіл қуантады.

Мәселен, Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Бай­ғабыл елді мекенінен түлеп ұш­қан жастар бүгінде еліміздің әр өңіріне тұрақтап, сырт жерде еңбек етіп жүрсе де, туған ауылына заманауи спорт алаңын салып беріп, игі іске ұйтқы болып отыр.

Жан-жақта жүрген байғабылдық жастарды жақсы іске жұмылдырып, бастама көтерген Болат Жұмағалиев бүгінде Талдықорған қаласында тұрады.

– Өзім Талдықорған қаласында­ғы мешіттердің бірінде имамдық қыз­мет атқарамын. Осыдан бір жыл бұрын WhatsApp әлеуметтік же­лісі арқылы жерлестердің басын біріктіріп, «Тәуекел!» деп атала­тын топ аштық. Мұны алғаш аман­дық-саулық білісіп, қысыр әңгіме, жалаң мақтау, құттықтау ай­татын жер деп ойлағандар да болды. Кейін топ мүшелеріне мақсат-міндетімізді түсіндіріп, өзіміз өсіп-өнген туған ауылымызға пайдасы тиетін перзенттік борышымызды өтеуіміз керек деген үндеу тастадық. Абырой болғанда, игі бастама көп­шілік қолдауына ие болып, әркім мүмкіндігінше өз қалтасынан қаржы қосып, ауқымды істі қолға алып, Бай­ғабыл ауылында заманауи спорт алаңын аштық. Осылайша, әлемді індет жайлаған күрделі кезеңде ауыл­дағы артымыздан қаулап өсіп келе жатқан балалар үшін жүздеген жерлес азамат жинаған қаражатқа ауыл­да спорт алаңы бой көтерді, – деді ­Бо­лат Жұмағалиев.

Спорт алаңының ашылу рәсіміне Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниев, аудан әкімдігіне қарасты бірнеше бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында әкім орынба­сары байғабылдықтарды жаңа спорт нысанынының ашылуымен құт­тықтап, футбол алаңының салынуы­на ерекше атсалысып, жастарды ұйым­дастыра білген Бағлан Ерғазин мен Болат Жұмағалиевке аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

– Амангелді ауданында саламатты өмір салтын, бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген тындырымды істер атқарылды. Байғабыл ауылдық округіндегі футбол ала­ңы­ның ашылуы – соның бір дәлелі. Жалпы, бұқаралық спортты дамыту облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тікелей тапсырмасы. Өңір басшысы шалғай ауылдардағы әлеуметтік саланың дамуын қадағалап отырады. Ауданымызда мұндай шаралардың жиі өтіп жатқаны қуантады. Мысалы, күні кеше ғана Ақсай ауылында күрделі жөндеуден өткен спорт залы ашылды, – деді Сүндет Ғаниев.

Аудан басшылары Байғабыл ауы­лының жас футболшыларына ойын доптарын сыйға тартты. Одан кейін сөз алған Болат Жұма­ға­лиев әлеуметтік шараға белсене ат­­са­лысқан ауыл азаматтарына алғыс хат­тар мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.

– Туған жерді көркейту ниетімен жасалған қайырымды іске «Тәуекел, жер­лестер!» тобындағы азаматтар көп ең­бек сіңірді. Аудан бас­шы­лығынан алған ма­рапатты осы әлеуметтік желідегі топтың жетістігі деп қабылдаңыздар. Әлдебіреудің еңбегін бөле-жара айтудың өзі артық етеді. Әркімнің өз несібесі бар. Шыны керек, Байғабылдың бары да, бағы да – мектеп. Ауылға ат басын бұрып келгендерді қонақ қылып, әлек болатын да сол мектептің ұжымы. Осы жолы да үрдіс жалғасты. Мұғалімі мен оқушысы, басшысы мен күзетшісіне дейін осы қуаныштың басы-қасында жүрді. Кез келген игі бастаманың тәртібі мен тәліміне жауапты Қуандық Бақытұлы бастаған педагогтер қауымына алғысымыз шексіз. Оны бүкіл ауыл адамы көрді. Сонау Алматы облысынан Серік есімді әмбебап маманды шақыртып, спорт алаңының сапалы салынуына жағдай жасадық. Ол кісіні ауыл адамдары қонақ қылып, қазақы дәстүрмен лайықты шығарып салды. Жерлестер риза, ойын баласының қуанышында шек жоқ. Көптен күткен спорт нысаны бой көтерді. Міне, бізге бұдан артықтың қажеті жоқ, – деді Болат Сағынғалиұлы.

Ауыл спортының кешегісі мен бүгінін жақсы білетін ардагер спортшы Айтмұхамбет Биғабыловтың сөзінше, жасанды жамылғысы бар футбол алаңының сапасы жақсы. Құрылысы тез арада аяқталса да, жұмыстар жинақы, тиянақты істел­ген.

– «Уатсапта» ашылған топтың басты мақсаты – туған ауылдың кем-кетігін түзеп, гүлденуіне атсалы­су. Осы мақсатта алдағы жылдары жаңа жобаларға жол ашылады. Оны қолдау – ауылдың әр азаматының абы­ройы. Болат, Қуандық, Бағлан сияқ­ты белсенді жастар жоспарларымен бөлісе жатар, – дейді «Тәуекел, жер­лестер» тобының мүшесі Мұрат Нұржанов.

Байғабылдық волонтерлер алдағы уақытта ауыл орталығынан саябақ ашып, ауыл маңындағы өзен жағасын абаттандыруды көздеп отыр.

 

Қостанай облысы

Амангелді ауданы

Байғабыл ауылы