• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Қараша, 2020

Жазушылықтан жоғалуға дейін

437 рет
көрсетілді

Әдеби ортаға жаңа есімді таныстырған ал­ғаш­қы шығарма бейтаныс автордың қалам қуа­тын белгілі бір деңгейде көрсететіні анық. «Теңіздің дәмі тамшысынан» білінеді емес пе?! Жас қаламның дебюттік шығармасына қадари-халімізше баға беріп, болашағынан үлкен үміт күтеміз. Алайда әдеби сахнаға жаңадан аяқ басқан жазушыларға әр тараптан айтылған кез келген сынның, яки көпірме мақтаудың ықпалы көп тиетінін кейде байқамаймыз. Осындайда жас талантты алыстан танитын көзі қырағы аға буынның рөлі ерекше көрінетіндей.

Әдебиет әлемінің есігін «Қоңыр күз еді» атты ақжауын жырымен қаққан Қалихан Ысқаққа академик З.Қабдолов: «Бұл қоңыр күз емес, шыбынсыз жаз еді ғой», деп тамсанып, жылы пікір білдірген еді. Асқар Сүлейменов те «Жас прозаиктер және жастар образы» (1962 жылы жазылған) деген мақаласында Қалихан Ысқақтың осы повесіне тоқталып, Қасым образының шынайылығына тереңінен бойлап, жас жазушыға жанашырлықпен ақыл-кеңесін айтады. «Өмір алдында алпысты артына тастаған да дебютант жаста. Бірақ осының бәрінің ортасында жүрген, ол – азамат. Қасымда бұл жоқ. Қасым бұл жасқа жеткен жоқ. Қ.Ысқақов келесі кітаптарын жазу үстінде (егер доп қуалап кетпесе) геройды осы азамат жасына жеткізу жағын қарастыруы керек», дейді.

Осы «Қоңыр күз еді» шығармасынан бастау алатын лирикалық тон автордың кейінгі жазылған шығармаларында, мәселен, «Беу, ақсақ дүниеде» дәрменсіз сияқты көрінеді. Ауылдың жүрек сыздатарлық ауыр халі мен Алтайдың ну орманының шабылып, жан-жануарының сатылуын проблема қылып көтерген автор бұл хикаятта жаңа стильдің қалыбын соғады. Бұрын-соңды шығармаларында тек қылаң берген астарлы юмор енді ұлғаяды. Шығарма тілі өзгеріп, тартыс та үдей түседі. Ал әдебиетшілер, А.Сүлейменовтің айтқан базынасын Қ.Ысқақ «Тұйық» шығармасында орындады дейді.

Кез келген қаламгердің тырнақалды туындысы мен соңғы шығармасының арасынан көп өзгеріс күтетініміз рас. Және ол оңды өзгерістің болуы заңды да. Мәселен, бұғанасы бекіп, буыны қатпаған жас қаламгер мен оның толысқан тұстағы деңгейін салыстыра алмаймыз. Батыс әдебиетінде автордың қалыптасу жолында ұстанатын үштік теория бар. Ең алдымен, қаламгер еліктеу сатысынан өтеді дейді. Яғни үлгі тұтқан жазушысына қарап ой түзейді, қаламын қайрайды. Тынымсыз еңбек пен рухани тәжірибенің нәтижесінде екінші деңгейге жетіп, жазушы атанады. Ал үшінші деңгей – ешкімге ұқсамайтын, өзінің жазушылық стилін қалыптастыра алудан тұрады екен. Оған жететіндер некен-саяқ. Дегенмен бұл биікке талпынған мың-миллион талапкер бар. Үштік теориясы бойынша, көбі соның бірінші сатысында қалып қояды да, бір шоғыры ғана екінші сатыға көтеріле алады. Сөз-ақ. Кейбір қаламгерлердің алғашқы және соңғы шығармаларынан айтарлықтай айырмашылық көре алмайтынымыз, бәлки, осы бірінші не екінші деңгейдің төңірегінен ары аса алмағандығынан болар.

Бұл шығармашылық тоқырауды болдырмау үшін тағы да қазіргі ғылымдағы М.Гладуэль ұсынған жаңа теорияға сүйенсек болатындай. Оның пікірінше, кез келген салада қара үзіп, топ жарар маман болу үшін талапкер сол салаға он мың сағатын басы бүтін арнауы керек екен. Бұл дегеніңіз, күн сайын үш сағат уақыт арнағанда, он жылға созылатын үдеріс. Ол әлемге әйгілі өнер адамдарының өмірін ұзақ жылдар бойы зерттеу арқылы осындай қорытындыға келіпті. Жүйелі еңбек пен тоқтаусыз ізденуге негізделген Гладуэль теориясының әдебиетке де берер игілігі мол болар еді. Егер әлгі ережелерді қазақ авторлары ұстанса, әрине.

Ал жазушылықты негізгі кәсіп етпеген авторлар әдеби ортада бір шығармасымен ғана есімін қалдырды. Мәселен, М.Митчелдің «Унесенные ветром» атты жалғыз романы әлемнің 38 тіліне аударылып, бірнеше дүркін экранизацияланды. Қазақ әдебиетінде де бір туынды, бір жинағымен әдебиеттен алыстаған қаламгерлер бар: С.Смағұловты «Күміс қоңырау» жинағымен, С.Ерубаевты «Менің құрдастарым» жинағымен, Қ.Шаңғытбаев «Ар» жинағымен, Т.Жармағамбетовті «Отамалы» әңгімесімен, Р.Райымқұловты «Түйелі адам» повесімен, К.Қазыбаевты «Ызғар» романымен айтуға болады. Бұл есімдердің көркем жазуды тастауына бірінің қайраткерлік, азаматтық қыры, екіншісінің журналистік қызмет жолы, болмаса аудармашылық жолға түсулері себеп болды. Бәлки, шеберлік қуат жетпегендіктен дебюттік шығармалармен тоқтаған болар, сірә.

Қазіргідей қарыштап дамыған уақытта барша әлем жазушылары заманауи мүмкіндіктерді пайдаланып бағуда. Мәселен, маркетинг пен менеджментті әдебиетке араластырмай қазақ сөз өнерінің ілгерілемейтініне бүгінде көзіміз жетіп отыр. Өйткені бұрын халықты кітап оқуға баулыса, қазір қай кітапты оқу керек дейтін мәселе алға озды. Ақпараттық қоғам оқырманға сан-салалы, қажетті-қажетсіз дүниелердің бәрін ұсынып отыр. Кімді оқитыныңызды талғам шешеді. «Қоғам кітап оқымайды» дегеннің өзінде қазір Пауло Коуэло мен Стивен Кингті білмейтін оқырман жоқ. Классикалық шығарма атанбаса да һәм эстетикалық талап-тілекке сай келмесе де оларды барша әлем оқиды. Бұл – әдебиеттегі маркетингтің игілігі. Яғни Қадыр Мырза Әли айтқандай, «алдымен сен абыройға жұмыс істейсің, сосын абырой саған жұмыс істейді». Менеджменттегі жеке бренд қалыптастыру деген ұғымның түп төркіні осыдан шығады. Жақсы шығарма жазып жүрген қаламгердің кейде көркемдік қуаты әлсіз, жұтаңдау туынды жазса да қалың оқырманын жоғалтып алмауының сыры да осы «абыройда» жатқандай. Және Нобель сыйлығын алатын ақын-жазушылардың көбісінің тонын қалыңдатып тұрған да маркетинг екенін көріп жүрміз. Дегенмен заман қалай құбылса да оқырман әдеби сауатынан һәм биік талғамынан айырылмауы керек. Әдебиетті қанша жерден маркетинг пен менеджмент билесе де оқырман классиканың не екенін ұмытпаса екен дейміз.