• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Қараша, 2020

Ғабиттің ғажап әлемі

224 рет
көрсетілді

Қарағандыда тұратын қолөнер шебері Ғабит Қанатбаев Өзбекстанның Үшқұдық ауданынан осыдан он жеті жыл бұрын көшіп келген. Өзінің негізгі мамандығы – кен инженері. Алматыдағы политехникалық институтта оқып, жоғары білім алған. Алатаудың баурайында болашақ жарын жолықтырып, студент кезінде отау құрыпты. Келіншегі ол кезде Алматыдағы сауда техникумында оқыған екен.

Дипломын алғаннан соң, Өзбекстанға, туған ауылына оралған. Жергілікті  кен байыту комбинатында мамандығы бо­­­йын­ша жұмысқа тұрыпты. Бірі­нен соң бірі дүниеге келген екі қыз, бір ұлды аяғынан тұрғызу үшін өндірістің ауыр жұмысында жан аямай еңбек еткен.

Ал Арқа төсіне қоныс аудар­ғаннан кейін, ата кәсіпті қолға алған. Зады, ол бұл өнермен жасынан айналысыпты. Атадан дарыған кәсіп екен.

Бүгінде шебердің кеншілер астанасындағы «Оймақ» ат­ты от­басылық шеберханасы ая­ғы­нан нық тұрған. «Қара­ғанды қала­сын­да ұлттық бұйым­дар сататын дү­кеніміз бар. Мұн­да киізден, қа­йыс­тан, теріден, ағаш­тан, те­мір­ден жасалған ұлттық на­қыш­тағы бұ­йым­да­рымыз сатылады. Төрт қа­нат­ты­дан он алты қа­нат­тыққа дейінгі аралықтағы киіз үйлерді жа­саймыз. Оның ішкі құ­рал-жаб­дық­тарын әйелім және қыз­да­­рым дайындайды», дейді шебер.

«Оймақ» шеберханасын­да жасалған киіз үйлер еліміздің барлық өңіріне, сонымен қатар әлемнің оннан аса мемлекетіне сатылған екен. Ал осы істің ұйыт­қысы болып жүр­ген Ғабит Қанатбаев алдағы уа­­қытта қазақ халқының үй жи­­һаздарына қа­тысты жаңа үл­гіле­рін жасауды ойластырып жүр.

Қазіргі уақытта қолы алтын һәм іскер жан құрған шеберхана қанатын кеңге жайған. Май­құдықтағы тігін цехында алты шебер еңбек етеді, бұл іске зайыбы бас-көз болып жүр. Ал баласы Алтай жанына үш жігітті алып, ұлттық нақыштағы түрлі бұ­йымдар жасаумен айналысады.

 

Қарағанды облысы