• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 18 Қараша, 2020

Мұхамед Әли боксқа қалай келген?

535 рет
көрсетілді

Кәсіпқой бокс тарихында аты мәлім қара түсті боксшылардың көбі дерлік бала кезінде жанжалға бейім, тіпті қылмысқа да тартылып үлгергенін байқаймыз. Ал бала Кассиус Клей орта мектепте сабақ үлгерімі жақсы, тиянақты, тәртіптілігімен көзге түскен. Ендеше бұл баланы боксқа итермелеген құдірет не?

К.Клей 12 жасқа толғанда туған күніне үй-іші велосипед сатып әпереді. Қуанышы қойнына сыймаған кішкентай К.Клей дүкенге де велосипедімен барады екен. Бірде дүкенде бір минуттай ғана болып сыртқа шықса, көлігі жоқ. Ал келіп жыласын. Болған оқиғаны жергілікті полицияға хабарлап, егер де ұрлықшы табылар болса, өлтіре сабайтыны жайлы ант береді. Полицей болса: «Алдымен бокс үйрен, содан кейін ұрлықшыны табамыз», дейді. Бұл полиция қызметкері «Колдби Жим» клубының бап­кері болатын. Ол осылай К.Клейді боксқа әкелген.

Жаттықтырушы К.Клейді әкеліп тә­жі­­рибесі бар баламен жұ­ды­­рықтастырады.Ол болса, тіп­тен қиналмай-ақ жеңеді. Өмір­інде тұңғыш рет бокс қолғабын киген күні қарсы­ла­сынан басым түсуі оның боксқа деген үлкен құштарлығын оятады.

Бокс үйірмесіне келгеніне бірнеше апта ғана болған К.Клей жолдастарымен бірге автомашина дүкеніне соққан кезінде сонда тұрған «кадиллак» машинасын нұсқап, «Мен ұлы боксшы боламын, көп ақшам болады, сонда осы машинаны аламын», дейді. Басқалары оны мазақтап күледі.

1960 жылы 18 жасқа толған К.Клей әуесқой боксшылар арасында «Алтын қолғап» бәсін алты рет жеңіп алып, АҚШ-тың олимпиадалық құрамына қабылданады. Осы жылдың тамыз айында Италияда Олим­пиада чемпионы атанады. Әуесқой бокстың ең биік шы­ңын бағындырған ол осыдан былай кәсіпқой боксқа ауысып, өз есімін мұсылман дінін қа­был­дауына байланысты «Мұхамед Әли» деп өзгертеді.