• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Қараша, 2020

Құқық бұзушылыққа жол жоқ

552 рет
көрсетілді

Елімізде келесі жылдың 10 қаңтарында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауы өтеді. Еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестік ретінде Кәсіподақтар федерациясы маңызды ішкі саяси процестерден тыс қала алмайды. Олай дейтініміз біздің қатарымызда 2 миллионға жуық адам бар. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы кезекті сайлауда елдің сайлау заңнамасының барлық нормаларының сақталуын бақылауға ниетті.

Биліктің заң шығарушы тармағына еңбек адамының мүддесін қорғап, мәртебесін көтеруге атсалысатын адамдар кіретін болса, біздің жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған ортақ күш-жігеріміз жаңа серпін алар еді. Сонымен бірге біздің әлеуметтік әріптестерімізбен ынтымақтастыққа негіз­дел­ген бірлескен жұмы­сы­мыз қоғамның негізгі де­мо­кратиялық құндылықтарын сақтауға мүмкіндік береді. Бірлік, әділеттік, даму – бұл Қазақ­стан Республикасының Кәсіп­одақтар федерациясы қыз­метінің басты қағидаттары.

Жалпы, федерация – сайлауда байқаушы қызметін атқа­руда өте тәжірибелі ұйым. Былтырғы Президент сай­лау­ында да белсенді болды. Сайлау учаскелерінің 50 па­йызға жуығында дауыс беру про­цесінің заңға сай өтуін қада­ғалаған еді. Сол себепті де кәсіподақ мүшелерін бұл қызметте тәжірибесі мол деу­ге мүмкіндік бар. Орталық, өңірлік деңгейде болсын осы міндетті жоғары деңгейде атқа­ратынымызға сенім білді­ремін. Байқау процесі оңай емес екені белгілі, үлкен жауап­кершілік артады. Бай­қау­­шыларды қолдауда алды­мызға бірнеше міндет қойып отырмыз. Дауыс беру, сай­лауалды науқан кезінде жұ­мыс берушілердің тарапынан ешқандай қысымның, мәж­­бүрлі дауыс бергізудің бол­мауын қадағалаймыз. Бай­қау­шылар сайлау проце­сінің қаншалықты заңға сәйкес өтіп жатқанын, сайлау комиссияларының, партия байқаушыларының құқық бұзушылық әрекеттерін бай­қаған жағдайда дереу тіркеп, есеп беруі керек. Осын­дай күрделі процесті байқауды жүйелі түрде ұйым­дастыру да аса маңызды. Жұ­мысты үйлестірушілер мен байқау­шы­лар міндетті түрде оқы­та­мыз. Қазір мұндай шаралардың көбі онлайн өтіп жатыр. Одан бөлек ақпараттық видео роликтер дайындалады. Бұл жұмыс алдағы бір-екі аптада басталады.

Тәуелсіз байқаушылар институты кез келген демокра­тиялық қоғамның үлкен маңызға ие бөлігі. Құрылым сайлаудағы заңсыз әрекеттерді ашық көрсетуі арқылы үлкен жауапкершілікке ие. Аза­мат­тық қоғам, халықаралық ұйымдар болсын биылғы сайлауға деген қызығушылығы жоғары. Кәсіподақтар феде­рациясының мүшелері бұл про­цеске өз үлесін қосуға сақадай сай.

 

Нұрлан ӨТЕШОВ,

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары