• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қараша, 2020

Nur Otan-ның өңірлердегі сайлауалды штабтарын кімдер басқарады?  

547 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық 17 өңірінде Nur Otan партиясының сайлауалды штабтарының басшылары анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ақмола облысында өңірлік штабқа партияның облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жетекшілік етеді. Өткен жылғы президент, 2016 жылғы Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар сайлауында ол облыстық штабты басқарды.

Ақтөбе облысында сайлауалды штабтың тізгіні партияның облыстық филиалы басшысының орынбасары Ербол Данағұловтың қолына тиді. 

Алматы облысында сайлауалды штабтың басшылығы облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Серік Мұқановқа сеніп тапсырылды. Оның сайлау кезеңінде алған тәжірибесі бар. 2015 жылы ел Президенті және 2016 жылғы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында ол штабты басқарды.

Атырау облысындағы аймақтық сайлауалды штабының тізгіні партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрлыбек Ожаевтың қолына берілді. Өткен жылы Президент сайлауында ол штабты басқарған. 

Шығыс Қазақстан облысында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі болды. 2019 жылы Президент сайлауында ол өңірлік штаб аппаратының басшысы қызметін атқарды. 

Жамбыл облысында штаб жетекшісі болып облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, ал Батыс Қазақстан облысында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев тағайындалды.

Қарағанды облысында сайлауалды штабты партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова басқарады. Оның да 2011, 2015, 2019 жылдардағы Президент, сондай-ақ 2012 және 2016 жылғы Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар сайлауында облыстық штаб басшысының орынбасары болған кезде жинаған тәжірибесі бар.  

Маңғыстау облысында сайлауалды штабын филиал төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов басқарады. Ол 2019 жылы Президент сайлауында штаб басшысының орынбасары болған. 

Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында сайлауалды штабтарды партияның облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, атап айтқанда Эльдар Күзенбаев, Ләйлә Төрешова, Илья Теренченко, Әсем Рахметова және Бейсенбай Тәжібаев басқарады.

Бұған дейін Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы сайлауалды штабтардың басшыларын тағайындау туралы жарияланғанын айта кеткіміз келеді.  

Шымкентте жетекші партияның сайлауалды штабының тізгіні қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетовке берілді. Бұған дейін ол 2019 жылы Президент сайлауында қалалық штабты басқарған.

Алматыдағы сайлауалды штабтың жетекшісі болып белгілі қоғам қайраткері, "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов тағайындалды. Оның да электоралды кезеңде жинаған тәжірибесі бар. 2011, 2015, 2019 жылдардағы Президент, сондай-ақ 2012 және 2016 жылдардағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында ол өңірлік штабты басқарды.

Нұр-Сұлтан қаласында партияның сайлауалды штабын Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов басқарады. 2019 жылы ел Президентінің сайлауында ол елордалық штабқа жетекшілік етті.