Тобыл өңірінде тұңғыш рет «Жібек жолы» деген атпен шығыс мәдениетінің фестивалі өтті.
Достық үйінің қызметкерлері жыл басында елімізде тұрып жатқан шығыс мәдениеті өкілдерінің ұлттық өнерін насихаттайтын ауқымды шара өткізуді жоспарлап қойған. Алайда көктемде пандемия басталып, кедергі көбейді. Карантин режімі қайта күшейген соң, ұйымдастырушылар фестивальді онлайн байланыс көмегімен өткізуді жөн көріпті.
– Көпшіліктің қатысуымен өтетін шараларға тыйым салынған соң, ұйымдастырушылар да, шақырту алған қонақтар да фестивальден күдер үзе бастаған. Бірақ ойға алған дүниені не де болса өз уақытында өткізейік деген ниетпен, биыл алғаш ұйымдастырылып жатқан шараны онлайн режімде өткізуді ұйғардық, – дейді Достық үйіндегі қоғамдық-бұқаралық шараларды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Юлия Пономарева.
Осылайша, еліміздің барлық аймақтарына шақырту жіберілген. Шараға он шақты өнер ұжымы қатысты. Онлайн фестивальде Иранның «Бахрам» биін мың бұралтқан ақтаулық «Экзотика» би тобының өнері көрерменді бірден баурап алды. Өзбектің «Хорезм» биін орындаған оралдық өнерпаздар да көпшілік көңілінен шықты. Дәл осы биді Қостанайдағы «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамблі де сәтті орындап шықты. Мәдени шара аясында көпшілікке «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық қорының Павлодардағы филиалының атынан шыққан «Эвришим» би ансамблінің әртістері ұйғыр халқының «Гульдак жананла» биін, тараздық «Инфинити» хореографиялық ұжымы өзбек биін тарту етті.
Қостанайлық әншілер шығыс әндерін нақышына келтіре орындап, би керуенінің сән-салтанатын асыра түсті. Көрермендер әсіресе өзбек әнін тамылжыта шырқаған «Шарқ» тәжік-өзбек бірлестігінің белсендісі Анвар Оспанов пен «Әсем-Бэнд» вокалдық тобының әншісі Кәмила Жүнісованың дуэтін ерекше ыстық ықыласпен қабылдады.
Онлайн фестивальдің толық нұсқасын облыстық ассамблеяның You Tube-арнасынан тамашалауға болады.
Қостанай облысы