• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 19 Қараша, 2020

«Бұлтты бухгалтерия» ашықтыққа бастайды

652 рет
көрсетілді

2021 жылдың басынан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдары «Цифрлы бухгалтерия мен қаржы» жүйесіне көшуді бастайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

 

Ведомство басшысы жаңа жүйені енгізудің басты мақсаты көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету екенін жеткізді.

«Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды авто­мат­тандыру сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін алдын алуға және қаржыны тиім­ді пайдалануды арттыруға жағдай жа­сайды. Яғни, мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа біздің министрлік,  басқа құзырлы мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады. Бұл –  маңызды бастама. Білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді.

Әрине, оның қаншалықты жеткілікті немесе жеткіліксіздігі жөнінде көп айтуға болады. Алайда сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңыздырақ», деді А.Аймағамбетов.

Министр өз сөзінде көпшіліктің «мек­­­тептерді, балабақшалар мен кол­­ледж­­дерді Білім және ғылым министр­­­лігі республикалық бюджет есебі­нен қаржыландырады, сондай-ақ жала­қының уақтылы, дұрыс есептелуі, оқу­лықтарды сатып алу немесе білім беру ұйым­дарындағы жөндеу жұмыстарын да ми­нистрліктің өзі тікелей жүргізеді», деп қате ойлайтынына тоқталды.

«Заңға сәйкес бұл жұмыс – әкімдіктер­дің құзырында. Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни қаржыландыру да сол қа­лалар, аудандар мен облыстардың бюд­жетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қа­дағалап отыру өте қиын. Сол себепті об­лыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақтылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақ­парат құралдарына шыққанда немесе ша­ғымдар келіп түскенде біліп отырады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ата-аналар мен мұға­лімдерге орын алған проблемаларға кім жауап беретіні, неге бұлай болғаны емес, олқылықтардың орын алмауы ма­ңызды ғой. Сондықтан қаржыландыру меха­низмдерін енгізу және барлық қар­жыландыру жүйесін цифрландыру бо­йын­ша бастаманы қолға алдық», деді министр.

Аталған жүйе осы уақытқа дейін елорда мен Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарында пилоттық жоба ретінде апробациядан өтіпті. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бас шаһардағы білім беру ұйым­дарының 2018 жылдан бері осы жүйемен жұмыс істейтінін айтты.

«Ең алдымен, бұл жүйе бізге бух­галтер­лер санын 40 пайызға дейін қыс­қар­туға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қар­жыға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Себебі ақпарат қол­жетімді. Білім беру ұйымының басшысы қай операцияның қашан және кім орын­дағанын біліп отырады. Елордада бюджет қаражатынан бірнеше млрд теңге үнем­деліп, білім беру ұйымдарының қар­жылық қызметі реттелді. Бухгалтерлік және салық есебіне алу барысында бұзу­шылықтар саны едәуір қысқарып, шы­ғындар бойынша тәуекелдер азайды. Атал­ған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі субъективизм сияқты проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жағдай жасайды. Бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу про­цес­тері де автоматтандырылады», деді Ш.Қадырова.

Министрліктің мәлімдеуінше, жа­ңа жүйе­ге көшу үшін жеткілікті уа­қыт беріл­ген, алдағы қаңтар айынан бас­т­ап бұл жоба барлық білім беру ұйым­дарына енгізіледі. Қарапайым тіл­мен айтқанда, «Бұлтты бухгалтерия» жүйесі жемқорлықтың алдын алады, мұға­лімдердің жалақысына және мекемелерге сатып алынатын жабдықтарға (мысалы, соңғы кездері сатып алынған компьютерлердің құнына) қатысты түрлі даулы пікірлерге де нүкте қоймақ.