Ел танығысы келген адамдардың назарын аударатын дүние – жалғыз тамылжыған табиғат қана емес, өлкенің сырт көзге сан ғасырдан бері беймәлім болып жатқан, қойнауындағы тарихи, рухани байлығын уақыт шымылдығы көлегейлеген көне көмбесі.
Сулы, нулы Қорғалжынның әр белесі, әр төбесі ел тарихының шымшымдаған сырын бүгіп жатқандығы ақиқат. Назар салып іздеген адам сан түрлі қазынаға жолығар еді. Сөйлете қалсаңыз көз ұшы жетер кеңістікте көне заманнан қалған тарихи жәдігер тұнып тұр. Өркендеу орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Самат Мамырайымов туған топырақтағы тағылымды іздерді іздеуден жалыққан емес. Жалғыз өзі ғана емес, шәкірттерін де ел тарихына мелтектетіп, жас өрендерге туған жердің сан алуан сырын қыздар тіккен кестедей мөлдіретіп құюда. Шерленіп аққан Нұра өзенінің қос қапталындағы лүп еткен самал желмен күңіренген, уақыт табынан тозған көне мазарлар мен сан алуан жәдігерлерді тауып, өлкенің өткеніне көз жүгіртеді, деректерін жинайды, аңызын қағазға түсіріп қаттайды.
– Біздің ауылдың тұсынан Абылай ханның қара жолы басып өткен, – дейді өлкетанушы ұстаз Самат Мамырайымов, – қара жолдың бойы тұнған дерек. Тек сезінетін зерек көңіл, індете іздейтін ынтызар ниет керек. Ауыл туризмін осындай қазынамен байланыстырып дамытуға мол мүмкіндік бар. Егер бар жайды жақсы білетін болса, әрбір жастың жан жүрегінде өзі туған өлкенің өткенін мақтаныш ететін перзенттік сезім қалыптаспай ма? Егер ел құлақтанса іздеп келіп көз суарып, көңіл тербететін азаматтардың болатындығы шүбә туғызбайды. Мәселен, Қаныкей ана мазарының тарихы сонау ХVІІ ғасырдан басталады екен. Жоңғар шапқыншылығына қарсы ақ найзасын қолына алып күрескен жаужүрек аталарымызбен үзеңгі қағыстырып жорыққа бірге шыққан батыр ана жайлы аңызға айналған әңгіме көп.
Сондай аңыздың бірінде батыр ана Қорғалжын бойына қаптай келіп елді қапыда басқанда бойжеткенді қорлап, күң еткісі келген жоңғар батырын алмас қанжарымен жарып өлтірген деседі. Міне, қазақ әйелінің бойындағы қайрат пен ерлік. Мұндай қасиет жалпы қазақ қыздарының бойынан табылғандығына тарих куә.
Өткеннің өрнекті іздері соқпақ бойында сайрап жатқан Өркендеу ауылы туризмді дамытуға өте қолайлы жер. Өлкетанушы ұстаз бастамасын баянды ету жолында арнайы бағдарлама да жасапты. Жас ұрпақты Отан сүюге тәрбиелейтін тарихи тағылыммен қоса, бұл өлкенің табиғаты да көрікті. Ендеше ауыл туризмінің ауқымы кеңейе беретіндігіне күмән жоқ.
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы