• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қараша, 2020

Кировск қаласында Сұлтан Баймағамбетовтің мүсіні қойылды

272 рет
көрсетілді

Небәрі 23 жасында ажал оғын боратып тұрған жау дзотына кеудесін төсеп, қаруластарын жеңіске бастаған қазақ баты­рының қола мүсіні Ресейдің Ленинград облысына қарасты Кировск қаласында 2001 жылдан бері тұр.

С.Баймағамбетов атындағы гимназияның алдына қойыл­­ған ескерткіш уақыт өте тозыңқы­рап қалған еді, биыл Санкт-Пе­тербург қаласындағы қазақ ұл­ттық-мә­дени бірлестігі мен Ленинград облысының «Ата-мекен» бір­лестігінің жә­не Қазақстан­ның Санкт-Пе­тер­бургтегі бас кон­сул­дығының ық­пал етуі­мен, ес­керткіштің айналасы абаттандырылып, мү­сін қай­та жаңартылды. Батыр ес­­керткішінің бүтінделуіне Қостанай облысының к­ә­сіп­­керлері демеушілік етіп, 1 млн рубль көлемінде қаржы аударған.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев пен Ленинград облысының губернаторы Алек­сандр Дрозденко қатысты. Сал­танатты жиын барысында Қазақстан елшісі мүсіннің ашылуы Сұлтан Баймағамбетовтің 100 жылдығы мен Жеңістің 75 жылдығына орайлас келгенін тілге тиек етіп, Ленинград об­лысының басшылығына, батыр атындағы білім ордасының оқушылары мен ұстаздарына алғыс айтты.

– Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің өш­пес ерлігі екі ел жастарының жадында мәңгі сақталады. Біздің батыр жерлесіміздің ескерткішін қастер­лі орындардың біріне ай­налды­рып, ерлігін кейінгі ұр­пақ­қа өнеге етіп, құрметтеп отыр­ған Кировск қаласының тұр­ғындарына риясыз жүрегіммен ал­ғыс айтамын. Көршілес екі мем­лекетке ортақ тарихи кезең­дер, ескерткіштер бар. Олар­ға құр­мет көрсету қос халық­тың ара­сындағы достық пен сый­лас­т­ықты бұрынғыдан да ны­ғай­та түсетіні анық, – деді Ермек Кө­шербаев.

Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Ленинград үшін болған кескі­лес­кен шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман ұлы Сұлтан Баймағамбетовтің есімін жергілікті жұртшылық ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.

– Осы жер үшін шайқасып, қаза тапқан жауынгерлер ұлтына қарап бір-бірін алалаған жоқ. Олар қай жерде туғанына қара­мастан, қан сасыған майдан даласында ортақ отан үшін соғысты. Мен үшін маңыздысы, сұрапыл соғыстың жаңғырығын жалғыз біз – ленинградтықтар ғана есте сақтап қалған жоқпыз, бізбен бірге қазақ халқы да осы топырақты мәңгі жастанған қаһарман ұл­да­рын жоқтайды, – деді губернатор.

Тағылымды шараның соңы­на таман Ермек Көшербаев пен Александр Дрозденко ескерт­кішке гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

1943 жылы Синявин биігі үшін болған ұрыста амбразура­ны денесімен тұншықтырып, ер­лікпен қаза тапқан батыр Сұлтан сол жерде қарулас бауырластар қорымына жерленген.

 

Қостанай облысы