2020 жылғы 21 қарашада сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы «Halal brothers» дәмханада газ баллон жарылғаны, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен болатын.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12.32-де келген бойда жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталды. Сонымен қатар 20 шаршы метр көлемде жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың шатыры жанған. Қирау 100 шаршы метр көлемінде орын алған (құрылыстың жалпы көлемі 600 шаршы метр). Жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлаған.
Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонды шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылғы қызды құтқарды, ол жабық ми зақымын алған. Өкінішке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылы туған әйел қаза тапты.
Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен адамдардың барлығы дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келді.
Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді. Апаттық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс жасады.
Қала әкімдігі және Төтенше жағдайлар департаменті адамдар тоңып қалмауы үшін КУНГ-көлігі мен автобус жіберді.
Оқиға орнында халыққа психологиялық көмек беру және ақпараттық қолдау үшін қауырт желі телефоны жұмыс істеді. 8-7172-24-51-71 и 8-7172-24-51-47. Оған 11 қоңырау түсті.
Жалпы төтенше жағдайды жоюға Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығынан, Полиция департаментінен, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 172 қызметкер мен 56 бірлік техника жұмылдырылды.