• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Қараша, 2020

Бес жылда атқарылған жұмыс айқындалды

247 рет
көрсетілді

XX съезд қарсаңында пар­тияның Орталық аппаратында Nur Otan партиясының Сая­си кеңесінің отырысы өтті. Қатысушылар бейнеконференция байланысы арқылы ұйымдастыру мәселелерімен қатар, партияның соңғы 5 жыл­­дық қызметін қоры­тын­ды­лады.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Nur Otan-ның бесжылдық жұмысын қорытындылай келе, партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі сайлауалды бағдарламаны бақылау мен «кері байланыстың» пәрменді тетігі болғанын атап өтті. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Nur Otan 2014 жылы елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасы аясында қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмесін, веб-портал ашып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы коммуникацияның жаңа арналарын енгізе бастады.

«5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 млн адам жүгінді, оның 30%-ы өтініштерін онлайн жолдады. Өтініштердің 92%-ы бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады. Өтініштердің 72%-ы оң шешімін тапты, 28%-ы бойынша түсіндірмелер мен қажетті кеңестер берілді», деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, пандемияға қара­мастан, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы онлайн форматта жалғасып, электронды түрде 339 мың өтініш қабылданған.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өсуде. Қиын-қыстау жағдайға тап болған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «111 шұғыл қызмет» байланыс орталығы іске қосылды. 2 айдың ішінде 3 мыңнан астам өтініш бойынша құқықтық кеңестер беріліп, психологиялық көмек көрсетілді. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүйелі жүзеге асырудың көрінісі», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Осы орайда, ол Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясы нақты әлеуметтік топтардың мәселелерін жобалық тәсіл негізінде шешетінін атап өтті.

Мәселен, «Ардагерлерді ардақ­тайық» жобасын жүзеге асыра отырып, ардагерлер мен тыл еңбек­кер­лерінің 200 мыңнан астам әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілді. «Ба­қыт­ты отбасы» жобасы аясында 1300-ден астам білім беру, денсау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг жүргі­зіл­ген, бала құқықтарын қорғау және тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы тұру тұрғысынан заң жобаларына 45 ұсыныс енгізілді.

«Кедергісіз келешек» жобасының арқасында ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, 24 мыңнан астам нысан соларға ыңғайландырылды. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзивті кабинет ашылды.

«Елбасы, партия көшбасшысы Н.Назарбаев қойған міндеттердің шешілуін, алынған міндеттемелердің орындалуын бақылауды Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі республикалық қоғамдық кеңес іске асырады. Соңғы 5 жыл ішін­де партиялық басты органдар түрлі мемлекеттік және партиялық орган­дарға 800-ден астам ұсыным әзірледі. Мәсе­лен, Партиялық бақылау комите­тінің араласуымен 9,3 мың медицина қызметкеріне өтемақы төленді», деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те партия үшін принципті мәсе­ле болып қала береді. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық кеңес Jas Otan Жастар қанатымен бірлесіп, жоғары оқу орындары мен колледждерді тексерді. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам студенттің жатақханалардағы өмір сүру жағдайы жақсарды. «Жас­тар – Отанға!» бағдарламасы аясын­да соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам жас буын жұмысқа тұрды. Жас­тар бастамаларының мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысын қаржылан­дыру 2,5 есе өскен.

Nur Otan партиясы қоғамдық-саяси ұйымдардың ішінен алғашқылардың бірі болып пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы тұрды. Елбасы, Nur Otan партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры 2,2 млн-нан астам адамға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсетті. Халықтың неғұрлым аз қорғалған топтарына жататын 100 мың отбасына 5 млн медициналық мас­ка тегін таратылды. 1 млн-нан астам адам 4,4 млрд теңге сомаға бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азамат­тарға арнап 32 үй салынып, 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді», деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбектің айтуын­ша, пандемия мен күрделі эконо­ми­калық ахуалға қарамастан, партия бел­сенді жұмыс жүргізді, өзінің бар­лық әлеуметтік сайлауалды мін­деттемелерін орындап, сайлау­шылардың сенімін нығайтқан. Ашық­тық пен есептілік қағидаттарын бас­шылыққа ала отырып, Nur Otan 2014 жылдан бастап жыл сайын БАҚ-та шығыстардың барлық баптарын көр­сете отырып, қаржылық есебін жариялап келеді. Партия бастамасымен Есеп комитеті екі рет тексеру жүр­гізіп, барлығы қолданыстағы заңна­маға сәйкес келетінін анықтады.

«Көшбасшылықты сақтау үшін уақыт талабына жауап бере отырып, өзгеру қажет. Елбасы айтқандай, Nur Otan одан әрі дамуды жалғастыра беруі тиіс. Сондықтан өткен жылы партия басшысының тапсырмасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жаң­ғыр­ту бағдарламасы қабылданды. Билік­тің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруға байланыс­ты шаралар қолға алынып, партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының жұмы­сы жандандырылды. «Партия қатарын тазарту» аясында Жарғы мен Этика кодексін сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 240 мыңнан астам адам, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы үшін 610 адам партиядан шығарылды. Өз кезегінде Nur Otan праймеризі еліміз үшін елеулі саяси оқиғаға айналып, іс жүзінде «Мықты лидерлер – мықты партия» формуласын іске асырды», деп қорытындылады Б.Байбек.

Саяси Кеңес отырысы барысында Павлодар облысынан жас ғалым Ирина Чидунчи партияішілік сайлауға қатысты пікірін білдірді. «Барлық павлодарлық әйелдер атынан Елбасымызға ауқымды жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғы­сымды білдіріп, елдегі болып жатқан өзгерістерден сырт қалмай­ты­нымызға, Қазақстанды бірге өркен­дету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтынымызға сендіргім келеді», деді И.Чидунчи.

Түркістан облысынан праймеризге қатысқан Бекарыс Шойбековтің айтуын­ша, биылғы праймериз қарапайым азаматтардың саясатқа араласуына жол ашып, қоғам тарапынан жоғары бағаланған.

«Бүгін Nur Otan партиясы өз жұ­мы­­сына жаңа формат енгізді, оны көріп отырмыз. Тұңғыш рет рес­пуб­­ликалық ауқымда праймериз өткізілді. Сондай-ақ әрбір өңір, қала және аудан бойынша дайындалған 216 сайлауалды бағдарлама халық арасында жан-жақты талқыланды. Бұның барлығы – Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партия­ны «қайта жандандыру» жөніндегі бастамасының арқасында жүзеге асты. Nur Otan нағыз халықтық партия екенін дәлелдеді», деді Саяси кеңес мүшесі Бақытжан Жұмағұлов.

Саяси кеңес отырысының қоры­тындысы бойынша Үкіметтің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебі алдын ала мақұлданды, партияның Жарғысы мен Саяси доктринасына енгізілетін өзгерістер қаралды. Праймериздің 78 жеңімпазы енген Мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ жұмыс органдарының құрамы мен партияның кезектен тыс XX Съезінің күн тәртібі бекітілді.