Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бастаған «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы қорытындыланды. 2015 жылдан бері тұрақты өткізіліп келген шараның биылғы жеңімпаздары анықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен түрлі этнос жастары арасында мемлекеттік тіл арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау. «Мың бала» жобасы мемлекеттік тіл арқылы туған жер, салт-дәстүр, бауырмалдық, достық сөздерімен балаларды біріктіруді көздейді. Жыл бойы осы жоба аясында еліміздің барлық өңірінде қазақ тілін оқыту бағдарламалары әзірленіп, түрлі шара өтті. Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ойшылға арналған акция ұйымдастырылды. Жылдан-жылға жеңімпаздар саны артып келеді. Бұл жоба жастарға биіктерді бағындырып, табысқа жетуіне көмектеседі деп үміттенеміз», деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев марапаттау рәсімінде.
Биылғы эпидемиялық жағдайға байланысты жоба онлайн форматта ұйымдастырылған. Соған қарамастан, қатысушылар санында шек болған жоқ. «Үміткерлер өте көп болды. Біз тұтас Қазақстаннан үздіктерді таңдадық. Олардың барлығы қазақ тілін жетік меңгерген, қазақ дәстүрлеріне құрмет көрсетіп қана қоймай, тарихтан да жақсы хабардар», дейді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметкері Виктория Трегубова.
Жеңімпаздар «Тіл мектебі», «Асыл сөз», «Абайдың 175 жылдығына арналған челлендж», «Тиімді тілдік орта» атты төрт аталым бойынша іріктелді.
Байқауға жалпы еліміз бойынша 1000-нан астам бала қатысып, 65 қатысушы жеңіске жетті. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Асыл сөз» аталымында №52 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Руслан Захаренко, №77 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Анастасия Те үздік деп танылды. Абайдың 175 жылдығына арналған челлендж жүлдесін №77 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Лейла Монерон Дэйлин жеңіп алды. Ал «Тиімді тілдік орта» аталымында №77 Кремонези мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Джулия Ару және №79 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Дарья Зуева жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға грамоталар мен естелік сыйлықтар берілді.