• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2020

Аида Балаева: Отандық журналистика әлемдік аренада бой көрсетіп келеді

391 рет
көрсетілді

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Үркер-2020" ұлттық сыйлығының иегерлері анықталып, Astana Media Week-тің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Салтанатты жиында сөз бастаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл марапаттың Astana Media Week жобасы аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

"Үш күнге созылған Astana Media Week жобасы халықаралық журналистиканың назарын елордамызға аударған ерекше іс-шара болды. Бүгінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында әлем журналистері бір арнада тоғысып, өз кәсіптеріне деген адалдықты кезекті рет дәлелдеп отыр. Онлайн форматтағы платформада әлемнің 16 мемлекетінің көрермендері үшін 50-ден астам халықаралық медиасарапшы тәжірибелерімен бөлісті. Ең бастысы – біздің отандық журналистика деңгейі де әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткіздік", деді министр Аида Балаева.

Отандық платформа АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, РФ сияқты медиаалпауыт мемлекеттердің ақпарат кеңістігіне шығып, пайдалы контентпен бөлісті.

"Осындай ортақ алаңға өзара тәжірибе алмасып, озық үлгілерді үйрену журналистиканың біліктілігін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеретіні анық. Соның ішінде отандық медиа саласында одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. "Үркер" ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Astana Media Week апталығы аясында өтіп отыр. Әрине, біз үшін қоғамдағы әр саланың өзіндік орны бар. Журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегі өте зор. Әрбір еңбек лайықты бағасын алуы керек деп санаймыз. Біздің бүгінгі шарамыз да осы ниетпен өткізіліп отыр. Сондықтан біздің әділ қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шын таланттарға лайықты бағасын бергеніне сенімдіміз", деді министр.

Министр осы жылғы байқаудың тағы бір жаңалығы – қазақ журналистикасының ақтаңгері Шерхан Мұртаза атына арнайы номинация тағайындалғанын тілге тиек етті.

"Шерхан ағамыздың отандық журналистиканы дамытуда атқарған еңбегі мен қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан, қазақ журналистикасының асқар шыңы саналатын Шераға атындағы марапатқа ие болу – кімге болсын зор мәртебе, биік жетістік деп білемін", деді Аида Балаева.

Естеріңізге сала кетейік, аталған номинация бойынша жүлде қорын белгілі журналист Қайнар Олжай жеңіп алды.