• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2013

Заң артында адам тағдыры бар

296 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған дәстүрлі брифинг­ке қатысқан Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі кәсіби Парламенттің бесінші шақырылымының өзінде 114 заң қабылданғанын айтты.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған дәстүрлі брифинг­ке қатысқан Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі кәсіби Парламенттің бесінші шақырылымының өзінде 114 заң қабылданғанын айтты.

ОКҚ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев шақыруды қабыл алған мейманға ризашылығын білдіріп, микрофонды Мәулен Әшімбаевқа ұсынған. Сөзін мемлекеттік тілде бастап, ары қарайғы негізгі ойын ресми тілде баяндаған депутат брифингте 3 мәселеге қатысты әңгіме қозғады. Оның біріншісі – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» туралы сырт елден келген қонақтардың қатысуымен өткізілген конференция жайы болды. Шетелдік сарапшылардың Қазақстан парламентаризміне осы конференцияда берген бағасына тоқталған шешен: «Олардың барлығы бүгінде Қазақстанда тиімді заңнамалық орган құрылғандығын атап өтті. Үкіметпен тығыз жұмыс жасаудың арқасында ел өмірінің кез келген саласын реттейтін маңызды заңдар дүниеге келді. Осы бесінші шақырылымның өзінде ғана, яғни өткен жылғы қаңтардан бері Мәжіліс 160 заң жобасын қарап және мақұлдап, оларды Сенатқа жолдаса, олардың 144-ін сенаторлар да, Мемлекет басшысы да қолдады. Қазір олар өздерінің заңдық күшіне енді», деген депутат екінші мәселеге ойысқанда заң шығармашылығы турасындағы өз пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, уақыт өте келе Мәжiлiс жанынан заң шығару институтын құру қажет. Өйткені, мұндай институт Үкiметтен қаралуға келiп түсетiн заң жобаларына сараптама жүргiзумен қатар, оларға баға беріп және депутаттардың заңдарды жақсарта түсуіне септiгiн тигiзеді. Әрбiр заңның адамдар тағдырына тигізер әсерін айтқан депутат: «Заңға салғырт қарауға болмайды, олар мұқият сарапталып жасалуы керек. Сонда ғана бiз заңдарды бүгiнгi жағдайға және ертеңгі болашақтың игілігіне жұмыс iстететiн боламыз. Бiзге әрдайым заң жобалары сапалы болып келмейді. Осы жылдың өзінде үкiметтiк құрылымдармен бiрлесіп, қайта өңделiп барып жасалған заңдар қатары біраз болды. Бiзде мұндай институт та, орталық та жоқ. Бүгiнгi күнi депутаттар мұны өздерi iстейдi, оған тиiстi аппараттың бөлiмшелерi көмектеседi. Егер де осы бағытта белгiлi бiр қадамдар қабылданса, бұл заңдардың сапасын арттырар еді. Бүгiнгі күнi тиiстi мүмкiндiктер мен ресурстар жеткiліктi емес», дей келіп, заманауи қоғам жағдайында депутаттардың заңнамалық бастамаларын iске асыруға қажеттi шарттарды құру қажеттігіне тоқталды.

«Депутаттардың заң жобаларын әзiрлеу жағынан алғандағы мүмкiндiктерiн күшейту қажет. Заң жобасын әзiрлеу – өте күрделi, көп еңбектенудi қажет ететiн үдерiс. Осы тұста көптеген заңдарды қарастырып, халықаралық тәжiрибенi зерттеу, заң жобаларын қабылдау нәтижелерiн болжау керек. Бұл – өте күрделi жұмыс. Дегенмен, бүгiнгi күнi депутаттар тарапынан заңнамалық бастамалар жасалып, олар ұсынған заңдардың жиiрек қабылдануына қарай бет бұруымыз керек. Бұл бағытта Мәжiлiс Төрағасы бастамасымен соңғы уақытта ауқымды жұмыс жүргiзiлiп жатыр», дедi Мәжiлiс депутаты.

Депутат әңгімесінің ендігі бір өзегі 29 қараша күнi Санкт-Петербург қаласында өтетiн «Қазіргі әлемдегі ядролық қауіпсіздік. Ядролық қарусыздану мен қару-жарақты таратпау үрдісіндегі парламентарийлердің рөлі» атты халықаралық конференция болды. ТМД мемлекеттерiнiң Парламентаралық Ассамблеясымен бірлесе өткізіліп отырған осы басқосуға тоқталған ол: «Естерiңiзде болса, былтыр 29 тамызда Астанада үлкен конференция ұйымдастырған болатынбыз. Онда Елбасы баяндама жасап, өзiнiң бастамаларын айтып берген еді. Санкт-Петербургтегі конференция Астанада көтерiлген тақырыптарды жалғастыру және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр», дедi М.Әшiмбаев.

Бұдан соң депутат журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар