• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қараша, 2020

Әр мектепте балалар өкілі болады

1434 рет
көрсетілді

Еліміздегі мектептердің әрбірінде енді балалар өкілі болады. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасынан сайланатын балалар өкілі әр оқу ошағындағы балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады. Бұл туралы 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні аясында өткен балалар өкілдіктерінің алғашқы республикалық слетінде айтылды.

Бұдан былай белсенді балалар барлық өзекті мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігінің жа­нын­да­ғы Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен тікелей байланыста болады.

Балалардың құқықтарын қорғау Комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның: «Біз үшін балалармен тікелей жұмыс істеп, оларды қандай сұрақтардың қызықтыратынын және мазалайтынын, өз деңгейлерінде қандай проблемаларды анықтайтынын біліп, өтініштеріне жауап беру ма­ңыз­ды. Елімізде белсенді азаматтық ұстанымы бар әрі өз пікірлерін ашық айтып, достарының бастамаларын қолдай алатын балалар мен жасөспірімдердің қатары қалың. Балалар өкілдерінің барлығы біздің чатта тіркеледі. Олар мектепте орын алған түрлі оқиғалар туралы хабарлап, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын жақсарту бойынша өз идеяларын, ұсыныстарын жеткізе алады», дегенінен осыны аңғарамыз.

Бұзақылық пен кибербуллингке қарсы тұру, интернет желісінде өзін-өзі ұстау этикасы, экологиялық білім, ерекше білім беруді қажет ететін ба­ла­ларға қатысты толеранттылық мә­се­лелері республикалық слетте тал­қы­­ланған тақырыптарға тұздық болды. Аталған мәселелердің оң шешімін табуға енді сол оқушылардың өзі атсалыспақ. Қоғамдық жұмыстарда өзінің белсенділігімен танылып жүрген 8-сынып оқушысы, блогер Медина Майсар: «Біз жоба шеңберінде балалар құқығын қорғау төңірегіндегі мәселелерге араласа аламыз. Бұл – осы салада қалыптасқан жағдайды жақсы жаққа өзгертіп, өз үлесімізді қосу үшін таптырмас мүмкіндік», деді.