Бұл күндері Алатау етегіндегі шаһардың бір кездегі «Жасыл желекті қала» даңқын қайтару үшін бірқатар ілкімді бастама кезегімен жүзеге асырылып отыр. Алматы желексіз емес десек те, қаланы көгалдандыру, абаттандыру ісін тиімді, лайықты жүргізу – уақыт талабы.
Алматының жасыл экономика басқармасы «Алматыда не өседі?» айдарын бастады. Апта сайын биологтар, орманшылар, экологтар, ландшафты дизайнерлері мен басқа да мамандар мегаполисте өсіп жатқан өсімдіктер тақырыбын тереңірек баяндайды. Осы танымдық айдардың арқасында тұрғындар қалада өсіп жатқан немесе болашақта отырғызылатын ағаштарға қалай күтім жасау қажет екені жайлы тыңғылықты біле алады.
Сонымен қатар бір ағашты екінші ағаштан қалай ажыратуға болатыны жөнінде, өсімдіктердің экологияға әкелетін пайдасы туралы да айтып отырады. Аталған айдар шеңберінде алматылықтар өздерін қызықтырып, мүдделілік танытқан сауалдарына жауап алады.
Алғашқы жарияланымның кейіпкері – Қазақстанда өсетін терек. Ақпаратты оқи отырып, қалалық жасыл экономика басқармасы не себепті дәл осы ағаш жайлы бастағанын түсінесіз.
Қазақстандық теректің сортын XX ғасырда аграрлық университетінің профессоры селекционер-орманшы Петр Бессчетнов тапқан екен. Ғалым көптеген жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде теректің жаңа сортын ойлап табады да, оны «Қазақстандық» деп атайды.
«Қазақстандық» теректің ең басты қасиеті – түбіті жоқ. Себебі ғалымдар теректің аталық түрін таңдап алды. Үлпілдексіз теректің пайдасы неде?
Қазақстандық терек – көмірқышқыл газын жұту мен оттегі бөлу жағынан алдыңғы қатарда. Бір ағаштың өзі тәулігіне 180 кг дейін көмір қышқыл газын жұтып, 30 кг жуық оттегі бөледі. 25 жастағы терек ағашы шырша ағашынан 7 есе артық, себебі ауаны 10 есе ылғалдандырады.
Терек фитонцидтік қасиетке ие болғандықтан, ауру тудыратын микробтарды жояды. Терек өз бойында ауыр металы бар шаң-тозаңды жақсы ұстайды. Жапырағы түсіп қалған теректің өзі газды бойына сіңіру қасиетін де сақтап қалады.
Теректер ауадан, судан жапырақтары, сабақтары мен тамырларында әртүрлі метал оксидтерін және адамға зиянды заттарды сіңіріп, сақтайды. Мысалы, теректер күкірт қосылыстарын ұстап қалуда өте тиімді. Ауаны жақсарту мақсатында 7 шырша, 3 әк немесе 4 қарағайдың орнына 1 терек отырғызуға болады.
Терек өте берік. Бұл аязға төзімді, қарапайым, тіпті нашар экологияға бейімделе алады. Егілгеннен кейін бірінші жылы мол суару жеткілікті.
Биіктігі жылына 3-4 метрге дейін өседі. Кемінде 80-100 жыл жасайды.
«Алматы Верный қаласы атанып тұрған кезде бізге шетел ғалымдары келген еді. Олар Верный қаласына міндетті түрде тек теректер егу қажет деген қорытынды жасаған. Себебі қала сайда орналасқан. Ал ауа ағыны таудан келетіндіктен, тек қана жоғарыдан өтеді.
Ал теректердің аэродинамикалық әсері бар, яғни ағаш көмірқышқыл газын воронка түрінде айналдырып, оны төмендетеді. Егер теректер қаланың айналасында шам сияқты тұрса, ауа ағыны тазартылады. Мұны қарағай да, шырша да, катальпа да, қарағаш та жасай алмайды», дейді Ж.Жиембаев атындағы Қазақстан өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ормандар мен ағаш екпелерін қорғау тобының жетекшісі Нұржан Мұхамадиев.
Алматыда қазір де терек көп. Мысалы, Сейфуллин даңғылының бойында «Алматы-1» темір жол вокзалының жанында қазақстандық теректердің аллеясы бар. Түбіті жоқ ағаштар әрі көлеңке, әрі әдемі.
АЛМАТЫ