Астанада Бокс федерациясының өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен 2012 жылға дейін спорттың осы түрін дамыту мәселесін талқылауға арналған кеңес өтті.
Кеңесте осы мәселелерден басқа Қазақстанның ұлттық, жастар және әйелдер құрамасының алдағы жарыстары туралы кеңірек мәлімет берілді. Мұнда федерацияның атқарушы директоры Данияр Әбілғазин мен халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Жанболат Сәрсенов, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, мемлекеттік бапкер Болат Абдрахманов пен еліміздің ішкі спорттық шараларын өткізу және Бүкіләлемдік бокс сериясына қатысуы жөніндегі үйлестіруші Болат Манкенов сөз сөйлеп, федерация жұмысына, оның боксты дамытудағы алдағы мақсат-міндеттері жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Кеңесте сөз сөйлеушілер өткен жылдан бастап федерация басшысы болып Тимур Құлыбаев келгелі бері еліміздің барлық өңірлерінде спорттың осы түрін дамытудың жаңа жоба-жоспарлары жасалына бастағанын, оның ішінде облыстық федерациялардың басшылығына кәсіпкер азаматтардың шақырылғанын, қазір олардың қолдау көрсетуімен боксшылар мен бапкерлердің жалақысы бірнеше есеге өскенін, ал жаттығу залдары болса қазіргі заман талаптарына сай жабдықталып жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге олар бүгінде былғары қолғап шеберлеріне Алматы облысының “Ақбұлақ” спорт кешенінде, Алматының жанындағы Новоалексеев кенті мен Ақмола облысы, Щучье қаласындағы “Жақсы” спорт ордасында жаттығуға мүмкіндік жасалғанын, алдағы кезде дәл осындай залдардың Астанада да салынатынын атап айтты. Кеңесте келесі қаралған бір мәселе, боксшылар мен төрешілердің жұмысы жайында болды. Мұнда ұлттық құраманың бас бапкері бапкерлер мен төрешілермен жұмыс істеуде федерацияның вице-президенттері Юрий Цхай мен Серік Қонақбаевтың жұмысына ризашылығын білдіретінін жеткізді. Оның айтуынша, қазір бапкерлер мен төрешілерді ынталандыру үшін оларға материалдық қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарауда. Осыған байланысты оларды шетелдерде тәжірибе алмасу, семинарлар мен оқуларға жіберу мәселесі қарастырылуда.
Кеңесте осыдан кейін боксшыларды ғылыми тұрғыдан дайындау мәселесі қаралды. Бұл мәселе көптен бері айтылып жүргені белгілі. Дегенмен, соңғы кездері ол мәселе қайта қолға алынып, тиісті деңгейде шешілуде. Мәселен, федерацияның атқарушы директоры Данияр Әбілғазиннің айтуынша, бүгінде боксшыларды жақсы дайындау мақсатында құрамына дәрігерлер, психологтар, физиологтар мен биохимиктер кіретін арнайы топ құрылып отыр. Бұл топтың міндеті – спортшыларға жеке көзқараспен қарап, олардың дайындығын әрқашан назарда ұстау. Келесі қаралған мәселе, жастар, қыздар және әйелдер құрамаларының былтырдан бергі нәтижелерін талқылап, оларды алдағы жарыстарға дайындау жайында болды. Осы мәселе бойынша сөз алған мемлекеттік бапкер Болат Абдрахманов қазір жастар мен әйелдер командалары федерация тарапынан барлық қолдауға ие болып отырғандарын, осы күндері әйелдер құрамасы мамыр айында Астанада өтетін Азия чемпионатына, ал жастарымыз келесі жылы елордада жалауын көтеретін әлем чемпионатына дайындалып жатқандарынан хабардар етті.
Кеңес соңында осылардан басқа елімізде бірнеше жарыстарды өткізу жоспарланып отырғаны хабарланды. Оның ішінде Азия конфедерациясы бойынша өткізілетін 21 турнирдің 12-ін Қазақстанда ұйымдастыру мәселесі бар. Сонымен бірге жиында осы жазда Астанада Президент Н.Ә.Назарбаевтың кубогы жолындағы турнир мен Бүкіләлемдік бокс сериясы бойынша еліміздің 12 командасы қатысатын жарысты өткізу мәселесі қаралды. Бұл бәсеке жөнінде сөз алған Бүкіләлемдік бокс сериясына қатысуы жөніндегі үйлестіруші Болат Манкенов жекпе-жектің әрқайсысын 3 минөттен 5 раунд бойынша өткізу жоспарланып отырғанын, оның жеңімпаздары Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндіктері болатынын атап айтты.
Дастан КЕНЖАЛИН.