• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қараша, 2020

Қылмыстың алдын алған абзал

711 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп, биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстар сараланып, ішкі істер органдарының алдағы уақытта орындауға тиісті іс-шаралары айқындалған еді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президенттің биылғы бірінші қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау саласына жүктелген міндеттерді орындау, осы бағытта қабылданған заңнамалар мен еліміздегі қылмыстық ахуал туралы жан-жақты таныстырған болатын.

Жаңғырту жалғасады

Ішкі істер органдарын жаңғырту жө­нін­дегі Жол картасын жүзеге асыру мақ­сатында елеулі шаралар жүзеге асыры­луда. Атап айтқанда, ішкі істер органдары мен Ішкі істер министрлігінің бөліністер саны азайтылып, артық басқару буындары таратылды. Есеп берулер 2,5 есеге дейін қысқарды.

Жуырда ел Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет Ішкі істер министрлігінің құрамынан шығарылды. Жыл аяғына дейін 574 ны­саннан полиция күзеті алынып, бұл міндет бәсекелес ортаға берілетін болады.

Бүгінде полиция қызметіне баға беру­дің жаңа жүйесі қолданылып, халықтың полицияға сенім білдіру деңгейі мен қолжетімділігі негізге алынуда. Мұндай кри­те­рийлерді анықтау үшін тәуелсіз инсти­тут­тар әлеуметтік зерттеу жүргізіп, соның нә­ти­жесінде өткен жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша азаматтардың 38 пайы­зының полицияға сенетіні анық­талды. Ал ішінара сенетіндер – 51 пайыз.

Global Peace Index жаһандық бей­біт­шілік индексі бойынша 2020 жылы Қазақ­стан қауіпсіздігі сенімді елдер тізімінде әлемдегі 163 елдің ішінде 70-орынды ие­ленді.

Мемлекет басшысы кадр саясатын жақсартуға баса назар аударды. Кадрларды іріктеу мен орналастыруға қатаң талап қойылды.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің 83 пайызы автоматтандырылса, жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделуде.

Елімізге келген шетелдіктерді 30 тәу­лікке дейін тіркеу тәртібі жойылып, «е-Visa» жобасы аясында елшілікке бар­май-ақ электронды түрде виза алу тәртібі оңайлатылды.

Ішкі істер органындағы әрбір сыбай­ластық төтенше жағдай ретінде бағала­нып, сол қызметтердің басшылары лауаз­ы­мынан босатылады. Мысалы, жыл басынан бері қол астындағы қызметкерлердің заң­сыз әрекеті үшін 129 басшы орнынан боса­тылды, оның ішінде 39-ы жұмыстан шығарылды. Соңғы екі жылдың ішінде жемқорлық қылмысы 34 пайызға азайса, тіркелген осы қылмыс түрінің 72 пайызын өзіндік қауіпсіздік қызметі анықтады.

Мемлекет басшысы Үкіметке полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы тапсырма берген болатын. Келесі жылдан бастап тәртіп сақшыларының жалақысы көтеріледі және үйді жалға алу үшін өтемақы алатындар саны өседі.

Алқа мәжілісінде Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ішкі істер органдарының қызметкерлеріне үй жалдау үшін 15 миллиард теңге бөлінсе, келесі жылы тағы 10 миллиард теңге қосы­латынын айтып қуантты. Сегіз мыңнан астам қызметкер өтемақы алатын болады.

– Мен Үкіметке сіздердің еңбек­ақы­ларыңызды әскери қызметшілердің еңбек­ақысымен теңестіру туралы тапсырма бердім. Соңғы үш жылда еңбекақы 30 па­йызға өсетін болады, – деді Президент. – Патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардың еңбекақысы өседі.

 

Учаскелік инспекторлардың өкілеттігі артады

Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы құры­лымдық өзгерістерді жалғастыра беру қа­жеттігін баса айтты. Өйткені онсыз қол­ға алған реформаларды табысты жү­зеге асыру мүмкін емес. Полиция қосал­қы функ­циялардан бас тартуы керек. Мемлекет басшысы осы жайында да ой қозғады.

– Полицияда дөрекілік пен біліксіз­дікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір халықпен күнделікті бетпе-бет жұмыс істейтін саланың бірі – учаскелік инспекторлар. Олардың жұмысы «қадам­дық полиция» принципімен қайта ұйым­дас­тырылуда.

Қылмыстың алдын алуда учаскелік инспекторларға жүктелетін міндет зор. Бүгінде олар есепте тұрған 135 мың адам­ның тәртібін бақылауда. Учаскелік инс­пекторлардың мәртебесін көтерумен бірге олардың өкілеттілігін кеңейту де жоспарлануда. Болашақта учаскелік инспекторлар алкогольді ішімдікті пайдалану мен тұрғын үйден шығарып жіберуге қатысты 10 күнге дейінгі мер­зімге тыйым салу мен шектеуді өзде­рі белгілейтін болады. Полиция органы аты­нан құқықбұзушылықты жою ұйғарымын шығарады және әкімшілік шара қолдануда да дербестікке ие болады.

Учаскелік инспекторлардың қатары болашақта артатын болады. Мектеп инс­пек­торларын қысқарту есебінен учас­келік инспекторлар көбейеді. Нақтырақ айт­сақ, 912 учаскелік инспектор бірлігі енгі­зіледі. Ең басты жаңалық – аға учас­ке­лік инспекторлар институтын енгізу жос­пар­лануда. Учаскелік инспекторлардың бір орында тұрақты жұмыс істеуі олардың сол ау­мақты толығымен зерттеп, адамдарымен танысып, сол арқылы қылмыстың алдын алуға оң ықпал ететіні сөзсіз. Алдағы уа­қыт­та олардың бір лауазымда кем деген­де бес жыл жұмыс істеуі үшін де ша­ралар қабылданбақ. Ішкі істер министр­лігінің мұндай ұсыныстары Президент Әкім­шілігі жанындағы Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның жұмысшы тобы тарапынан қарастырылуда.

 

Бейнекамералардың көмегі көп

Азаматтардың қауіпсіздігін қамта­­масыз етуде жол қауіпсіздігінің алар орны өте маңызды. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында еліміз бойынша тоғыз мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, 1265 адам қаза тапқан. Ең өкініштісі, оның ішінде 114 баланың өмірі жол үстінде қиылғаны.

Жол-көлік оқиғаларын азайту мақ­сатында қазір жол қозғалысын ұйым­дас­ты­рудың халықаралық озық тәжірибе­лері қолданыла бастады. Соның аясын­да интеллектуалды камералар жүйесі кеңей­тілуде. Нәтижесінде, жол қозғалысы ере­же­лерін бұзудың 30 пайызы камералардың көмегімен анықталды. Атап айтқанда, республика бойынша 230 мың бақылау камерасы орнатылса, өткен тоғыз айдың ішінде осы камералардың көмегімен 5 мыңнан астам қылмыс ашылды.

Қазір өкілетті органдармен бірге жол инфрақұрылымдарын жақсарту шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, көшелер мен жолдарға қосымша бағдаршамдар қойылып, арнайы белгілер орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жасалуда. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі де жақсы. Мысалы жол-көлік оқиғаларының саны 22 пайызға дейін азайғанын ескерсек, бұл жақсы жетістік деп айтуға болады.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің электронды планшеттермен және бейне­тіркегіштермен, айыппұл төлеуге арналған терминалдармен қамтамасыз етілуі қылмысты тез анықтауға көмектесіп отыр. Жол қауіпсіздігіне қатысты өндірістердің элек­тронды түрде жүзеге асырылуы сыбай­ластықтың алдын алатыны анық.

Жол қауіпсіздігіне байланысты тағы бір жақсы жаңалық – Парламент Мәжі­лісінде жүргізушілердің тек бір ғана құжат­пен, яғни жеке куәлігі немесе жүргі­зуші куәлігі арқылы ғана көлік басқа­ру мәселесі қаралуда. Көлікке қатыс­ты құжаттарды рәсімдеу жолдары жыл­дан жылға оңай болып келеді. Мыса­лы, қазір онлайн тіркеген адамға көлік нө­мірін үйіне жеткізіп береді. Мұндай мүм­кіндікке жуырда ЕGov.kz порта­лында іске қосылған мемлекеттік нөмір белгі­сін және көлік құралын тіркеу тура­лы куәлікті жеткізуді ресімдейтін жаңа қызмет түрінің арқасында қол жеткі­зілді. Бұл қызмет түрі жүргізушілерге пан­демия кезінде өте қолайлы болып тұр. Мысалы, жаңа автокөлік алып, оны үйден шықпай-ақ тіркеу қажет болса, «Электронды үкімет» порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінің «Автомобиль көлігі» тармағын таңдап, «МТНБ (мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі) және КҚТК-ны (көлік құралын тіркеу туралы куәлік) үйге жеткізу» қызметін басып, авторизациядан өткен соң оған тапсырыс бере алады. Тек қажетті деректерді толтырып, тұрғылықты мекен-жайды көрсетіп, қызметке ақы төлеу қажет.Сонымен қатар 2021 жылдың бірінші сәуірінен бастап көліктің электронды төл­құжаты қолданысқа енгізіледі. Элек­тронды құжаттың артықшылығы – кө­лік­ке қатысты мәліметтер ресми ақпарат көз­дерінен алынады, заңсыз не күдік туды­ратын көлікті сатып алу қаупі болмайды, электронды төлқұжатты жоғалтып алу мүм­кін емес және қайта қалпына келті­рудің қажеті жоқ.

Жаңа заңнамада мас болып көлік жүр­гі­зетіндерге қолданылатын жаза мерзімі де ұзартылды. Мысалы, мас болып көлік жүр­гізген адам жеті жылға көлік жүргізу құқы­ғынан айырылып, оған қоса 15 тәулік­ке әкімшілік қамаққа алынады. Егер жа­засын өтеу жылдары аяқталған кезден бастап бір жыл ішінде екінші рет осын­дай әрекетке жол берсе сегіз жылға жүр­гізуші құқығынан айырылып, 20 тәу­лікке әкімшілік қамауға алынады. Мас жүр­гізушілерді анықтаған полиция қызмет­кер­лерінің бетпе-бет келетін бір проблемасы – жүргізушілердің медициналық куә­лан­дырудан өтуден қашқақтайтыны. Жаңа заңнама бойынша енді мұндай қарсылық танытқан мас жүргізушілер сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынады.

 

Қылмыс азайып келеді

Биылғы тоғыз айда еліміздегі қыл­мыс­тық ахуал біршама жақсарды. Жалпы қылмыс саны 37 пайызға төмендесе, оның ішінде ауыр қылмыстың азаюы көңіл қуантады. Денсаулыққа зиян келтіру 12 пайызға, зорлық 39 пайызға, қарақшылық 52, тонау 50 пайызға және бұзақылық 45 пайызға төмендеді. Жасөспірімдер арасындағы және көшеде жасалатын қылмыс 51 пайызға, адамдардың мас күйінде қылмыс жасауы 16 пайызға дейін азайды.

Биылғы тоғыз ай ішінде қылмыстарды ашу көрсеткіші артқаны анық байқалып отыр. Ауыр қылмыстардың 64 пайызы, аса ауыр қылмыстардың 94 пайызы ашылған.

Өкінішке қарай, тұрмыстық қылмыс көбейген. Пандемияға байланысты карантин кезінде «Ауруға шалдықпауға арақ-шараптың көмегі болады» деген қате түсінікпен адамдардың үйде отырып ішімдік ішуі салдарынан тұрмыстық қыл­мыс арта түсті. Соның кесірінен адам өлтіру 15 пайызға, жасөспірімдерге қатыс­ты зорлау 19 пайызға артқан. Жәбір­ле­нушілерге өзінің немесе өгей әкесінің, көршісі немесе туған-туысқанының зорлық көрсеткені олардың отбасы үшін өте ауыр екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан тұрмыстық қылмысты азайту үшін оның алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұ­мыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі айқын байқалып отыр.

Ел экономикасы мен адамдардың өміріне ұйымдасқан қылмыстың зардабы орасан. Ұйымдасқан қылмыстық топтар мен олардың жетекшілерін анықтауды ерекше бақылауға алған Ішкі істер ми­нистрлігі бұл бағытта жыл басынан бері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Мысалы, биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 130 мүшесі мен 16 жетекшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 150 қару мен 960 оқ-дәрі тәркіленген. Ақмола облысында қыркүйек айында жүргізілген арнайы операция кезінде заңсыз алтын айналымымен айналысатын екі ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталып, 13 шағын цех жойылады және құрамында алтын бар 135 тонна материал тәркіленді. Өткен айда Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларында қылмыстық топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері ұсталған. Бұл ретте Ұлттық Қауіпсіздік комитеті зор көмек көрсеткен.

Қарағанды және Павлодар облыс­та­ры­ның аумағында автокөлік ұрлы­ғымен айналысатын топ ұсталды. Ең қор­қыныштысы ұйымдасқан топтар адам саудасымен де айналысатын болып шықты. Жыл басынан бері осындай 107 дерек анықталған.

Осы бағыттағы күресті жандандыру үшін Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі департаментті қайта құру жос­парлануда. Оның құрамында адам саудасымен күрес бөлімшесі болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды. Мысалы, жыныстық зорлыққа, педофилияға, балаларға қа­тысты қылмыстарға жауаптылық қатаң­датылып, жаза мерзімі ұзартылды. Ұрлыққа қарсы заңнама да күшейтіліп, қайталап жасалған және үй-жайға ену арқылы жасалған ұрлық ауыр қылмыс санатына ауыстырылды.

 

Сотталғандардың жағдайы қалай?

Қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігіндегі маңызды сала. Бүгінде Қазақстандағы 82 түзеу мекемесінде 30 мың адам жазасын өтеуде.

ҚАЖ саласында да қазір айтар­лық­­тай жаңғырту жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Сотталғандарды ұстау жағ­­дайы жақсартылып, кезең-кезең бо­йынша камералық ұстауға көшірілуде. Сот­­тал­­ған­дардың құқықтық жағдайларын жақсарту үшін олардың сотқа, прокура­тураға және мемлекеттік органдарға электронды түрде өтініш берулері үшін мекемелерге 121 арнайы тер­минал орнатылуда. Сот­тал­ғандардың туыс­тарымен бейнебайланыс жасауларына да мүмкіндік берілген. Түзеу мекемелерінде жазалы адамдардың білім алуларына жақсы жағдай жасалған. Атап айтқанда, сот­талған адам қазіргі күні сұранысқа ие бір­неше мамандықты игере алады. Сондай-ақ сотталғандардың тамақтан­дыру нормасы да қайта қаралуда. Қазір республикалық бюджеттен бір соттал­ғанға немесе тергеу тұтқынындағы адамға күніне 3063 теңге бөлінеді. Қазақ­стан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 115-бабына сәйкес бiр сот­талған адамға үш шаршы метр мен бес шаршы метр арасында тұрғын алаң бөлі­неді және жеке жатын орын, төсек керек-жарақтары беріледі. Аталған кодекске қосымша Қазақстан Респуб­ликасы Үкіме­тінің 2014 жылғы қаулысы­мен бекі­тілген нормаларға сәйкес бюджет қаражаты есебінен гендерлік-климаттық жағ­дайды ескере отырып маусымға сәйкес киіммен, тамақпен және күнделікті тұр­мыс­қа қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Жүкті әйелдерге, бала емізетін ана­ларға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ науқастарға тамақтанудың жоғары­латылған нормалары белгіленеді.

Сотталғандарды жұмыспен қамта­масыз етудің маңыздылығы да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы жыл­дың маусым айында Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Ішкі істер министр­лігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сотталғандардың 49 пайы­зының еңбекпен қамтылғанын атап өтті.

 Ішкі істер министрлігіндегі алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы «Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағ­дайда қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айыр­май жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйе­сіндегі мәселелерді шешу бойынша нәти­желі жұмыстар көрсетуі керек», деді.

 

Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,

запастағы полиция полковнигі