• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қараша, 2020

Кәсіпті тегін меңгергің келсе Сoursera-ға тіркел

218 рет
көрсетілді

Алматы қаласының тұрғындары жаппай онлайн білім берудің халықаралық жүйесі – Сoursera жобасы арқылы тегін білім ала алады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізген қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді.

Қалалық цифрландыру басқармасы мен жұмыспен қамту орталығы Сoursera компаниясымен келісімге келген болатын. Келісім аясында 5000 адам әлемнің беделді университеттеріндегі оқу курстарына тегін қатыса алады. Бұған дейін курсқа қатысуға өтінім беру уақыты қазан айының соңына дейін, ал сабақтарды тегін пайдалану 31 желтоқсанға дейін ғана болса, енді бұл мүмкіндік 2021 жылдың ақпан айына дейін ұзартылып отыр. Биыл қазан айының соңына дейін тіркеліп үлгерген азаматтар ақпан айына дейін сабақтарды тегін пайдалана алады.

– Бағдарлама өте жақсы нәтиже көрсетіп отырғандықтан, оны ұзарту туралы шешім қабылдадық. Сoursera арқылы білім алу – әлемдегі үздік университеттер мен ірі әлемдік компания дипломдарын, сертификаттарын иеленудің, соған сай сұранысқа ие маман болудың тамаша жолы, – дейді Баян Қоңырбаев.

Қазір осы онлайн оқу жобасы аясында сұранысқа ие курстардың алдыңғы легінде Communication, Computer Programming, Mathematics, Probability and Statistics, Statistical Programming, Data Analysis, Leadership and Management, Entrepreneurship, Theoretical Computer Sciences және Finance салалары тұр.

Алматылықтардың курсқа қатысуға деген белсенділігі жоғары. Бұл жас мамандардың кәсіби дамуға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға деген ынтасы мен ықыласының бар екенін аңғартады дейді басқарма басшысы.

Enbek.kz порталында курстарға өтінімдер қабылдау жалғасып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде 65 мыңнан астам қазақстандық онлайн жоба арқылы білім алуға ниет білдірген. Ал 32 мың қазақстандық оқуды бастап кеткен.

Еске салайық, әлемге әйгілі Сoursera онлайн жобасында жаһан бойынша 60 миллионнан астам пайдаланушы тіркеліп, олар 5000-ға жуық курс пен 400-ден астам мамандық түрін меңгере алады. Сонымен қатар жобаға қатысушылар 150 білім беру мекемесінің қызметін тұтынады.

 

Абай Аймағамбет,

"Egemen Qazaqstan"

АЛМАТЫ