• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2013

Алау құшағындағы мүсін

397 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Борис Эйфман сахналаған «Роден» балетінің премьерасы өтті.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Борис Эйфман сахналаған «Роден» балетінің премьерасы өтті.

Роден туралы сосын айтармыз. Әуе­лі Борис Эйфман кім? Санкт-Петербург мемлекеттік акаде­миялық балет театрының көр­кемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі, бір басында «Ал­тын Софит», «Алтын маска» сый­лығы, Ресей мемлекеттік сый­лығы, Францияның өнер және әдебиет ордені, Отан ал­дындағы ерен еңбегі үшін орден­дері бар, қазір әлемдегі ең мықты хореографтарыңыздың өзі санасып жұмыс істейтін әйгілі Эйфманыңыз осы кісі.

Ең ғажабы, 2012 жылы Қа­зақстан үшін шығармашылық кадр­ларды дайындауда сіңірген еңбегі үшін, Қазақстан-Ре­сей мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты нығайтудағы қо­мақ­ты үлесі үшін Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы беріліпті. Яғни қазаққа да алыс адам емес деген сөз. Дәлелі мінеки – модерн жанрында тұңғыш рет елордалық опера театрында тұсауы кесілген «Роден» балеті. Оған бас-аяғы екі ай уақыт жұмсаған маэстро Морис Равель, Камиль Сен-Санс, Жюль Массненің музыкасына жазған бұл балетін әуелі Ресейде 2011 жылы жүзеге асырған десек, спектакль тұңғыш рет Петербордың Александр театрында, араға біраз уақыт салып Мәскеудің Үлкен театрында салтанат құрып­­ты. Мәселе шығарманың қашан, қайда қойылғанында емес, әрине, бізге керегі – заманауи үлгідегі осы «Роденнің» астаналық жас театр труппасының репертуарына еніп отырғандығы. Жалпы Б.Эйфман – қазірдің өзінде шығармашылық үлесіне 40-тан астам балеттік қойылымдарды қалдырып үлгер­ген адам.

Ал Роден кім? Қойылым атына шығып отырған бұл кейіпкер – француздың өткен ғасырларда өмір сүрген белгілі мүсіншісі Огюст Роден. Спектакльге Огюст Ро­ден мен Камилла Клодельдің Париждегі мұражай-үйіндегі бар­лық маңызды туындылар қол­данылғанын айтады автордың өзі. Түйіп айта келгенде, бұл ке­меңгер мүсіншілер өмірінің қай­ғысы мен шаттығын жырға ар­қау еткен шығармашылық шо­лу, қос мүсіншінің бір-біріне деген шынайы сезімдері, махаббат симфониясы болып табылады. «Сахнадағы мүсін мен би, қозғалыс пен тастың мәңгілік одағы өз алдына бір сиқырлы саз дерсің. Бұл екеуі тамаша үйлесімде тіршілік кешіп, адам тәнінің сұлулығы мен пластикалық қимыл-әрекетіне қызмет етеді. Мүсін – тасқа біткен муза әрі таста ойналған бидің өзі іспетті бөлек құбылыс» деп бағалаған Мария Красникованың пікіріне қапысыз иланасыз. Се­бебі, тастар да билейді. Роден мен Камилла шеберлігі қара тасқа жан бітіріп, тылсымдағы тамаша құпиясын ашып береді.

Эйфманды білеміз, Роден тура­лы аз-кем мағлұмат беріп өт­тік. Ал енді осы идеяны нақты жүзеге асырушы жастар туралы әңгіме қозғауға толық құқымыз бар шығар. Спектакльдің үш тағаны – Роден, Камилла жә­не мүсіншінің жары Роза. Осы үш рөлге таңдалған жас солистердің өмірбаянын оқып отырсаңыз, олар да шетінен тегін жандар емес және бәрі де қазақтың өрімдей өнерлі жастары. Мысалы, Роденді ойнаған Рүстем Сейітбеков 2007 жылы Ла Скала театрында (Милан) тағылымдамадан өткен, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Сильфидада» Джеймс­ті, «Эсмеральдада» Фебті, «Жизель­де» Альбертті, «Кор­сарда» Бир­бантоны, тағысын тағы басқа да қаншама басты бейнелерді сомдаған. Камилла Клодель рөліндегі Гауһар Усинаның 2001-2005 жылдар аралығында Орыс Императорлық балетінің және Орыс ұлттық балетінің жетек­ші солисті болуының өзі талантына талайды табындырып үлгергенін көрсетіп тұрғандай. Одетта, Одилия («Аққу кө­лі»), Аврора («Ұйқыдағы ару»), Маша («Щелкунчик»), Жи­зель («Жи­зель»), Медор («Корсар») сынды тағы да бірсыпыра ол ойнаған бас­ты партиялар Борис Эйфманның не үшін Камилла рөліне оны таңдағанын айқындай түседі. Ал Роза рөліндегі Әсел Шайкенова келешегінен мол үміт күттіретін талантты қыздарымыздың бірі. Оның «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фести­валінде Галина Уланова атын­дағы арнайы сыйлықпен марапатталуы тегін емес. Жас бол­ғанмен, ол да біраз партияның ыстық-суығын бойынан өткізіп үлгерген, кез кел­ген рөлді сеніп тапсыруға бола­тын талант иесі деп толық айта аламыз.

Елорда төріндегі әсем «Ас­тана Операның» көз тартар келбеті керемет. Мұнда түрлі қойылымдарға билет табылмай қалып жататын кездер болып қалатыны тағы тамаша. Мықты-мықты режиссерлер мен мамандарды тартып, репертуардың әлемдік туындылармен толығып жатқаны құптарлық. Ғаламат театрлар жеткен биіктерге ұмтылған барлық әрекеттер дұрыс-ақ! Бірақ әлі арман көп. Қазақтың театрында қазақтың өзінің төл туындылары дүниеге қашан келеді деген арман. «Қазақтың Родендері қайда?» деген іштегі бір үнемі өзіміздікін іздеп, өзіміздікіне қанымыз тартып тұратын арман...

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар